ҚЫЗ БЕН ЖІГІТ ДОС БОЛА АЛА МА? | Print |
10.01.2019 11:05

“Қыз пен жігіттің арасында достық бола ма?” деген сауал ортаға тасталған ретте, “болады” деп бой бермей, мыңдап мысал келтіруге бар достарыңыз табылатын шығар. Расында, дәл осы сауал түрлі отырыс­тарда даулы мәселеге айналып, көптеген адамдарды мазалағаны­ анық. Сіздің ойыңызша, сөйлесу кезінде бір-біріне көңілі ауып, сезімі пайда бола бастаған адамдар дос болуы мүмкін бе? Немесе махаббатта­ жолыңыз болмай қалған соң ғана дос ретінде қабылдағаныңызды жұрттан жасырып қалғыңыз келе ме? Бұл өзіңізді-өзіңіз алдағаныңызбен қоймай­, өзгеге де өтірік айтқаныңыз болып саналмай ма?

Кей-кейде “мүмкін емес” деп таңғалғанымызбен, бәрі мүмкін екені тағы рас ғой. Біз бүгінгі жарияланымда неге қыз бен жігіттің арасында­ достық болмайтынын өз хәлімізше түсіндіріп көрмекпіз.

 

Ерте ме, кеш пе біреуі...

Жігіт пен қыз бір-бірімен дос боп сөйлесе бастаса, ерте ме, кеш пе біреуі екіншісіне ғашық болып қалады. Бұл – бірінші нұсқамыз. Әрине, ол жауапсыз махаббат болуы да мүмкін. Дәл осыдан соң, екеуі жауапсыз­ махаббатты шынайы достық деп ойлайды. Сосын ел-жұртқа бой бермеуд­і бастап кетеді. Егер сезім болып, екеуі жұптасатын болса, бұл достықтың­ мүмкін еместігін дәлелдеп тұрғанын ашық  айтуға  болады.

 

Ғашығыңыз ба, досыңыз ба?

Қызыңыздың ең жақын дос жігіті бар болса, не істер едіңіз? Сіз қызыңызды одан қызғанасыз. Сосын оған онымен сөйлесуді азайт деп ашық айта бастайсыз, ақырында тыйым саласыз. Дәл солай қызыңыз­ да сізді жынысы қыз “достарыңыздан” қызғанады. Ал, енді таңдау жасаңыз­, ғашығыңыз ба, қызыңыз ба? Көп адам таңдау жасағанда­ махаббатқа баса назар аударады. Егер ол шынында сіздің досыңыз болса, сіз махаббатт­ы таңдамас едіңіз ғой.

 

Сөз  өзгертеді

“Доспыз” деп айдар таққанымызбен, біз құрбымызға ұнау үшін қайт­кенде де тырысамыз. Өз тарапынан олар да ұнағысы келеді. Қарама-қарсы жынысты қарату туралы ойлар әрқашан болады, өйткені табиғат солай жаратқан. Достар сырт келбетімізді мақтаса қуанамыз ғой. Ал, егер қыздан жылы сөз естісек, тіптен күлім­сірейміз. “Осы қыз маған ғашық емес пе?” деген ой өздігінен келе  салады. Гарвард университетінде жігіттер мен қыздардың­ ең жақын­  достарына  зерттеу  жүргі­зілген. Сонда  қыздардың 88%-ы досына  комплимент білдіре отырып, олармен қарым-қатынас орната алатынын тұспалдаған.­

 

Тақырыпқа  тұсау  болмаса

Жалпы, дос деген кім өзі? Досыңызбен түрлі оқиға төңіре­гінде  әңгіме-дүкен құрып, дөрекі сөйлеп, онымен еркін әзіл­десе­сіз. Ал, қыздар сіздің қалжыңыңызды, дөрекі сөзіңізді көтере ала ма? Сіз оның бүгін сатып алған әртүрлі косметикалық затта­ры туралы бірнеше сағат бойы қалай әңгімелейтінін елестетіп көрдіңіз бе? Достықтың шегі болмау керек. Әрі ол қызығушылықтардың ұқсастығы­на негізделуі шарт. Біз дүниеге өзгеше қарап, басқаша ойланамыз. Көп нәрсені жасыры­п қалатын қос жанды дос деп атау  қаншалықты орынды  деп  ойлайсыз?

 

“Қосымша  вариант”  болса  ше?

Қыз бен жігіт өздерін шын ниетімен достар деп санаса да, әрдайым­ бірін-бірі “қосымша вариант” есебінде қарастырады. Мұны көпшілігі тек іштей ғана мойындайды. Егер басқа адаммен жол болмай­ қалғанда “досына” көңілі ауады. Қарым-қатынастағы мұндай ұсақ пайдакүнемдік үшін достықта орын болмау керек. Сонымен бірге, егер сіз ол адамды “қосымша вариант” деп есептеп жүрсеңіз, бұл ісіңізге қалай құрметпен қарауға болады?

Ал, сіздер қалай ойлайсыздар, ойлы оқырман?

Рыскелді   ЖАХМАН