Өзекті мәселелер

  • 20.09.18

    Биыл облыс экономикасының бәсі жоғарылайтын, негізгі көрсет­кіштердің көбеюіне қолайлы жыл. Өндіріс ошағына айналмағанымызбен, өнім өндіру мен экспорттауда алдыңғы қатарда тұрғанымыз рас. Өңірімізде соңғы жылдары көптеген зауыттар мен өндіріс ошақтары салынуда. Солардың қатарында молибден өндіру, балық өңдеу, цемент және шыны зауыттары да бар. Әрине, бұл төртеуі де – аймақтық индустрия­ландыру ...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    КӨНЕ  ҚАЛА  мен  ЖАҢА  ҚАЛА

    Біздің дәуірімізден әрі асатын шежіре-тарихы бар Сақтар мәдениеті көм­бесінің бір бөлігі Сыр бойында жатыр. Ашық аспан астында ата-баба аманатын арқалап, біздің дәуірімізге дейінгі ІV-VІІ ғасырларда ғұмыр кешкен Шірік-Рабат, Бәбіш молда, Бұланды, Сығанақ тарихи-мәдени ескерткіштері бүгінде көздің қарашығындай мемле...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Ұшы-қиыры жоқ ну орман жым-жырт тыныштық құшағында мүлгіп тұр. Желмен тербелген зәулім талдар­дың жапырағынан күн көзі зорға көрінеді. Айнала өзгеше, рақат күйге бөленгендей. Табиғаттың дәл осы сәттегі ана уызына тойып маужыраған нәресте тектес кейпіне қарап маңай­да қанды қырғын соғыс жүріп жатыр десе, сенбес едіңіз. Алайда амал қан­ша?! Бірін-бірі жыртқыштан бетер жұлмалап, қыршын боздақтарды...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Тағдыр тауқыметі болар, Аяулым анасынан ерте айы­рылды. Бар-жоғы 7 жасында ең ардақтысынан көз жазып қалды. Әкесі мен әжесі шешесін жоқтатпаса да, періште көңіл ананы аңсап тұрады емес пе? Күніге кешкілік жатар алдында ақ сүтін беріп аялаған аяулысының қойнында ұйықтайтын сәттерін еске алғанда, көзіне еріксіз жас келе­тін. Бала ғой. Енді ғана мектепке­ барды өзі. Сыныптастарын аналары әкелгенде...

    Толығырақ...
  • 20.09.18

    Леннокс Льюис, аса ауыр салмақта әлемнің бұрынғы абсолют чемпионы:

    - Жекпе-жек тең болды деген ойда едім, бірақ Головкин мықтырақ көрінді және екі раундта басым болғандай. Екі боксшы да барлық күшін рингте сарп етті! Жеңісті екеуіне де беруге болатын раундтар болды. Тамаша жекпе-жек! Ең мықты екі боксшыны да көрдік. Екеуін де сыйл...

    Толығырақ...
Халық-хабар
«АТАМЕКЕН» ІСКЕР ӘЙЕЛДЕР КЕҢЕСІ АУҒАНСТАН БИЗНЕС ХАНЫМДАРЫМЕН ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ОРНАТТЫ
06.09.2018 16:31

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі Мемлекет басшысының Ауғанстанға көмек көрсету жөніндегі өңірлік бастамасын бірінші болып қолдап, осы елдің әйелдер сауда-өнеркәсіп палатасымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Қол қою рәсімі Астанада өткен «Ауғанстан әйелдерінің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту» атты өңірлік конференция аясында жүзеге асты.

«Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Лаззат Рамазанова меморандумға қол қою барысында бұл оқиға екі елдің кәсіпкер әйелдері арасында тікелей іскер байланыстарды орнату үдерісінде маңызды әрі келешекті қадам екенін атап өтті.

«Мемлекет басшысы көтерген өңірлік бастаманы «Атамекен» ҚР ҰКП Іскер әйелдер кеңесі тарапынан қолдап отыр. Жекелеген мемлекеттегі тыныштық пен экономикалық қауіпсіздік – өңірлік тұрақтылықтың кепілі екенін айтқым келеді. Бүгін Уафек ханым (Манижа Уафек – Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті) екеуміз қол қойған меморандум іскерлік байланыстарды орнатуда сүбелі үлес қосатынына сенімдіміз. Конференцияда екі елдің ер азаматтары арасында ғана іскерлік байланыс орнаған деген ой айтылды. Бүгінгі меморандум бұл жайтты түзейді деп сенемін», – деді Лаззат Рамазанова.

Меморандум аясында Қазақстанның іскер әйелдері ауған әріптестермен бизнестегі жетекші тәжірибемен бөлісу,  мемлекеттер арасындағы сауда қатынастарын дамыту мақсатында ақпараттық және білім беретін іс-шараларды, техникалық тренингтерді өткізуге дайын. Басты назар ауыл-аймақтағы ынтымақтастыққа және ауыл шаруашылығы өнімін өткізуге аударылады. Бұған қоса Қазақстан шағын индустриялық паркттерді құру бойынша тәжірибе алмасуға қызығушылық танытып отыр, өйткені Ауғанстан осындай паркті әйелдерге арнап құруды бастап кетті.

«Ынтымақтастық орнатқандары үшін қазақстандық әріптестерімізге алғыс айтамыз. Шынымен, елдеріміз арасында ер-азаматтар ғана ынтамақтастық орнатқанына үйреніп қалдық. Ал әйелдер арасында осындай іскерлік байланыс болған емес. Алайда бұл жайт елімізде әйелдер кәсіпкерлігі жоқ дегенді білдірмейді. Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасынының құрылуы – еліміздегі әйелдер кәсіпкерлігі дамып, қарқын алып жатқанын білдіреді. Екі ел арасындағы меморандум – жақсы нәтижеге әкелетін алғашқы тәжірибе болмақ», – деді Ауғанстан әйелдері сауда-өнеркәсіптік палатасының президенті Манижа Уафек.

Конференция барысында «Аймақтық ынтымақтастық арқылы әйелдердің экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту» атты панельдік сессия Лаззат Рамазанованың жетекшілігімен өтті.

Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен АҚШ-тың саяси және қоғам қайраткерлері қатысты. Конференцияда Орта Азия мемлекеттерінде әйелдердің іскерлік дағдыларын дамыту үшін қолайлы құқықтық және әлеуметтік орта қалыптасып жатқаны және әйелдер кәсіпкерлік пен қоғамдық қызметке белсенді жұмылып жатқаны туралы бірнеше рет  айтылды.

Atameken.kz

 
БАЙҚОҢЫР ҚАЛАСЫН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕСІ ТАЛҚЫЛАНДЫ
05.09.2018 19:50

Жиында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз жүйелерін жаңғырту, жолдар мен тұрғын үйлерді  жөндеу, ұзақ мерзімді даму бағдарламасы аясында қала тұрғындарына  жайлы жағдай жасау мәселелері талқыланды.

Байқоңыр қаласын дамыту мәселелеріне арналған жиынға облыс әкімі Қырымбек Көшербаев, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Нұрлан Тілешев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің қызметкерлері, облыстық және аудандық мәслихаттың депутаттары, Байқоңыр қаласы, Төретам мен Ақай елдімекендерінің қоғамдық бірлестіктерінің өкілдері мен кәсіпкерлері, мемлекеттік органдардың және қаржы институттарының басшылары, «Роскосмос» және «ЦЭНКИ» мемлекеттік корпорациялары бөлімшелерінің басшылары қатысты.

Қармақшы ауданына іссапары барысында аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев Байқоңыр қаласының бірқатар әлеуметтік нысандарын, атап айтқанда, құрылысы жүріп жатқан көпқабатты үйлер, газдандырылған әлеуметтік нысандар, Қазақстан азаматтары үшін медициналық ұйымдар мен  демалыс орнының жұмысымен  танысты.

«Мемлекет басшыларының тапсырмасын орындау барысында ғарыш айлағын және Байқоңыр қаласының дамуын қамтамасыз ету үшін көптеген жұмыстар атқарылуда. Соның бірі «Бәйтерек» бірлескен зымыран кешенін құру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Байқоңырға үшінші елдің инвестициясын тарту мақсатында Қазақстан, Ресей және Біріккен Араб Әмірліктері «Союз» ғарыш орталығын жаңғырту арқылы  №1 алаңда ғарыш зымыран кешенін құру мәселесін шешу үшін бірлескен жұмыс тобын құрды», - деді кездесуді ашқан аймақ басшысы.

«Байқоңырды дамытудың өзекті мәселелерін шешу үшін бекітілген Ұзақ мерзімді даму бағдарламасының аясында тұрғын үй құрылысы, газдандыру, сумен жабдықтау және кәріз  жүйелерін жаңғырту,  жолдар мен тұрғын үйлерді жөндеу, тұрғындар үшін жайлы жағдай жасау жобаларын жүзеге асырылуда. Бүгін біз жоспарларымыз қалай жүзеге асырылып жатқанын, үкіметаралық комиссияның алдағы кездесуінде қандай мәселелерді қарастыратынымызды талқылау үшін жиналдық », - деді облыс әкімі.

Байқоңырда ұзақ мерзімді бағдарламаны іске асыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын, дегенмен, қала бюджеті барлық мәселелерді жүйелі түрде шешу үшін жеткіліксіз екенін аймақ басшысы атап өтті. Ресей Федерациясына қарасты деген қаланың заңнамалық ерекше мәртебесі әлеуметтік жобаларды қаржыландыруға мүмкіндік бермейді.

«Байқоңыр Қызылорда облысының әкімшілік-аумақтық бірлігі болмағандықтан, қаланың даму шығындары облыстық бюджеттің негізгі шығындарына кірмейді. Бұл мәселенің маңыздылығын ескере отырып, жергілікті бюджеттен айрықша жағдайларда біз тұрғын үй құрылысын дамытуға, сондай-ақ, қаланың су және кәріз желілерін жаңғырту мен қайта құрудың техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеуге қаржы бөлдік. Қаланы дамыту үшін республикалық бюджеттен қаражат та бір рет бөлінеді», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, Байқоңырдың үздіксіз дамуы үшін тұрақты қаржыландыру қажет. Сол себепті, қаланы абаттандыруды қаржыландырудың  негізгі көздерін анықтау қажеттігін облыс басшысы атап өтті.

Осыған орай, облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына Қаржы, Ұлттық экономика, Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрліктерімен Байқоңыр қаласының дамуын қаржыландыру үшін бөлек бюджеттік бағдарлама құру және ҚР-ның бюджетіне әлеуметтік-экономикалық салада ғарыш айлағын жалға алу үшін жыл сайын Ресей Федерациясынан төленетін қаражаттың бөлігін Байқоңыр қаласының, Төретам мен Ақай елді мекендерінің әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін бөліп беру мәселесі бойынша жұмыс жүргізу тапсырылды.

«Төретам мен Ақайдың дамуын қамтамасыз ету арқылы біз Байқоңыр қаласын дамытамыз, себебі, келешекте бұл елді мекендер қаланың шағын аудандарына айналады», - деді аймақ басшысы.

Еске салайық, ағымдағы жылдың шілде айындағы іссапар барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Асқар Мамин Д.О. Рогозинмен  ресейлік және қазақстандық тараптардың қаланы дамытуды қаржыландыру мәселесін нақтылау қажеттігі туралы мәселені көтерген болатын

«Байқоңыр» ғарыш айлағында бірлескен ғарыштық жобаларды жүзеге асыру туралы Аэроғарыш комитеті төрағасының орынбасары Ғалымжан Данбаев сөз сөйледі. Сондай-ақ, мемлекеттік органдардың басшылары Байқоңыр қаласын абаттандыру, оның тұрғындарын жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Еске салайық, бірлескен «Бәйтерек» Қазақстан-Ресей жобасы 2022 жылы жүзеге асырылады, қазіргі таңда қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ, Байқоңыр кешенінде медицина туралы келісімге өзгертулер енгізу, жер учаскелерін бизнес-жобаларды іске асыру үшін жалға беру және Төретам және Ақай елдімекендерін дамыту мәселелері бойынша хаттамаларға қол қойылды. Айта кетейік, қала әкімшілігі «Роскосмос» корпорациясының қолдауымен қала аумағын абаттандыру, жолдарды жөндеу, тұрғын үйлерді газдандыру жұмыстарын бастады. Өз кезегінде облыс әкімдігі Үкіметтің қолдауымен 5 көп пәтерлі үйдің құрылысын бастады, су құбыры мен кәріз жүйесін коммуналдық меншікке қабылдап, оларды жетілдіруге байланысты техника-экономикалық негіздемелерін дайындап, қазақстандық мектептер мен емханаларды көгілдір отынмен жабдықтады. Сондай-ақ, осыған дейін Байқоңырдағы 5 мектеп бітірушілері ҰБТ-ны тапсыруда қиындықтар орын алмауы үшін қазақстандық білім беру стандартына көшкен болатын.

Кездесу қорытындысы бойынша облыс әкімі Қармақшы ауданының әкімдігіне облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасымен бірлесіп, Төретам және Ақай елдімекендерін, нақтырақ айтсақ, инженерлік инфрақұрылым мен тұрғын үй құрылысын дамытуға, жолдарды жөндеуге, электрмен жабдықтауға, газдандыруға т.б. дамыту шараларына арналған Жол картасын әзірлеуді тапсырды.  Сондай-ақ бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту мен жобаларды іске асыруды қолдау жөніндегі шараларды қарастыру жүктелді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
ҚЫЗЫЛОРДАЛЫҚ АГРАРЛАР АЙМАҚТЫҢ АГРОӨНЕРКӘСІПТІК КЕШЕНІН ДАМЫТУ МӘСЕЛЕЛЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ
05.09.2018 16:34

Қызылорда облысындағы семинар-кеңестің күн тәртібінде су ресурстарын тиімді пайдалану, ылғалды сақтайтын технологияларды енгізу және құрғақшылыққа төзімді дақылдарды өсіру мәселелері қарастырылды.

Қызылорда облысының Қармақшы ауданындағы «Жаңа жол» ЖШС-де астық жинау рәсімі мен  «Дала күні» семинар-кеңесі өтті. Шараға  Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев, қала әкімі мен аудан әкімдері, аграрлық ұйымдар мен қаржы институттарының басшылары, сондай-ақ аймақтағы агроөнеркәсіптік кәсіпорындары қатысты.

Семинар-кеңес барысында облыс әкімі Қырымбек Көшербаев биылғы жылы ауа-райы егінші қауымына үлкен сын болғанын атап өтті. Мамыр, маусым айларында ауа температурасының салқын болуы және шілде айында Сырдария өзеніндегі судың айтарлықтай азаюынан су тапшылығы орын алды.Соған қарамастан, өңірдегі шаруалар осы сынақтан абыроймен өтіп, қазір олар егін жинауға кірісіп отыр.

«Қазіргі жағдайдағы су тапшылығы жағдайынан  сабақ алып, келешекте ағымдағы жағдайды ескере отырып, шаруашылықтың одан әрі дамуы үшін барлық шараларды жасауымыз керек. Су тапшылығының кері әсерін азайтудың біз үшін бірден-бір жолы - «Күміскеткен» су қоймасы мен Қараөзек арнасындағы тоғанның құрылысын бастауды жеделдету», - деді аймақ басшысы.

Су қоймасын салу үшін техникалық-экономикалық негіздеме мен жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге облыстық бюджеттен қаражат бөлінгенін атап өткен жөн. Қараөзектегі тоған салынған жағдайда 1,5 миллиард текше метрге дейін су жинауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, Сыр өңірінде суармалы суды үнемдеу және тиімді пайдалану бойынша толық шаралар кешенін енгізу қажет. Мәселен, заманауи су үнемдеу технологияларын қолдану - маңызды мәселелердің бірі.

«Елбасымыздың алдағы 5 жыл ішінде агроөнеркәсіп кешеніндегі еңбек өнімділігін және өңделген ауыл шаруашылығы өнімінің экспортын кем дегенде 2,5 есеге арттыру тапсырмасын орындау үшін егін шаруашылығында суды аз қажет ететін, экономикалық жағынан тиімділігі жоғары, сыртқы нарықта сұранысы мол дақылдарды және цифрлық агротехнологияларды енгізу қазіргі жағдайда өте маңызды. Бұл бағыттағы жұмыстарды өз дәрежесінде атқару үшін біз облыстың аграрлық саласын 2020 жылға дейін дамыту Агрокартасын жүзеге асыру іс-шаралар жоспарын бекітіп, аграрлық ғылымның озық жетістіктерін кеңінен пайдалануды бастадық», - деді аймақ басшысы.

Сонымен қатар, аймақ басшысы көршілес Қытайда сұранысқа ие соя тәрізді жоғары өнімді дақылдарды өсіру агроөнеркәсіп кешенінде экспорттың үлесін ұлғайтатындығын атап өтті.

Облыс әкімінің айтуынша, Шиелі ауданында 2018 жылдан бастап «Ақмая смарт ферм» интеллектуалды технологиясын қолдану арқылы дақылдардың өнімділігін арттыратын нақты ауылшаруашылық жобасы іске асырылуда.

«Заманауи цифрлық технологияларды пайдалану шығындарды қысқартып және өнімділік деңгейін жоғарылатуға мүмкіндік береді. Мәселен, біздің облыста барлық егістік жерлер тек қана суармалы судың көмегімен тұр. Қызылорда облысы - егістікті жаңбырсыз, яғни жауын-шашынның көмегенсіз суаратын  жалғыз облыс. Осыған орай, тамшылатып суару арқылы дақылдардың көлемін көбейткен жөн. Көктемде топыраққа түскен ылғалды сақтай отырып, аквасорбентерді қолданған тиімді. Осы әдістермен Қаратау беткейінде бос жатқан жерлерді қолдана отырып, богарлық әдіспен мал азықтық дақылдар: судан шөбі, құмай жүгері, түйежоңышқа егуді қолға алу қажет. Бұл өз кезегінде, мал шаруашылығы, оның ішінде сүт бағытындағы шаруашылықтарды құнарлы мал азығымен қамтамасыз ететін болады», - деді аймақ басшысы.

Сондай-ақ, аймақ басшысы бұл мәселеде шаруалардың жаңа суармалы алқаптарға су жеткізу инфрақұрылымын мемлекеттік-жеке әріптестік негізінде жасауға шақырды. Мемлекет кеткен шығындарын кезең-кезеңімен 3-4 жылда қайтарып беретінін мәлімдеді. Сонымен қатар, тамшылатып суару жүйесін енгізген жағдайда, оған жұмсалған шығындардың 30 пайызын мемлекет субсидиялайды.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Бахыт Жаханов  және аудан әкімдері егін жинау науқанына дайындық барысы жөнінде баяндады, ал шаруа қожалықтарының басшылары әртүрлі дақылдарды өсіруде өз тәжірибелерімен бөлісті.

Кездесуді қорытындылай келе, аймақ басшысы алдағы уақытта  аграрлық сектордағы ықтимал қауіптер туралы ескеріп және қолда бар ресурстарды тиімді пайдалану қажеттілігін атап өтті.

Шара барысында қатысушылар «Жаңа жол» шаруашылығының егіс алқабын аралап, астықты жинау рәсімін өткізді. Дәстүр бойынша «Еңбек Ері», ардагер Ана Сәлима Жұмабекова мол өнім жинауын тілеп, жиналған жұртшылыққа батасын берді.

Анықтама: биылғы жылы облыста 184,5 мың га егістік егілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 3370 гектарға артық. Оның ішінде 95,3 мың гектарға дәндідақыл, 10,3 мың гектарға майлы дақылдар, 61,5 мың гектарға жем, картоп, көкөніс пен 17,4 мың гектарға бақша өнімдері егілді. Сонымен қатар, аграрлық секторды әртараптандыру бойынша тәжірибе аясында 50 га судан шөбі, 50 га құмай жүгерісі және 5 гектарға  соя егілді.

Күріш алқабы 87 267 гектарды құрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 
Апатты мектеп алаңдатады
05.09.2018 16:27

Жаңақорған ауданында екі бірдей білім ордасының мәселесі шешілмей тұр. Тіпті, Аққұм ауылындағы 100 орындық мектептің құрылысы аяқсыз қалған. Жаңа оқу жылында пайдалануға берілуі тиіс ғимараттың құрылыс жұмыстары 85 пайызға орындалыпты. Алайда мердігер мекеме салғырттық танытқан сыңайлы. Сондай-ақ, аудан орталығында 80 жыл бұрын салынған №169 мектеп осыдан 4 жыл бұрын апатты жағдайда деп танылған. Ең өкініштісі, 340 оқушыға лайықталған орында 1200-ден аса бала білімі алуда. Іргетасы сөгіліп, қабырғасы қисая бастаған білім ордасына ата-аналар амалдың жоқтығынан бала оқытып отыр.

Сейсенбіде өңірлік коммуникациялар қызметінде Жаңақорған ауданының әкімі Ғалым Әміреев жыл басынан бері атқарған жұмысына тоқталды. Жалпы, оңтүстік өңірдің тұрғындары кәсіпке бейімдеу келеді. Сондықтан болар онда тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3753-ті құраса, олардың 95 пайызға жуығы белсенді түрде жұмыс істеуде. Олар тиісінше, 9 мыңнан аса адамды жұмыспен қамтыған. Бюджетке 651,1 млн теңге салық түскен. Аталған кәсіпкерлік субъектілерінің 567-сі сауда және сервистік қызмет көрсету бағытында жұмыс істейді. Соңғы жылдары жаңақорғандықтар туризм саласына да бет бұра бастаған. Бүгінде бұл бағытта 11 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліпті. Биыл облыста 29 жасқа дейінгі идеясы мол жұмыссыз және кәсіп бастауға ниетті жастарды қолдауға «Zhas Project» жобасына 150-ден аса жоба ұсынылса, оның 69-ы жеңімпаз атанған. Яғни, аудан жастары өңір қазынасына 145 млн теңге инвестиция құйған.

Ал асыраушы салада да бірқатар шаруалар қолға алынған. Айталық, 37024,4 гектар ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылған. Оның ішінде 7700 гектарға негізгі дақыл себілген. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту бағытында Қыркеңсе ауылдық округіндегі «Бекарыс-Агрофут» серіктестігі «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-мен бірлесіп, ет бағытындағы 170 бас асыл тұқымды қашар (қалмык) сатып алған. Ғалым Әміреевтің сөзінше, ауданда құс шаруашылығы бағытында жұмыс істеуге ниеттілер қатары артқан. Мәселен, Ақүйік ауылдық округіндегі «Қаратау-Ақүйік» АӨК-нің мүшелері үйрек өсіруді қолға алыпты. Сонымен бірге Жайылма ауылының тұрғыны Қайрат Әлменов 3 млн теңге несиеге 1000 бас үйрек алып, кәсібін жандандыру үстінде.

Брифинг барысында аудан әкімі жоғарыда аталған жайттарға байланысты жауап берді.

– Аққұм ауылындағы мектептің жағдайына келсек, мердігер мекемемен аз-кем проблемалар болған. Біз оны бақылауда ұстап отырмыз. Қаржысы дайын. Тапсырыс беруші облыстық құрылыс басқармасы қазан айында білім ордасы толық тамамдалатынын айтты. Ал №169 мектептің мәселесі басты назарда тұр. Жақында ҚР Білім және ғылым министрінің орынбасары облысқа келмек. Оның жобасын әзірлеп қойдық. Вице-министрден ең бірінші осы мектепке қаржы сұрайтын боламыз,- деді Ғ.Махмұтбайұлы.

«Халық» газеті:

– Қожакент ауылдық округіндегі ауыл шаруашылығы кооперативі мен мал сою бекетін салған құрылыс компаниясының арасында түсініспеушілік болған. Қазір аталмыш кооперативте мал сою бекеті бар ма және ол жұмыс істеп тұр ма?

Ғалым Әміреев:

– Иә, рас. Түсініспеушіліктер болды. Бұл жерде кооперативтің кінәсі жоқ. Құрылыс компаниясы салған мал сою бекеті бекітілген стандарттарға сәйкес келмегендіктен, оны кооператив қабылдаған жоқ. Бүгінде онда басқа мал сою бекеті берілмек. Өзге құрылыс компаниясымен жұмыс істейтін болады.

«Халық» газеті:

– Шалқия кентіндегі Кеңес үкіметінен қалған ғимараттар бұзыла ма, әлде қалыпқа келтіріле ме?

Ғалым Әміреев:

– Бұл өте көкейтесті мәселе. Бүгінде Шалқия кенішінің бас директоры ауысып жатыр. Біз осы үйлердің мәселесін көтердік. Бас директордың айтуынша, ол үйлер бұзылмайды. Іске асыру қажет деп отыр. Құжат дайындау жағынан көмек сұрады. Сот арқылы «қараусыз қалған» деп тануды сұрағанбыз. Алайда бір пәтердің иесі болса да, оған ештеңе істей алмаймыз. Аталмыш компания ол үйлерді ел игілігіне қалыпқа келтіріп беруі мүмкін.

Сондай-ақ, биыл мәдениет саласы бойынша Жаңақорған ауданының және айтыскер ақын М.Көкеновтің 90 жылдығын атап өту жоспарланған.

Халық-хабар

 
Қуаңшылықтан шығынсыз шыққан Шиелі
04.09.2018 17:17

Биыл облыста бұрын-соңды болмаған су тапшылығы орын алып, шаруалардың тірлігі біраз шатқаяқтағаны рас. Бұл қуаңшылық аграрлы аудандарға оңайға соқпайтыны түсінікті. Аталған қиындықтармен шиелілік диқандар қалай күресті? Осы және өзге де мәселелер жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде Шиелі ауданының әкімі Әшім Оразбекұлы баяндап берді.

Осыдан үш жыл бұрын аталмыш өңірде үрлемелі су тоспасы салынған-ды. Кешегі тапшылықта диқандар соның арқасында ғана егіннің шығымдылығын сақтап қалған. Сондай-ақ, Сырдария өзенінен тек қажетті мөлшерде ғана суды алып отырған, 56 гектардай күріш алқабына зақым келіпті.

– Ауданда 2018 жылдың 7 айында 3,9 млрд теңгенің ауыл шаруашылығы өнімі өндіріліп, өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға артты. Бүгінде өңірде 201 майда қожалықтар мен 311 дара кәсіпкерлердің бірігуімен 37 ауыл шаруашылығы кооперативі құрылды. Сонымен қатар айналымнан шығып қалған 3700 гектар жайылымдық жер егістік алқабына ауыстырылды, - деді аудан әкімі.

Бүгінде ауданның жылдық бюджеті 15 млрд 180 млн теңгені құрап отыр. Ал өнеркәсіп орындары 2018 жылдың 7 айында 13 млрд 401 млн теңгенің өнімін өндірген. Қазіргі күні өнеркәсіп өнімінің көлемін арттыру бағытында индустриялдық-инновациялық даму бағдарламасымен жалпы құны 97,2 млрд теңгенің 2 жобасы іске асырылуда. Атап айтқанда, «Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС-ның жобалық құны 64 млрд теңгені құрайды. Жылына 1 млн тоннадан аса тампонажды цемент шығаратын зауыт желтоқсан айында өз жұмысын бастамақ. Екіншісі – «Фирма Балауса» ЖШС-нің «Балауса Сауысқандық» кен орнындағы кварцитті ванадий өңдеу және өндіру зауыты. Аталмыш кәсіпорын бірінші жартыжылдықта 259,5 млн теңге тұратын 58,4 тонна метованадат аммониясын Ұлыбританияға экспортқа шығарған. Аталған кен орнын «Қара тақтасты автоклавты қайта өңдеу» жобасына сәйкес жыл аяғына дейін 2,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған.

Брифинг барысында Әшім Оразбекұлы сметалық құны 5 млрд 511 млн теңгені құрайтын 150 орындық аурухана құрылысы жүріп жатқандығын айтты. Бұйырса, аталмыш нысан келесі жылы пайдалануға берілмек.

Шиеліде бұған дейін теміржол өткелін салуға байланысты бірнеше рет мәселе көтерілген. Әшім Оразбекұлы оның жобасы дайын екендігін жеткізді. Жоба құны – 651 млн теңге. Егер тиісті министрлік мақұлдаса, келесі жылы көпір салу басты жоспарда тұр. Осыдан біршама уақыт бұрын әлеуметтік желіде Жанназар батыр ауылына баратын «Бозарық» каналын кәсіпкерлер шлюз арқылы бітеп, өз мақсаттарына пайдаланғандығы жөнінде ақпарат тараған болатын.

– Осы мәселеден кейін ауылға барып, елмен тілдестік. Менің негізгі мақсатым – тұрғындарды тіршілік нәрімен қамтамасыз ету. Соңғы екі жыл қатарынан «Бозарық» және «Нәнсай» каналдарын тазалағанбыз. Дегенмен, каналдар дариядағы су деңгейіне тікелей байланысты. Егер дарияның суы түсіп кетсе, каналға су бармайды. Әлеуметтік желіде жарияланған жазбадан кейін шлюздер ашылды. Және бұған жол берген ауыл әкімі сөгіс алды, - деді Ә.Оразбекұлы.

Жалпы, Шиеліде онға жуық ауыл әкімдері және бірнеше бөлімдерде ауыс-түйістер орын алған-ды. (Және 1 ауыл әкімі парамен ұсталған. – Қ.Ж.) Осы тағайындаулар кезінде көпшіліктің көңілін аударғандары да бар.

«Халық» газеті:

Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген Исабек Байкенжеевтің аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы қызметіне келуін қалай түсіндіресіз? Инженерлік іспен айналысатын маман мәдениет саласын қалай алға сүйрейді?

Әшім Оразбекұлы:

Исабек Байкенжеев тау-кен инженері және экономика мамандығын бітірген. Шыны керек, ауданда мәдениет саласы бойынша мамандар аз. Біз педагог мамандарды іздедік. Дегенмен, ол мамандар бекітілген ережелерге сәйкес келмейді. Ал экономист мамандарға басшылық жасауға рұқсат бар екен. Мен де осы мәселеге байланысты облыстық мәдениет басқармасындағылармен сөйлестім. Негізі бұл «орын» үш айдай бос тұрды. Жалпы, Исабек Байкенжеев экономикалық білімі болғандықтан ғана осы бөлімге басшылық қызметке келді.

Шиелі топырағы – 41 Социалистік Еңбек Ері, 10 ғасыр адамының 5-еуі шыққан өңір. Даңғайыр диқан Ыбырай Жахаевтың туған жері. Шиеліліктер алдағы «Алтын күз» мерекесін абыроймен өткізуді жоспарлап отыр.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы

 
<< Бірінші < Алдыңғы 1 2 3 4 5 6 7 8 9 10 Келесі > Соңы >>

Күнтізбе

< Қыркүйек 2018 >
          1 2
3 4 5 6 7 8 9
10 11 12 13 14 15 16
17 18 19 20 21 22 23
24 25 26 27 28 29 30

Сауалнама

Аса мәртебелі шенеуніктердің қылмысқа шатылып жатқандығы нені аңғартады?
 

Ауа райы

Валюта бағамы

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі валюталардың ресми бағамдары