Өзекті мәселелер

  • 13.09.18

    Кез келген жұмысқа тұрарда қандай болмасын мекеме, ең алдымен, «сотты болмаған» деген құжат сұрататыны белгілі. Сол бір «қара тізімде» бар екенсіз, онда арманыңыздағы қыз­метке қол жеткізу қиын дей беріңіз. Алайда облысымызда осы бір мәселеге назар аудармайтын бөлім басшыларының бар екендігі анықталып отыр. Атап айтар болсақ, Арал, Жалағаш аудандық білім бөлімдері мен Сырдария аудандық мәдениет...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Саяси тұрақтылық пен қоғамдық келісім – мемлекетіміздің басты ұстанымдарының бірі. Сарабдал саясаткер, ел Президенті Н.Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында бұл туралы тарқатып айтқан болатын. «Көл-көсір мұнайдың» дәуірі аяқталып келе жатқанын ескерткен Елбасы жаңа заманға сай болуға үндеді.

     

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Шыны керек, көптің көкейінде «облыс орталығындағы басты көше­лерд­ің бірі Желтоқсан көшесі нелік­тен жылда жөндеуден өтеді? Оның орнына шетаймақтағы көшелерді жөндесе қайтеді?» деген мазмұндағы пікірлер жиі айтылады. Мәселенің мәнісі былай. Былтыр сол көшеге су жүйелері мекемесі ауызсу желілеріне жаңғырту жұмыстарын жүргізген. Асфаль­т қабаты бір рет қайта қазылса болды, жаңадан салынған жол бі...

    Толығырақ...
  • 13.09.18

    Ерғали  АБДУЛЛА

    Көрініс

    Қыз Жібектей керімсығысы келгені­мен де, тұқымы  құрғыр мыстандығы қылымсып қайта-қайта көрініп  қала береді...

     

  • 13.09.18

    Нұржамал  ӘЛІШЕВА,

    журналист

    БІР   ҚИЫҚ  ОРАМАЛ

    Қазанға ет салып қойған. Қамыр илемекші болып еді, ұн бітіп қалған екен.

    Толығырақ...
Халық-хабар
Ұлттың тіні – тілі
07.09.2018 11:06

Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласында жаңғырудың басты шарты ұлттық кодты сақтай білу екенін айтқан болатын. Ал ұлттық кодтың басты тетігі – тіл. Өткен жылы ҚР Үкіметінің қаулысымен 5 қыркүйек – Қазақстан халқы тілдерінің күні болып бекітілген еді. Себебі, бұл күн – қазақ тілі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы, ағартушы Ахмет Байтұрсынұылының туған күні. Сөз көсемі өзі өмір сүрген қиын-қыстау кезеңнің қыспағына қарамастан, саналы ғұмырын қазақтың болашағы үшін сарп етті. Қайраткердің өлшеусіз еңбегі жұртшылық жүрегінде сақтаулы, әрқашан құрмет төрінде екені сөзсіз. Осындай талантты тұлғаның 145 жылдығы және Қазақстан халқы тілдерінің күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты облыстық фестиваль ұйымдастырылды. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов келіп, мерейлі күнге орай жүрекжарды лебізін білдірді.

- Елбасының Қазақстан халқына жолдаған «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты бағдарламасында жаңғырудың ең басты шарты ол өзіміздің ұлттық кодымыз екенін айтты. Ал ұлттық кодтың негізі тілде жатыр. «Тілі жоғалған халықтың өзі де жоғалады» деген Ахаңның үлкен сөзі бар. Бүгінгі фестиваль қазақтың, ұлттың ұстазы А.Байтұрсыновтың туған күніне орайластырылып отыр. Тек қазақ ғана емес, бауырлас түркі жұрты да А.Байтұрсыновты ұлықтайды. Бүгінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне әлемдегі 100 том әдеби аудармалар жасалып жатыр. Барша жұртшылықты тілдер мерекесімен құттықтаймын, - деді Руслан Рүстемұлы.

Мерейлі күнге орай жақсы тілектен соң облыстағы бірқатар тіл жанашырлары мен сала мамандары марапат биігінен көрінді. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің Құрмет грамотасымен Қорқыт ата атындағы ҚМУ-дің қазақ тілі мен әдебиеті және журналистика кафедрасының аға оқытушысы Б.Боранбай марапатталды. Облыс әкімінің Алғыс хаты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы коммерциялық емес АҚ-ның облыс бойынша филиалы директорының орынбасары А.Құлтаеваға табысталды. Бір топ азамат облыста мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асуына белсене атсалысқаны үшін облыс әкімі орынбасарының қолынан арнайы номинацияларды алды. Айтыс, көркемсөз өнерлерінің кең өріс алуына үлес қосып, түрлі шығармашылық байқауларға белсене қатысқаны үшін «Тіл майталманы» номинациясын жырау М.Сүгірбай, жергілікті газет беттерінде мемлекеттік тілдің көкейкесті мәселелері турасында мақалалар жариялап, оқырмандар арасында ой туғызғаны үшін «Тіл жанашыры» номинациясын облыстық «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі М.Кенжеғұлова, «Тіл хабаршысы» номинациясын Қызылорда қоғамдық телеарнасының редакторы А.Мұратова иеленді.

-  Қазақстан халқы тілдерінің күнін дәстүр бойынша жыл сайын 22 қыркүйекте тойлайтын едік. Биыл Алаш арысы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнінде тойлану ресми түрде қабылданды. Еңселі мәдениет үйінде осы мереке кеңінен аталып өтілді. Мерекелік концертті де тамашаладық. Шарада мемлекеттік тіл саласының оң имиджін қалыптастыруда еңбегі сіңген қызметкерлер марапатталды. Биік мінберден көріну бақыты маған да бұйырды. «Тіл жанашыры» номинациясын иелендім. Еңбегімді бағалаған басшылыққа алғысымды білдіремін. Және осы сәтті пайдаланып барша қазақстандықтарды мерейлі мерекемен құттықтаймын, - деп «Ақмешіт жастары» газетінің тілшісі Мөлдір Кенжеғұлова ізгі ниетін жеткізді.

Кеш ары қарай Сыр өңірі өнерпаздарының концертіне жалғасты. Әншілердің жүректі қозғар әні мен талантты бишілердің биі көпшілік көңілінен шықты.

Ақмешіт жұртшылығы ұлы тұлғаның есімін осылайша ұлықтады. Бұл – Алаш арыстарына деген елдің сөнбес ыстық ықыласы, риясыз көңілінің көрінісі.

Ж.Қойшыбекова,

Н.Нұржаубай (сурет)

 
ЖАЛАҒАШТА КҮРІШКЕ ОРАҚ ТҮСТІ
07.09.2018 11:02

Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосып келеді.

Биыл аудан бойынша барлығы 36 314,7 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде негізгі дақылымыз – күріш 22 366 гектарды құрап отыр.

Бүгін аудан басшысы Қ.Сәрсенбаев Бұқарбай батыр ауылындағы «Байтабын» ЖШС №5 бригадасының егіс алқабындағы күрішке алғашқы орақ салу рәсіміне қатысты.

- Биылғы егін жинау науқанына барлығы 1007 дана техника қатысады. Барлығы сақадай-сай. 1 ай көлемінде астықты жауын-шашынға қалдырмай, жинап алу ойымызда бар. Барша ағайынға бүгінгі дүбірлі мереке, орақ түсу мерекесі құтты болсын, еліміздің ризығы көп болсын, - деді аудан әкімі.

Рәсімде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Садық Әлиев, «Байтабын» ЖШС директоры Сапар Мыханов сөз алып, ауыл ақсақалы Ділдәбеков Мағлұм диқандарға ақ батасын берді.

Сонымен қатар, аудан әкімі осы күні Бұқарбай батыр ауылында «Байтабын» ЖШС-нің ықпалымен жаңадан орнатылған ауылдың кіреберіс аркасы, шаруашылықтағы Петкус күріш тазарту құрлығысымен және жаңадан салынған «Байтабын» ЖШС-нің ғимаратымен танысты.

Аудан  әкімінің  баспасөз  қызметі

 
«АТАМЕКЕН» ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ АУҒАНСТАН БИЗНЕС ХАНЫМДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ
06.09.2018 16:31

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Мемлекет басшысының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі өңірлік бастамасын бірінші болып қолдап, осы елдің әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференция аясында жүзеге асты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова меморандумға қол қою барысында бұл оқиға екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында тікелей іскер байланыстарды орнату үдерісінде маңызды әрі келешекті қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы көтерген өңірлік бастаманы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі тарапынан қолдап отыр. Жекелеген мемлекеттегі тыныштық пен экономикалық қауіпсіздік – өңірлік тұрақтылықтың кепілі екенін айтқым келеді. Бүгін Уафек ханым (Манижа Уафек – Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті) екеуміз қол қойған меморандум іскерлік байланыстарды орнатуда сүбелі үлес қосатынына сенімдіміз. Конференцияда екі елдің ер азаматтары арасында ғана іскерлік байланыс орнаған деген ой айтылды. Бүгінгі меморандум бұл жайтты түзейді деп сенемін», – деді Лаззат Рамазанова.

Меморандум аясында Қазақстанның іскер әйелдері ауған әріптестермен бизнестегі жетекші тәжірибемен бөлісу,  мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ақпараттық және білім беретін іс-шараларды, техникалық тренингтерді өткізуге дайын. Басты назар ауыл-аймақтағы ынтымақтастыққа және ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге аударылады. Бұған қоса Қазақстан шағын индустриялық паркттерді құру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, өйткені Ауғанстан осындай паркті әйелдерге арнап құруды бастап кетті.

«Ынтымақтастық орнатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Шынымен, елдеріміз арасында ер-азаматтар ғана ынтамақтастық орнатқанына үйреніп қалдық. Ал әйелдер арасында осындай іскерлік байланыс болған емес. Алайда бұл жайт елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жоқ дегенді білдірмейді. Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасынының құрылуы – еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі дамып, қарқын алып жатқанын білдіреді. Екі ел арасындағы меморандум – жақсы нәтижеге әкелетін алғашқы тәжірибе болмақ», – деді Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Манижа Уафек.

Конференция барысында «Аймақтық ынтымақтастық арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» атты панельдік сессия Лаззат Рамазанованың жетекшілігімен өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Орта Азия мемлекеттерінде әйелдердің іскерлік дағдыларын дамыту үшін қолайлы құқықтық және әлеуметтік орта қалыптасып жатқаны және әйелдер кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке белсенді жұмылып жатқаны туралы бірнеше рет  айтылды.

Atameken.kz

 
БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
05.09.2018 19:50

Жиында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді  жөндеу, ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қала тұрғындарына  жайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Байқоңыр қаласын дамыту мәселелеріне арналған жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елдімекендерінің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен кәсіпкерлері, мемлекеттік органдардың және қаржы институттарының басшылары, «Роскосмос» және «ЦЭНКИ» мемлекеттік корпорациялары бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Қармақшы ауданына іссапары барысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер, газдандырылған әлеуметтік нысандар, Қазақстан азаматтары үшін медициналық ұйымдар мен  демалыс орнының жұмысымен  танысты.

«Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақсатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы  №1 алаңда ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды», - деді кездесуді ашқан аймақ басшысы.

«Байқоңырды дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін бекітілген Ұзақ мерзімді даму бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз  жүйелерін жаңғырту,  жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау жобаларын жүзеге асырылуда. Бүгін біз жоспарларымыз қалай жүзеге асырылып жатқанын, үкіметаралық комиссияның алдағы кездесуінде қандай мәселелерді қарастыратынымызды талқылау үшін жиналдық », - деді облыс әкімі.

Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз екенін аймақ басшысы атап өтті. Ресей Федерациясына қарасты деген қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді.

«Байқоңыр Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, қаланың даму шығындары облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік. Қаланы дамыту үшін республикалық бюджеттен қаражат та бір рет бөлінеді», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Байқоңырдың үздіксіз дамуы үшін тұрақты қаржыландыру қажет. Сол себепті, қаланы абаттандыруды қаржыландырудың  негізгі көздерін анықтау қажеттігін облыс басшысы атап өтті.

Осыған орай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қаржы, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласының дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және ҚР-ның бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру мәселесі бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

«Төретам мен Ақайдың дамуын қамтамасыз ету арқылы біз Байқоңыр қаласын дамытамыз, себебі, келешекте бұл елді мекендер қаланың шағын аудандарына айналады», - деді аймақ басшысы.

Еске салайық, ағымдағы жылдың шілде айындағы іссапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин Д.О. Рогозинмен  ресейлік және қазақстандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігі туралы мәселені көтерген болатын

«Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыру туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Еске салайық, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады, қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру және Төретам және Ақай елдімекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға қол қойылды. Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көп пәтерлі үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Сондай-ақ, осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп бітірушілері ҰБТ-ны тапсыруда қиындықтар орын алмауы үшін қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімдігіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, Төретам және Ақай елдімекендерін, нақтырақ айтсақ, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамытуға, жолдарды жөндеуге, электрмен жабдықтауға, газдандыруға т.б. дамыту шараларына арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.  Сондай-ақ бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мен жобаларды іске асыруды қолдау жөніндегі шараларды қарастыру жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АГРАРЛАР АЙМАҚТЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
05.09.2018 16:34

Қызылорда облысындағы семинар-кеңестің күн тәртібінде су ресурстарын тиімді пайдалану, ылғалды сақтайтын технологияларды енгізу және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіру мәселелері қарастырылды.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы «Жаңа жол» ЖШС-де астық жинау рәсімі мен  «Дала күні» семинар-кеңесі өтті. Шараға  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімі мен аудан әкімдері, аграрлық ұйымдар мен қаржы институттарының басшылары, сондай-ақ аймақтағы агроөнеркәсіптік кәсіпорындары қатысты.

Семинар-кеңес барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылы ауа-райы егінші қауымына үлкен сын болғанын атап өтті. Мамыр, маусым айларында ауа температурасының салқын болуы және шілде айында Сырдария өзеніндегі судың айтарлықтай азаюынан су тапшылығы орын алды.Соған қарамастан, өңірдегі шаруалар осы сынақтан абыроймен өтіп, қазір олар егін жинауға кірісіп отыр.

«Қазіргі жағдайдағы су тапшылығы жағдайынан  сабақ алып, келешекте ағымдағы жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың одан әрі дамуы үшін барлық шараларды жасауымыз керек. Су тапшылығының кері әсерін азайтудың біз үшін бірден-бір жолы - «Күміскеткен» су қоймасы мен Қараөзек арнасындағы тоғанның құрылысын бастауды жеделдету», - деді аймақ басшысы.

Су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Қараөзектегі тоған салынған жағдайда 1,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Сыр өңірінде суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажет. Мәселен, заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану - маңызды мәселелердің бірі.

«Елбасымыздың алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін біз облыстың аграрлық саласын 2020 жылға дейін дамыту Агрокартасын жүзеге асыру іс-шаралар жоспарын бекітіп, аграрлық ғылымның озық жетістіктерін кеңінен пайдалануды бастадық», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аймақ басшысы көршілес Қытайда сұранысқа ие соя тәрізді жоғары өнімді дақылдарды өсіру агроөнеркәсіп кешенінде экспорттың үлесін ұлғайтатындығын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Шиелі ауданында 2018 жылдан бастап «Ақмая смарт ферм» интеллектуалды технологиясын қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыратын нақты ауылшаруашылық жобасы іске асырылуда.

«Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану шығындарды қысқартып және өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Мәселен, біздің облыста барлық егістік жерлер тек қана суармалы судың көмегімен тұр. Қызылорда облысы - егістікті жаңбырсыз, яғни жауын-шашынның көмегенсіз суаратын  жалғыз облыс. Осыған орай, тамшылатып суару арқылы дақылдардың көлемін көбейткен жөн. Көктемде топыраққа түскен ылғалды сақтай отырып, аквасорбентерді қолданған тиімді. Осы әдістермен Қаратау беткейінде бос жатқан жерлерді қолдана отырып, богарлық әдіспен мал азықтық дақылдар: судан шөбі, құмай жүгері, түйежоңышқа егуді қолға алу қажет. Бұл өз кезегінде, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен қамтамасыз ететін болады», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл мәселеде шаруалардың жаңа суармалы алқаптарға су жеткізу инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жасауға шақырды. Мемлекет кеткен шығындарын кезең-кезеңімен 3-4 жылда қайтарып беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, тамшылатып суару жүйесін енгізген жағдайда, оған жұмсалған шығындардың 30 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов  және аудан әкімдері егін жинау науқанына дайындық барысы жөнінде баяндады, ал шаруа қожалықтарының басшылары әртүрлі дақылдарды өсіруде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы алдағы уақытта  аграрлық сектордағы ықтимал қауіптер туралы ескеріп және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Шара барысында қатысушылар «Жаңа жол» шаруашылығының егіс алқабын аралап, астықты жинау рәсімін өткізді. Дәстүр бойынша «Еңбек Ері», ардагер Ана Сәлима Жұмабекова мол өнім жинауын тілеп, жиналған жұртшылыққа батасын берді.

Анықтама: биылғы жылы облыста 184,5 мың га егістік егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3370 гектарға артық. Оның ішінде 95,3 мың гектарға дәндідақыл, 10,3 мың гектарға майлы дақылдар, 61,5 мың гектарға жем, картоп, көкөніс пен 17,4 мың гектарға бақша өнімдері егілді. Сонымен қатар, аграрлық секторды әртараптандыру бойынша тәжірибе аясында 50 га судан шөбі, 50 га құмай жүгерісі және 5 гектарға  соя егілді.

Күріш алқабы 87 267 гектарды құрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Маусым 2018 >
        1 2 3
4 5 6 7 8 9 10
11 12 13 14 15 16 17
18 19 20 21 22 23 24
25 26 27 28 29 30  

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары