Өзекті мәселелер

  • 17.01.19

    Марат  ӘЙТІМОВ:

    Қас талант тасада қалмайды. Түптің түбінде танылары хақ. Күндердің күні маңдайы жарқырап, жұлдызы биіктей түсетіні белгілі. Сөйтіп, аты мәшһүр адамға айналары сөзсіз. Бұған мыңдап мысал келтіруге болады. Айталық, миллиардтаған қытайды мойындатқан, әлемдік «мен» деген өнер майталмандарының өзі құрметпен ...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Қызылордалықтар қашанда күн суыта бастасымен жандарын шүберекке түйіп отырады. Бұрыннан-ақ тосыннан келетін апат халықты дүрліктіріп қойған. Дария суының арнасынан асып, елге төндірер қаупін айтамыз. Бұл үшін жыл сайын бюджеттен қыруар қаржы да бөлініп келеді. Арнайы бөгеттер салынып, мұз жару жұмыстарына дейін ел қазынасынан ақша шығарылады. Иә, табиғаттың тосын мінезін біліп болмайсың. Десе д...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Халық арасында білім саласына қатысты айтылатын сын көп. Әсіресе, жұмыс іздеп, мұғалім болу­ды армандайтындар, тіпті, еден жуушы болып жұмыс істегісі келетіндерден «мектептің ставкасы мынанша» дегенді естіп жүрміз. Алғашында сенбейтінбіз. Өркениетке қадам басқан елімізде еден жуушыдан пара сұрамайтын болар деп ойлайтынбыз. Бірақ дәл сондай жағдаймен бетпе-бет келгендердің бар екені жасырын емес...

    Толығырақ...
  • 17.01.19

    Баспанасыз жүргендердің бағы жанатын болды. Талайдың табал­дырығын тоздырып, пәтерден-пәтерге көшіп жүрген отбасылар енді өз елінен пана табады десек те қателеспейміз. Тек жиған-тергеніңіз қалтаңызда емес, банк есепшотында болса болғаны. Естеріңізде болса­, өткен жылы Қызылорда облысы әкімі Қ.Көшербаев халық алдындағы жылдық есеп беру кездесуінде:

  • 17.01.19

    Әрдайым әдемі болып жүруді қалайтын қыз-келіншектер киім үлгісіне келгенде ерекше талапшыл. Тіпті кейбір сұлулар үшін құрбы­ла­рының үстіндегі жейде немесе көрші­сінің спорттық белдемшесінің өзіні­кімен бірдей болуы «ғаламдық проб­лемамен» пара-пар. Мұндай көрі­ніс­ке сіздің де жиі куә болып жүрге­ніңізге сенімдіміз. Байқағанымыз, бұрымдылар өзгеше болуға ұмтылады. Бүгінде талғампаз бойжеткенде...

    Толығырақ...
Халық-хабар
«Сатып алуда» да сыбайластық бар
17.01.2019 17:50

Елдің бәсекеге қабілетін төмендетіп, мемлекет пен қоғамның тұрақтылығына, республиканың халықаралық аренадағы «келбетіне» кері әсерін тигізеді. Тақырыпқа тұздық болып отырған сыбайлас жемқорлықпен күрес жайлы Елбасы аз толғап жүрген жоқ. БАҚ беттерінде де жиі көтерілетін мәселе. Президент Н.Назарбаев Қазақстан халқына Жолдауында «Жаңғыртудың ең басты мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл бағытта біздің жасаған әрекеттеріміз мемлекеттік аппараттағы жемқорлықтың деңгейін төмендетті. Оны халықаралық сарапшылар да атап өтті. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын дайындау қажет. Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ескерту үшін қоғамды, ақпараттық мүмкіндіктерді, жаңа құқықтық тетіктерді пайдалану керек. Басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделеу және пайдалану қажет» деп қадап айтқан болатын.

Жең ұшынан жалғасатын сыбайлас жемқорлық мәселесі Сыр өңірінде де тамырымен жойылып кетпеді. Жыл сайын жауапты органдар хабарлайтын ақпараттар сөзіміздің айқын дәлелі. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысы Абзал Мұхимов БАҚ өкілдеріне берген брифинг барысында осы саладағы дәйекті деректерді тілге тиек етті.

Абзал Сансызбайұлының сөзінше, 2018 жылы Қызылорда облысы көлемінде сыбайлас жемқорлық сипатындағы 139 қылмыс тіркелген. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында – 108, Арал ауданында - 10, Қазалыда - 7, Шиеліде - 6, Қармақшы, Жаңақорған аудандарында - 3-еуден, Жалағашта 2 қылмыс тіркелген. Ал Сырдария ауданында ешбір қылмыс тіркелмеген екен.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының облыстық департаментімен тіркелген қылмыстарды салалар бойынша жіліктеп шығыпты. Сыбайлас жемқорлық қылмыстары мемлекеттік сатып алу саласында ең көп орын алған.

  • мемлекеттік сатып алу саласы - 38 қылмыс;
  • құрылыс саласы - 29 қылмыс;
  • қорғаныс істері саласы – 15 қылмыс;
  • ішкі істер органдары бойынша – 10 қылмыс;
  • білім беру саласы - 9 қылмыс;
  • әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамтамасыз ету саласы - 7 қылмыс;
  • ауыл шаруашылық саласы – 4 қылмыс;
  • денсаулық сақтау саласы – 2 қылмыс.

Аталмыш заңбұзушылықтарға сәйкес, есепті мерзімде «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің баптары бойынша 46 әкімшілік іс қозғалып, мемлекет пайдасына 2 167 342 теңге өндіріліпті.

Облыстағы жалпы мемлекеттік қызметшілердің штат саны – 3691 адам. Нақты жұмыс істейтін азаматтар 3 611 болса, бүгінгі күнге дейін 80 бос орын қалыптасып отыр.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне барған азаматтар заң бойынша жауапқа тартылған. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жемқорлықпен күрестің алдын алу мақсатында облыс бойынша 4 785 іс-шара ұйымдастырылған. Бұл көрсеткіш 2017 жылмен салыстырғанда 3 есеге артып отыр. Айталық, 3 772 лекция мен семинар, 37 конференция мен форум, 161 дөңгелек үстел, 78 спорттық шара, 104 флешмоб және жастар мен оқушылардың қатысуымен 198 интеллектуалдық ойын мен конкурс, 5 спектакль, 195 балалар театрландырылған қойылымы және 235 көпшілік акция мен өзге де іс-шаралар өткізіліпті. Сондай-ақ, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша облыстық арнайы мониторингтік топтың 12, ал аудандық мониторингтік топтардың 29 отырысы болған.

Мұндай статистикаға қарап Сыр өңірінде сыбайлас жемқорлықпен күрес ғана емес, оның алдын алу жұмыстарының өзі ақсап тұр деп айта алмаймыз. Профилактикалық шаралар жыл өткен сайын еселеніп келеді. Алайда парақорлықпен пайда тапқысы келетіндердің «талабы» жоғалар емес. Әсіресе, мемлекеттік органдардағы сыбайлас жемқорлық мәселесі аса өткір.

Жазира  БАҒЛАН

 
ТАБЫСТЫҢ КІЛТІН ТАПҚАН ҰЖЫМ
17.01.2019 17:35

Болат  жолдың  бойында

Қай уақытта да мемлекеттің күретамыры болып саналатын, ел мен елді жалғап жатқан теміржолдың орны ерекше. Қазірде теміржолшылар еліміздің экономикасын нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Сондықтан да олардың құрыш білек, жалын жүрек жұмыскер екендігін, сонымен қатар рухани өмірімізде де белсенділік танытатын, әрдайым өмірде еңбекті жанына серік ететінін білеміз.

Соның бірі – аудандағы ең ірі өндіріс орны Қазалы локомотив жөндеу зауытының ұжымында қазір бірнеше мамандық иелері қоян-қолтық араласып, ұйымшылдықпен еңбек етуде. Нәтижесінде кездескен қиындықтарды қажырлы еңбегімен жеңе білді. Кезінде қосалқы бөлшектердің тапшылығы, тапсырыстың азаюы, тағы басқа да қиындықтар мен кедергілер ұжым мүшелерінің төзімі мен кәсіби шеберлігін сынға салып, біраз абдыратқан еді.

Әйтсе де, білікті басшы, тәжірибесі мол маман, «Құрметті теміржолшы», зауыт директоры Нұрлан Алмағамбетов өз тарапынан Қазақстан және Ресей мемлекетінің алпауыт мекемелерімен тығыз байланыс жасап, ауқымды жұмыстар атқаруға түбірлі шешім қабылдап, ұжымдағы оң психологиялық ахуалдың орнығуына, мамандардың істің көзін, табыстың кілтін тауып атқаруға деген құлшынысы мен кәсіби шеберлігін, зауытта ырғақты жұмыс ауанын қалыптастырды.

Ең алғаш рет Қазақстан бойынша ТЭМ7А сериялы ең қуатты маневрлік тепловоздарына күрделі жөндеу жұмыстары жасалып шығарылды. Бұл тепловоздың ерекшелігі сол, барлық электрлік сызбалары заманауи түрде жаңғыртылған, микропроцессорлық басқару жүйесі енгізілген, жылдамдығы жақсартылған, шанағы күшейтілген, электрлі динамикалық тежегіш орнатылған , өте ауыр салмақты құрамаларды тартуға мүмкіндігі мол, уақытпен тексеріліп, түрлі сынақтан өткен сенімді машина. Заман талабына сай заманауи қондырғылармен қамтамасыз етілген бұл техниканы игеруге зауыттың жұмысшы-қызметкерлері біліктіліктерін қалыптастырып, жоғарғы кәсіби шеберліктерін жетілдіре отырып қол жеткізді.

Сонымен қатар, ұжымда еңбек тәртібін қатаң сақтауға, жұмыс сапасын жақсартып, еңбек өнімділігін арттыруға ерекше маңыз берілген. Әрбір маманнан жауапкершілік қатаң сұралады. Жұмыс барысында оның кәсіби шеберлігінің деңгейі, ізденісі мен еңбегі үнемі ескеріліп отырады. Басшы мамандардың жұмысты ұтымды ұйымдастыра білуі қатаң қадағаланады. Мамандарды қызмет сатысы бойынша өсіргенде де оның біліктілігіне, ұйымдастырушылық қабілетіне баса назар аударылады. Зауыт өндірісіндегі жұмысты ұйымдастыруда жетекші мамандарға үлкен үміт артылады. Сондықтан ұжымның шешуші учаскелерінде іскерлікпен еңбек етіп жүрген мамандар есімі әрқашан құрметпен аталады.

Мәселен, жоспарлау бөлімінің бастығы -Жалғасбек Үмбетов, инженер-технолог Ғалымжан Қосуақов, бас механик Серік Әбдіразақов, аға шебер Бектай Мұқашев, шебер Қыпшақбай Маханов, бригадир Амандос Ысқақов, жөндеушілер Асылбек Таңжанов, Тасболат Шазындаев, Руслан Оңғаров, Өмірбек Жаңабаевтың қомақты үлесін атап өткен ләзім.

Қазіргі таңда «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ тарапынан өндірісті модернизациялау шараларына және жұмыс көлеміне сәйкес жұмысшылардың жұмыс орнын сақтап қалу мақсатында Қазалы локомотив жөндеу зауыты бойынша 2019-2022 жылдарға болжамдар жасалып, ауқымды іс-шаралар бекітілген. Негізгі тапсырыс беруші мекемеден басқа сыртқы мекемелермен келісімшарттар жасасып, атап айтатын болсақ, ФГУП «ЦЭНКИ»-Космический центр «Южный», «Қазцинк» ЖШС, «Қазхром» ЖШС, «Арселлор Миттал Теміртау» АҚ, «Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ, «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ, т.б. мекемелермен қызу жұмыс жасалуда.

Алдағы уақытта сан қумай, сапа үшін күресетін, табыстың кілтін тапқан ұжымға жұмыс көлемі мұнан да арта түсетініне сенім мол.

Қанай  Жамбылов,

Қазалы  локомотив  жөндеу  зауытының  қызметкері

 
Жақсы басшы бұқараның қамын жер
17.01.2019 17:30

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалидың назарына

Қалыптасқан ахуал осылай сөйлеуге әкеліп тұр. Қазіргі таңда басшылар жайлы ел арасында аса жағымды пікірлер айтыла бермейтінін несіне жасырамыз? Десе де, ұжымның жақсы атағы мен олқылығы өзгеден бұрын мекеме басшысына тиетінін мойындауға тура келеді. Жанқожа батыр ауылынан телефон соғылды. Қоңырау шалған Руслан Есназаров есімді тұрғын амандық-саулықтан соң өзінің жұмысқа орналасқанын айтып, аудан, ауыл көлеміндегі азаматтарға, «Халық» газетінің ұжымына, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовке ризашылығын білдірді. Мен де қуанып қалдым.

Біршама уақыт бұрын бұл ініміз «Халық» газетінің бас редакторы Н.Нұмағанбетовтың атына жолдаған хатында аталмыш мектепте жылу қазандығының маусымдық негізде операторы болып жұмыс істегенін, биылғы маусымда орнына басқа адам алынғанын, өзінің бес баласы барын жазған болатын. Мектеп директорымен тілдесіп, барша жайтқа қанықтық. Оған қоса мектеп басшысы бұл мәселе өзінің назарында екенін, алдағы уақытта Русланның жұмысқа орналасуына көмек жасалатынын айтқан еді. Жауапты құлағымызбен естігенімізбен, «әй, қайдам?!» деген сенімсіздік те көкейде жалт ете түскен. Азамат алдамады. Уәдесінде тұрды. Бүгін Руслан жұмысқа қосылды. Бәлкім, кейбіреулер «өзі от жағушылық әрі уақытша болса, несіне жар салады. Біреуге жарнама жасауға жазып отыр ғой, мына неме?» деуі де мүмкін. Кім не десе де, өзінің еркі. Уақытша екені рас. Алайда біреуге болмашы болып көрінген бұл жұмыстың қадірі «отбасыма кіретін табыстың көзі. Осы жалақыма тым құрығанда үйімді жылытатын көмір немесе азық-түлік аламын ғой» деп қуанған Русланға, маңдайынан ащы терін тамшылатып, адал еңбекпен нанын тауып жүрген көптеген қарапайым адамдарға жақсы белгілі.

«Алла сертіне берік жанды ұнатады» деген ескіден жеткен есті сөз бар. Талабыңыз оң болсын, Алик Тілеумбетов бауырым! Осындай бұқараның қамын жейтін басшыларыңыз көбейе бергей, Бектұр Қали мырза!


Жұмабек Табынбаев,

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы

 
Тектілік дарыған тұлға
17.01.2019 17:27

Елеу Көшербаевқа - 90жыл

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өшпейтұғын соңында із қалдырған».

Осынау жыр жолдары қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамызға тура айтылғандай. Әркімнің ғұмырында өзінің тағылым тәрбиесі, өнегелі жолымен өшпестей із қалдырған адамдар болады. Мен үшін қоғам қайраткері марқұм Елеу Көшербаев ағамыз – дәл осындай тұлға. Өз басым еліне қадірлі, халқына қалаулы атанған Елекеңдей асыл азаматтың қарамағында қызмет жасаған кезімді өмірдің шынайы мектебінен өткен шағым деп сағына еске аламын. Орайы түскенде, қызығы мен қауырт шаруасы мол болған сол жылдардан аз ғана үзінді келтірсем.

1989 жыл болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев шұғыл кабинетіне шақырды. Мен ол тұста «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшардың партком хатшысы едім.

Елекең «Сіздің ауылда Жанқожа батырдың дүниеге келгенін білесің. Батыр бабаға аудан орталығынан ескерткіш орнату көзделуде. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Елге беделді азаматтармен тілдес. Кездесу уақытын белгіле. Мен де барамын. Қармақшы ауданында қызмет жасап жүргенімде Қорқыт бабаны дәріптеген едім. Енді Жанқожа батыр әрі әулие бабамызды ұлықтауымыз қажет» деп қысқа қайырды. Дереу тапсырманы орындауға кірістім. Жиынымызға Елеу ағамыз қатысты. Ауыл тұрғындары көтерілген мәселені қызу қолдады. Жанқожа батырдың ұрпағы Айдарбек Табынбаев, Әбибулла Қосболов басқа да ардагерлер құнды пікірлерін жеткізді. Осылайша бабаны ұлықтаудың алғышарты жасалды. Жарты әлемді билеген кеңес үкіметінде ұлттық батырымызды дәріптеу, мұндай қадамға бару оңай емес еді.

Арада бірнеше жыл өте ағамыздың тілегі қабыл болды. Ол кезде Елеу Көшербаев ағамыз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде еді. Батыр атамызға республикалық дәрежеде ас беріліп, кесене орнатылды. Кіндік қаны тамған ауыл баба есімін иеленді. Мен совхоз директоры ретінде ауыл азаматтарын бастап асқа арнайы келген Ұзақбай Қараманов, Әубәкір Тыныбаев, Сағидулла Құбашов, Иманғали Тасмағанбетов, Сейілбек Шаухаманов, Роза Бағланова, Дәуірхан Айдаров, Алтыншаш Жағанова, өзге де мәртебелі меймандарға қызмет жасадым. Елеу Көшербаев ағамыз құттықтау сөз сөйлеп, мен символикалық кілтті қабылдап алдым.

Сәл шегініс жасасам. 1988 жыл. Сол тұстағы одақтың астанасы Мәскеу қаласында өткен «Арал экологиясы мәселесі» жөніндегі Кеңеске Қазақстаннан республикалық делегация қатысты. Делегация құрамында Роза Бағланова, Мұхтар Шаханов, Елеу Көшербаев, Жәлел Қизатов, Н.Уәлиев тәрізді елге танымал тұлғалар болды. Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозда бас зоотехник болып жұмыс істейтінмін. Осы сапарда мен де болып, тура бір апта есімі көпшілікке жақсы мәлім тұлғаларға қызмет жасағанымды өмірімнің ең бір жарқын белесінің бірі санаймын.

Елекең Қазалы ауданын басқарған тұста мал бордақылау бағытында Ақбел участогінен мал бордақылау алаңын ауданда ең алғаш біздің совхозда ұйымдастырған едік. Бұл жерде 5000 бас қой бордақыланып, қозы айырдық. Сондай-ақ, қыс мезгілінде бие саууды қолға алған болатынбыз.

Жаңалыққа жаны құштар, қашанда қоғам мүддесін бәрінен жоғары қоятын қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамыздың жарқын бейнесі жылдар өткен сайын ұрпақ зердесінде жарқырай бермекші.

Берік Бисембаев,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері,

Қазалы ауданы

 
Жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейтті
16.01.2019 15:28

Қызылордада Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Іскер әйелдер кеңесі өңірдегі қыз-келіншектердің кәсібінің өркендеуіне үлес қосуда.

Өткен жылы «Атамекен» ҰКП жанындағы Іскер әйелдер кеңесі мен «Халық Банк» арасында қол қойылған Меморандум нәтижесінде банк кәсіппен айналысқысы келетін қыз-келіншектердің ісін несиелендіруге 2 млрд. теңге қаржы бөлген болатын. Осы қаржыдан 8 млн. теңге жеңілдетілген несие алып, кәсібін кеңейткен жандардың бірі - қызылордалық Данила Таңқыбаева.

Данила Болатқызының бизнеске келгеніне он төрт жыл болды. Ол елімізде шағын және орта бизнеске көңіл бөліне бастаған 2005 жылы облыста алғашқылардың бірі болып «Грация» сұлулық салонын ашты.

«Иә, салонымыз - қаладағы алғашқы салондардың бірі. Ол кездері бәсекелестік қазіргідей емес, сұлулық салондары аз болды. Дегенмен, бүгінгі күні де танымалдылығымызды жоғалтып алмауымызға тұтынушыларымызға сапалы қызмет көрсетуіміз себеп болып отыр деп ойлаймын», - дейді ол.

Сапалы қызмет отбасылық кәсіпті дамытуға жол ашты. Данила Болатқызы отбасымен бірге 2013 жылы қосымша «Адема», 2014 жылы «3 Д» салондарын ашты. Кәсіпкер келіншек бүгінде 35 адамды жұмыспен қамтып отыр. Ол табысты болудың құпиясымен былайша бөлісті.

«Ешқандай да құпиясы жоқ. Қызметтестерімізге талап қоя білу, үздіксіз еңбек және шыдамдылық. Салонның жұмыс істеп келе жатқанына 14 жылға аяқ басты. Ашылғаннан бастап бірге жұмыс жасап келе жатқан әріптестеріміз де бар. Туысқандай болып кеткен тұрақты тұтынушылармыз да жеткілікті. Халықпен жұмыс істеуде түйткілді мәселелер туындап қалатын кездер де болады. Мұндай жағдайда екі жаққа да ұтымды шешім қабылдауға тырысамыз. Халыққа тынбай, үздіксіз, сапалы қызмет көрсетуіміздің арқасында, 2014 жылы Қызылорда қаласы бойынша «Үздік сұлулық салоны» номинациясын жеңіп алдық. Қай-қайсысын алмасақ та, «Грация», «3Д», «Адема» сұлулық салондарында тек тәжірибелі, кәсіби біліктілігі жоғары, өз ісінің шеберлері қызмет атқарады. Әріптестерімізбен бір үлкен отбасы секілдіміз, олардың ой-пікірлерін тыңдау, тың идеяларын жүзеге асыру жұмыстың жақсы жүруіне ықпал жасайды. Шаштараз мастерлері, косметолог-визажистеріміз, маникюршеберлері тек Қазақстан аумағында ғана емес, шет елдерге де барып,  біліктіліктерін арттыру курстарына, оқу семинарларына, мастер-кластарға қатысып тұрады. Өз салондарымызда да түрлі оқу-семинарларын ұйымдастырып тұрамыз. Бұдан бөлек, біздің қызметкерлер әлеуметтік қамсыздандыру, яғни міндетті зейнетақы төлемдері, әлеуметтік сақтандыру, міндетті медициналық сақтандыру қызметтерімен қамтамасыз етілген», - дейді кәсіпкер келіншек.

Данила Таңқыбаеваның айтуынша, іскер қыз-келіншектерді жеңілдетілген несиемен қамтамасыз ету 2018 жылдың басты жаңалығы болған. Ол Қызылордада Іскер әйелдер кеңесінің қолдауымен «Халық Банкінен» 8 млн. теңге несие алып, салонын кеңейтуге мүмкіндік алған.

«Әрине, несие банктен қолма-қол берілмейді. Банк тарапынан несиенің мақсатты жұмсалуы қадағаланып, аударымдар жасалу арқылы жүргізілді. Несиені рәсімдеуде қолдау көрсеткені үшін аталған әйелдер кеңесінің төрайымы Жанна Амановаға да алғысымды білдіремін», - дейді Данила Болатқызы.

Мұнан өзге, ол әйелдер бизнесіне жасалып жатқан қолдауды айтуда өңірлік Кәсіпкерлер палатасының және Палата  жанындағы Іскер әйелдер кеңесінің орны ерекше екендігін атап өтті.

«Бизнесті жоспарлау, ашу, ұйымдастыру, жүргізу, жарнамалау, яғни SMM бойынша үнемі семинар-тренингтер тегін ұйымдастырып келе жатыр. Тренингтер барысында тәжірибе алмасу, табысты басқару, жалпы кәсіпкерлік саласының барлық қыр-сыры үйретіледі. Тек Қызылорда облысы бойынша ғана емес, бүкіл ел аумағындағы тәжірибелі кәсіпкерлермен кездесу, олардың тәжірибесімен бөлісу бойынша да түрлі кездесулер ұйымдасырылуда. Тіпті шет елдерден SES эксперттер шақыруға болатын мүмкіншіліктер де бар», - дейді кәсіпкер.

Данила Таңқыбаева алдағы уақытта сұлулық индустриясына қатысты білікті мамандар даярлайтын оқу орталығын ашуды жоспарлап отыр. Ендеше кәсіпкердің ісіне сәттілік тілейміз!

Қызылорда облысы

кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Сәуір 2018 >
            1
2 3 4 5 6 7 8
9 10 11 12 13 14 15
16 17 18 19 20 21 22
23 24 25 26 27 28 29
30            

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары