Өзекті мәселелер

  • 21.03.19

    «Бір қозы туса, бір түп жусан артық шығады». Осы тәмсілге сүйеніп, бала басын көбейткенді жөн санайтын қазақ елінде көпбалалы отбасылар саны 400 мыңға жақындайды. Оларға мемлекет тарапынан арнайы жәрдемақылар тағайындалып, жеңілдіктер қарастырылған. Алайда нарықтың қос бүйірден қысып тұрған шағында мардымсыз қаражат бастан башпайға дейін жетпейтіні үнемі айтылып келеді. Соның салдары еліміздің ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Үкіметтен басталған ауыс-түйіс жергілікті билікке де жеткен секілді. Ескерте кететін жайт, Қызылорда қалалық әкімдігінде «ат ауыстыру» жиі-жиі болып тұрады. Тіпті, «бір жарым ай ғана басшылық қызметте отырып, өзге салаға кете салу да оп-оңай ма?» деп қалдық. Енді заңды сауал туындап отыр. Жергілікті билікте кадр тапшылығы бар ма? Егер бұлай болмаса, қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев бөлі...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Арық адамнан гөрі артық салмағы бар адамның мұңы басым. Ал ол әйел болса, тіпті, белгілі жайт. Қыс көрпесін түргеннен қыз біткен қысыла бастайды. Қызылды-жасылды киімге сай сымбатты қалайды. Әйел затының әу бастағы сұлулыққа құштарлығы дәл осы сәтте сынға түседі. Арығудың жолында диета ұстайды, фитнес клубқа барады. Алайда  салмақтан арылу үшін  денсаулықты бәйгеге тігу дұрыс па? «Тұмар...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    «Болар бала он бесінде баспын» десе, басқасының отызында не дейтінін баршамыз білетін шығармыз. Даналардың «ақыл жастан шығады» деуі тегіннен-тегін емес. Дарынды балалардың көптігінен еліміздің болашағын көруге болатындай. Кешегі Мағжандар жастарға сенім артқанда сенімге селкеу түсірмейтіндердің барын білді емес пе? Үдеден шыға алмай, беті қызарақтағандарды Терек төрелер қамшымен ұрып, ...

    Толығырақ...
  • 21.03.19

    Кемпір-шал осылай күйбеңдеп жатқанда Иванов бастаған жырындықор атаймандар жұп жазбастан кер даланың шаңын бұрқыратып барып, қалың жыңғыл жынысына кіріп жоқ болды. Бұл алап оңаша. Иванов тұрақтандырған бәрінің бөксе басар ұясы. Бастары аң-құс тегіс семіретін күзге қарай бір-бірімен хабарласып, осы бекетте тоғысып тұрады. Бұрынғының адамдары аң-құсты қақпанмен, тұзақпен аулайтын. Беріде орыстар ...

    Толығырақ...
Халық-хабар
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына үндеуі
20.03.2019 09:40

Құрметті қазақстандықтар, отандастар!

Ардақты ағайын!

Қадірлі әріптестерім,«Нұр Отан» партиясының мүшелері!

Мемлекетіміздің аса маңызды тарихи сәттерінде халқыма үндеу жолдайтынымды білесіздер.

Бүгін де баршаңызға үндеу жариялағалы отырмын.

Бірақ, бүгінгі үндеудің маңызы зор.

Мен Қазақстан Республикасының Президенті ретіндегі өкілеттігімді тоқтату жөнінде шешім қабылдадым. Бұл ­– оңай шешім емес.

Биыл еліміздің ең жоғары лауазымындағы қызметімді атқарып келе жатқаныма 30 жыл толады.

Халқым маған тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті болу мүмкіндігін берді.

Кеңес империясы құлаған сәтте біздің саясатымыз бен экономикамыз құлдырап қалды. Ел ішінде қобалжу мен түсініксіз жағдай орын алды.

Ішкі жалпы өнім екі есе қысқарды, азық-түлік пен халық тұтынатын тауарлардың тапшылығы айқын сезілді. Бір мезетте ірі зауыттардың бәрі тоқтап қалды. Дүние төңкеріліп кеткендей көрінді.

Бұл сынақ болатын. Біз одан сүрінбей өтіп, дамудың қазақстандық жолын салуға белсене кірісіп кеттік.

Біздің үштұғырлы міндетіміз – нарықтық экономика құру, тоталитарлық идеологиялық жүйені бұзу және қоғамның барлық институттарын жаңғырту болды. Біз мұны заманауи демократиялық мемлекет – Қазақстан Республикасын құру үшін жасадық.

Біз әлсіз экономикамен және жағдайы жоқ азаматтармен демократиялық институттар қалыптастыру мүмкін болмайтынын түсініп, экономиканы дамыту және азаматтардың әл-ауқатын арттыру ісіне баса мән бердік. Соның нәтижесінде экономикамызды 15 есе, ал халықтың табысын 9 есе (доллармен есептегенде) арттырып, кедейшілік деңгейін 10 есеге жуық қысқарта алдық.

Біз 2007-2012 жылдардағы ауқымды әлемдік қаржы дағдарысын қоса алғанда, кездескен қиындықтардың бәрін ешкімнің көмегінсіз және табысты еңсере білдік.

Қазақстан аграрлы экономикадан өнеркәсіптік-сервистік экономикаға өтті. Елді индустрияландыру және урбанизациялау процесі жүріп жатыр. Шикізат секторына әлемнің ірі инвесторлары келді.

Соның арқасында мұнай-газ секторындағы күрделі жобаларды жүзеге асыра алдық.

Шикізат ресурстары есебінен қазақстандықтардың болашақ ұрпағы үшін қор құрылды. Қазақстан жаһандық экономиканың ажырамас бөлігіне айналды. Инвестиция тартып, әлемнің барлық дерлік елдерімен сауда-саттық жүргізіп келеміз.

Еліміздің жаңа инфрақұрылымдық діңгегі бой көтерді. Елдің барлық өңірін автомобиль жолдары мен темір жол желісі байланыстырады. Ал, авиация маршруттары әлемнің түкпір-түкпіріне баруға мүмкіндік беріп отыр.

Қазақстан тек аумағы жағынан ғана ірі мемлекетке айналған жоқ. Бүгінде азаматтарымыздың саны 18 миллионнан асты. 20 миллионға жететін күн де алыс емес.

Біз әлемдегі озық дамыған 50 елдің қатарына қосылдық. 2050 жылға дейінгі даму бағдарламасы әзірленді. Мақсатымыз – озық дамыған 30 елдің қатарына ену.

Біз қираған КСРО-ның орнында заманауи нарықтық экономикасы бар, табысты Қазақстан мемлекетін құрып, көпұлтты және көпконфессиялы елімізде бейбітшілік пен тұрақтылықты қалыптастырдық. Көпғасырлық тарихымызда алғаш рет Қазақстан Республикасының халықаралық-құқықтық тұрғыдан мойындалуын қамтамасыз еттік. Мемлекет ретінде бедерленбеген Қазақстанды әлем картасына енгіздік. Біздің өз Туымыз, Әнұранымыз, Елтаңбамыз бар.

Біз 90-жылдардағы ең күрделі кезеңде «Болашақ» бағдарламасы бойынша мамандар даярлау ісін қолға алдық. Жастардың лайықты білім алып, әлемдік тәжірибені зерттеуіне мүмкіндік туғыздық, сондай-ақ олардың елімізге өз пайдасын тигізуіне жол аштық.

Жаһанды дағдарыс жайлағанына қарамастан, біз Астанада әлемдік деңгейдегі университет ашып, зияткерлік мектептер салдық. Егемендікке ие болған  жылдарда дүниеге келген жастарымыз мемлекет қамқорлығын бағалай біледі деп сенемін. Олар – тәуелсіз Қазақстанның түлеп ұшқан жас қырандары.

Жастардың елімізді қорғап, оны нығайта түсетініне, өздерінің бар білімі мен күш-қуатын Отанымызды өркендетуге жұмсайтынына сенімдімін.

Еліміздің тарихында алғаш рет өз елордамызды тұрғыздық. Астана – барлық жетістіктеріміз бен жеңістеріміздің жарқын көрінісі.

Осының бәрін сіздермен бірге жасадық, құрметті қазақстандықтар.

Осы жылдарда өткен барлық сайлауларда сіздер маған сенім артып, бастамаларыма қолдау білдірдіңіздер. Маған ұлы халқыма, туған жеріме қызмет ету бақыты бұйырды. Баршаңызға – халқыма зор ризашылығымды білдіріп, басымды иемін.

Осындай қолдаудың арқасында сіздердің сенімдеріңізді ақтау үшін мен бар күш-жігерімді, денсаулығымды, уақытымды аямай адал қызмет еттім.

Өздеріңіз білесіздер, заңдарымызға сәйкес мен Тұңғыш Президент – Елбасы (Ұлт көшбасшысы) мәртебесіне ие болдым. Елеулі өкілеттігі бар Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы ретінде қызмет ете беремін. «Нұр Отан» партиясының Төрағасы, Конституциялық Кеңестің мүшесімін.

Яғни өздеріңізбен бірге боламын. Еліміздің, халқымыздың қамы – менің мүддем болып қала береді.

Тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ретіндегі алдағы міндетім – басшылардың жаңа буынының билікке келуін қамтамасыз ету. Олар елімізді жаңғырту процестерін жалғастыратын болады.

Қазақстандағы билік сабақтастығы конституциялық тұрғыдан реттелген. Президенттің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда оның өкілеттігі қалған мерзімі аяқталғанға дейін Сенат төрағасына беріледі. Содан кейін жаңа Президент сайлауы болады.

Қазір Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев. Оны сіздер жақсы білесіздер. Ол Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының түлегі, ғылым докторы. Ағылшын және қытай тілдерін еркін меңгерген. Басшылық лауазымдарда қызмет етіп, мол тәжірибе жинады. Еліміздің сыртқы саясатының қалыптасу жылдарында Сыртқы істер министрі, Премьер-Министрдің орынбасары және Премьер-Министр, Сенат Төрағасы болды. Елімізді, оның экономикасы мен саясатын жетік біледі.

Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас хатшысының орынбасары болып жұмыс істеді. Бұл – оның дипломат ретінде сіңірген еңбегінің және Қазақстанға деген зор сенімнің жемісі.

Ол Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап менімен бірге жұмыс істеп келеді. Мен оны жақсы білемін. Ол – адал әрі жауапкершілігі жоғары азамат. Еліміздің ішкі және сыртқы саясатын жан-жақты сезінеді. Ол барлық бағдарламаларды әзірлеуге және қабылдауға атсалысты.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Қазақстанды басқаруға нағыз лайықты азамат деп сенемін.

 

Құрметті отандастар!

Біз әлемнің бір орында тұрмай, үнемі өзгеріп жатқанын көріп отырмыз.

Жаңа мүмкіндіктермен қатар жаһандық жаңа технологиялық және демографиялық сын-қатерлер туындап, әлемдік тәртіп тұрақсыздана түсуде.

Әрбір ұрпақтың атқаратын өз міндеттері бар. Мен және менің замандастарым еліміз үшін қолдан келгеннің бәрін жасадық.

Оның нәтижелері өздеріңізге белгілі. Әлем өзгеріп, жаңа буын келеді. Бұл – табиғи процесс. Олар өз заманының проблемаларын шешетін болады. Сондай-ақ, елімізді одан әрі өркендету үшін бар күш-жігерін жұмылдыруға тиіс.

Әлеммен бірге біз де өзгеруге тиіспіз. Жас қазақстандықтарға айтарым: тәуелсіз Қазақстанымызды, ортақ Отанымызды, Мәңгілік елімізді сақтай біліңіздер. Бұл – біздің халқымыз, біздің ұлы бабаларымыздың жері. Отанымыз да, жеріміз де бір.

Халқымыздың достығы мен бірлігін, бір-бірімізге деген сенімді сақтап, еліміздегі әрбір азаматтың төл мәдениеті мен дәстүрін құрметтей біліңіздер.

Сонда ғана біз мықты болып, сын-қатердің бәріне төтеп береміз.

Сонда ғана біз өркендейтін боламыз.

 

Құрметті қазақстандықтар!

Менің отандастарым!

Мен бүгінгі сөзімді сіздердің әрқайсыңызға арнаймын.

Еліміздің алдында ауқымды міндеттер тұр. Жетістікке жететінімізге сенемін.

Мен Қазақстанның болашағын қалай елестетемін?

Болашақ қазақстандықтар білімді, үш тілде сөйлейтін, еркін адамдардың қоғамын қалыптастыратынына нық сенімдімін.

Олар – әлемнің азаматтары. Олар дүниені шарлайды. Олар жаңа білім алуға құштар. Олар – еңбексүйгіш. Олар – өз елінің патриоттары.

Қазақстан 2050 жылы жалпыға ортақ еңбек қоғамына айналады деп сенемін.

Бұл – бәрі де адам игілігі үшін жасалатын, экономикасы мықты мемлекет. Оның білім саласы да, денсаулық сақтау саласы да үздік болады. Онда бейбітшілік пен тыныштық салтанат құрады. Азаматтары еркін әрі тең құқылы, ал билігі әділетті болмақ. Мұндай елде заң үстемдік етеді.

Мен дұрыс жолмен келе жатқанымызға сенімдімін. Бізді тура жолдан ештеңе де тайдыра алмайды.

Егер біз күшті болсақ, бәрі де бізбен санасады.

Егер біз әлдеқандай күшке немесе басқа біреуге үміт артсақ, қол жеткізген жетістіктің бәрінен айрыламыз.

 

akorda.kz

 
КӘСІПКЕРЛЕРДІ КӨПБАЛАЛЫ ОТБАСЫЛАРҒА КӨМЕК КӨРСЕТУГЕ ШАҚЫРДЫ
20.03.2019 09:30

Облыс әкімі Қ.Көшербаев кәсіпкерлерді аз қамтылған жанұяларға көмек көрсету шараларына белсенді атсалысуға шақырды және тұрмысы төмен отбасыларға көмек беруге қатысты бірқатар шараларды ұсынды.

Жиынды ашқан аймақ басшысы Наурыз мерекесімен құттықтап, Ұлыстың ұлы күнінде қазақ халқында қалыптасқан игі дәстүр бойынша қолдауды қажет етушілерге көмектесіп, тамақпен қамтамасыз етіп, жетімдер мен науқастарға қайырымдылық көмек көрсетілетінін атап өтті.

"Үкімет тіпті ең күрделі кезеңдерде де өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындады. Елімізде әлеуметтік шығындар деңгейі үнемі жоғары болған және алдағы уақытта да ұлғаятын болады. Бүгінгі күні әлеуметтік салаға жыл сайын облыстық бюджеттің орта есеппен 60% бөлінуде. Сонымен қатар, әлеуметтік саясат дұрыс жүргізілуі тиіс, өйткені масылдық көзқарастың өсуіне жол берілмеуі керек. Адамдарға күндерін өздері көру үшін жұмыс беру қажет. Көмек аса мұқтаждарға ғана берілуі  тиіс»,-деді аймақ басшысы.

Өңірдегі аз қамтылған отбасыларды әлеуметтік қолдау аясында осы саладағы проблемалық мәселелер анықталып, жұмыс алгоритмі әзірленді. Аймақтағы әлеуметтік аз қамтылған отбасылардың, яғни көп балалы жанұялар, жалғыз басты аналар мен мүмкіндігі шектеулі жандардың нақты санын анықтау және өзектендіру мақсатында (аулаларды аралау) талдау жүргізілді.

Осындай әрбір отбасына облыстың барлық ірі және орта кәсіпорындары, бизнесмендері, сондай-ақ, шенеуніктері жауапты ретінде бекітіліп, оларға нақты қандай көмек қажет екені анықталады.

Сонымен қатар, осы жанұялардың еңбекке жарамды мүшелерін (әкесі, анасы, үлкен ұлы, қызы) жұмыспен қамтуға (жұмысқа орналастыру, қайта оқыту, өз кәсібін ашуға) ықпал жасап,  отбасындағы кемінде бір  баланы тегін оқытуға жәрдем көрсетіледі.

"Яғни, болашақта бұл отбасы материалдық жағдайын түзеп,  аяғына тұруы үшін барлық жағдай жасаймыз. Бұл жұмысты Қызылорда қаласында бастап кеттік. Қазір аталмыш шараларға барлық аудан әкімдіктері де қосылатын болады. Және де өңірлік «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлік Палатасы кәсіпкерлердің осы іс-шараға белсене қатысуына бастамашы болуы қажет. Егер Сіздер қайырымдылық көрсетуді қолайсыз және қажет емес деп санасаңыздар, біз ешкімді мәжбүрлемейміз»,-деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде, бизнес өкілдері облыс әкімінің бастамасын қолдап, мұқтаждарға көмектесу - олардың азаматтық борышы  екенін айтты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
НАУРЫЗБӨРІК ТАБЫЛДЫ
18.03.2019 16:55

Сүйінші!

НАУРЫЗБӨРІК. Сипаты: бөріктің бір түрі болғанымен негізі қалпақ пен бөрікті біріктіріп жасағандай әсер бар; бұл – ай мен күннің, Күн мен Түннің бірлескенін, теңескенін білдіреді; қалпақтың аласа етегі жоғары қарай бұрыш жасай қайырылған, түймелер немесе тастармен әшекейленген; бөрік етегі бағалы терімен көмкерілген. Наурызбөрік төбесі күннің қызуын білдіретіндей қызылтүсті болмаса жеті түспен құрақтап тігуге де болады. Аталмыш баскиім Алтынорда дәуірінен қалған орыс ерлерінің баскиімі тізімінде суретімен жүр. Бірақ атауы – наурыз.

 

Серік  Ерғали,

наурызтанушы,

Астана  қаласы

 
Туберкулезге шалдығу азайып келеді
18.03.2019 16:20

Қызылордада туберкулезбен ауыратын адамдар саны азайып келеді. Бұл туралы облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзімұлы БАҚ өкілдерімен өткізілген баспасөз турында мәлімдеді.

- Облысымызда туберкулезге қарсы бағдарламаның бақылауы жүргізілуі нәтижесінде туберкулезбен аурушаңдық көрсеткіші жыл сайын төмендеуде. 2017 жылы 460 науқас бұл аурумен алғаш рет ауырып тіркелсе, 2018 жылы 422 науқас тіркелген, соған сәйкес аурушаңдық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 59,2-ден 53,6-ға төмендеді. Балалар арасында 14,2-ден 8-ге, ал жасөспірімдер арасында 83,8-ден 76-ға кеміді. Өлім-жітімділік те азайды, - деді Ә.Әбләзім.

Бұрындары жазылмас ауру көрінгенімен, бүгінгідей медицинаның дамыған заманында «құрт ауруына» қарсы күресіп, жеңуге болатынын көзіміз көріп келеді. Мамандардың айтуынша, туберкулезге шалдыққан жағдайда көбіне өкпеге зиян келеді. Ал лимфалық түйіндер, сүйек пен буын, кеңірдек тарамы, бүйрек, ішек, ми, көз сияқты өзге де ағзалардың зардап шегуі сирек кездесетін жайт. Аурудың жұғу жолдарын тілге тиек еткенде мына маңызды ақпараттарды есте сақтаған жөн. Туберкулез киім, кітап, ыдыс-аяқ, жиһаз және басқа да дүниелер мен заттар арқылы жұқпайды. Инфекцияның негізгі таратушысы – сөйлегенде, түшкіргенде және жөтелген кезде айналасына туберкулез микобактерияларын шығаратын өкпе туберкулезінің ашық түріне шалдыққан науқас адам. Тыныс алғанда тамшылар іспетті (аэрозольдер) ТМБ адам өкпесіне енеді, сондықтан мұндай шалдығу жолы жұртшылыққа ауа жолымен шалдығу деген атпен таныс. Егер сіздің иммунитетіңіз мықты болса, ағзаға түскен микобактериялар дерт тудырмайды, бұл – тек ағзаның жұқтыру кезеңі. Ауа – жалпыға ортақ. Дәл осы себепті де туберкулез микобактерияларын жұқтырып алудан ешкім сақтандырылмаған. Індеттің өршуі немесе жетілуінің негізгі факторларына иммунитеттің нашарлауы жатады. Ал иммунитеттің әлсіреуіне АИТВ, қант диабеті, жаман әдеттер (шылым тарту, ішімдік), нашақорлық, жиі күйзеліске түсу, дұрыс, жүйелі тамақтанбау себеп болады. Десе де «сақтансаң, сақтайды», әр адам өз денсаулығына жауапкершілікпен қарайтын болса, көптеген аурулардың алдын алу мүмкіндігіне ие болар еді.

Облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзімұлының мәліметіне сүйенсек, былтыр туберкулезге күдікті 3605 науқас молекулярлық-генетикалық әдіспен Джейн-эксперт әдісімен тексеріліп, соның 443-інен туберкулез анықталған. 2019-2020 жылдарда аталмыш дертке күдікті науқастарды молекулярлық-генетикалық әдіспен қамтуды 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр екен. Ал Джейн-эксперт аппаратының кортриджі Жаһандық қордан және жергілікті бюджеттен қаржыландырылуда. ҚР Үкіметінің қаулысына сәйкес Сыр өңірінде туберкулезді біріккен (интеграцияланған) бақылау стратегиясы толығымен жүзеге асырылған. Вертикальді интеграция арқылы облыста туберкулезге қарсы қызмет бір заңды тұлғамен басқарылуы қажет, сондықтан аудандардағы стационарлық бөлімдер Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған аудандарында жабылып, Қармақшы, Сырдария аудандарының стационарлық бөлімдері облыстық туберкулезге қарсы диспансеріне қосылған.

Туберкулезге шалдыққан адамдар арасында емнен жалтарғандар да бар. Қуанышымызға орай, 2014 жылдан басталған психоәлеуметтік көмектің нәтижесінде емнен жалтарған науқастар саны 39-дан 16-ға азайған. 2017 жылы 1490 науқас, былтыр 1507 науқас әлеуметтік көмек алған. Сырқаттанған әрбір адамға ай сайын берілетін қаржылай көмек 24 050 теңгені құрайды, яғни 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде.

Айта кету керек, Қызылорда қаласында амбулаториялық ем алып жатқан туберкулез бактериясын бөлмейтін немесе дәрігердің тәуліктік бақылауын қажет етпейтін стационарлық ем алуға мүмкіндігі жоқ босануға дейінгі және босанғаннан кейінгі кезеңдегі әйелдер, мектеп жасына дейінгі балалары бар әйелдер, мүмкіндігі шектеулі науқастарға 2 мобильді топ ұйымдастырылған. Аталмыш топ қажетті дәрілерді сырқаттанған кісілердің үйіне жеткізіп берумен айналысады. Сондай-ақ, өз үйінде ем алуға да жағдай жасалған. Өткен жылы үй жағдайында 26 науқас ем қабылдапты.

Ж.ҚОЙШЫБЕКОВА

 
Аңыздың ақыры
18.03.2019 10:40

Аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен «COWORKING» орталығында «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы аясында Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақстанның Халық жазушысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, қазақ әдебиетінің классигі, мемлекет және қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» атты романы бойынша оқырмандар конференциясы өткізілді.

Биылғы жылдың «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясына Әбділдә Тәжібаевтың поэзиясы мен Әбіш Кекілбаевтың «Аңыздың ақыры» романы таңдалған болатын. Ұлттық әдебиетіміздегі ең үздік деген туындыларды оқу және насихаттау, оқу ісін ілгерілету, рухани мұрамызды сақтау, жастарды отаншылдыққа әрі өнегелілікке тәрбиелеу мақсатын көздеген аталмыш акция көпшіліктің ерекше ықыласына бөленуде.

Шараға ҚР білім беру ісінің үздігі Қадірбек Бекетов, ардагер ұстаздар Жеткербай Махамбет, Айжаһан Ысқақ, ҚР Журналистер одағы сыйлығының лауреаты Жұмабек Табынбаев, орталық кітапхананың кітап қорын толықтыру бөлімінің меңгерушісі Мағрипа Елдесбай, мектеп мұғалімдері мен оқушылар, кітапханашылар қатысып, жазушы өмірінен кеңінен мағұлмат беріп, шығарма төңіргінде өз ойларын ортаға салды. Конференция барысында Ә.Кекілбаев туралы оқырмандарымыз қаншалықты білетіні жайлы сұрақ-жауап алынды. Сонымен қатар, оқырмандар тарапынан романның қазақ әдебиетіндегі алатын орны сөз етіліп, оқушылар роман құндылығын, терең мазмұндылығын жеткізе білді.

Оқу залында «Кемел елдің кемеңгер қаламгері» атты тақырыптық кітап көрмесі және слайд дайындалып, жазушы өмірі мен шығармашылығынан бейнекөрсетілім оқырмандар назарына ұсынылды. Кешті аудандық орталық кітапхана директоры Индира Әбілқасымқызы қорытындылап, шараға қатысқан қонақтарға жылы лебізін білдіріп, белсенді жастарды алғыс хатпен марапаттады.

 

Ж.Айдарбекұлы,

Қазалы  ауданы

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Желтоқсан 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30
31            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары