Байқоңырлықтар ел медицинасының игілігін көреді | Print |
16.11.2018 17:42

Байқоңыр қаласындағы Қазақстан азаматтарына көрсетілетін медициналық көмекті бұдан былай мемлекетіміздің жауапкершілігіне алады. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарова мәлімдеді.

«Жалға берілген қала» халқына бұрын Ресей заңнамасына сәйкес, ресейлік медицина ұйымдары мен мамандары қызмет көрсететін. Қазақстандағыдай тегін медициналық көмек, дәрілік заттар мен осы мақсаттағы бұйымдарды тегін алу, профилактикалық дәрігерлік тексеруден өту құқығымен қамтылмаған болатын. ҚР Парламенті Сенатының депутаттары «2009 жылғы қарашадағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасында «Байқоңыр» кешенін жалға алу жағдайында ғарыш айлағының персоналына, Байқоңыр қаласының, Төретам және Ақай кенттерінің тұрғындарына медициналық қызмет көрсету тәртібі туралы келісімге өзерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» Заңын қабылдады. Енді осы заңнама аясында байқоңырлықтар тиісті медициналық көмекті елімізден алады.

2016 жылдың 12 тамызынан бастап Байқоңырда қазақстандық медициналық ұйым – облыстық медицина орталығының филиалы іске қосылды. Бүгінде ол қаламен қоса Төретам, Ақай елді мекендерінің, Арал, Қазалы, Қармақшы аудандарының халқына қызмет етуде. Филиалда 60 орындық терапия бөлімі және 20 орындық күндізгі стационар жұмыс істеуде.

- 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Байқоңыр қаласындағы ОМО филиалында емхана ашылып, бүгінге дейін Ресей Федерациясының медициналық ұйымдарынан қызмет алып жүрген 21 мыңнан аса қазақстандық азаматтар тіркеліп, медициналық көмек алуда. Қазіргі күні филиалда 11 аймақ ашылып, жалпы тәжірибелік дәрігерлер толығымен қамтылған. Емхана невропатолог, отфальмолог, гинеколог, ЛОР, педиатр, терапевт, кожвенеролог, травматолог, психиатр, балалар хирургі, травматолог мамандарымен жасақталған. Амбулаториялық-емханалық қызмет көрсетуге республикалық бюджеттен 188,9 миллион теңге қаржы бөлінді. Жергілікті бюджеттен 64 миллион теңгеге емханаға қажетті құрал-жабдықтар алып берілді, - деді А.Әлназарова.

Басқарма басшысының сөзінше, азаматтарға жергілікті емхана көрсете алмайтын көмекті жолдама бойынша федералдық медициналық ұйымдар қамтамасыз ететін болады. Ресей тарапынан хирургиялық, инфекциялық, туберкулез және жедел жәрдем секілді көмек түрлері көрсетілмек.

Байқоңырдағы медицина саласының деңгейін арттыру үшін алға бірқатар жоспарлар қойылған. Атап айтқанда, Ақай, Төретам халқына мамандандырылған көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында Төретам емханасы мен Ақай ауылдық ауруханасын ОМО филиалына қосу. Бүгінде ойға алған межеге сәйкес тиісті жұмыстар басталып та кетті. Алдағы жылдың қаңтар айынан бастап хирургия, кардиореабилитация бөлімдері жұмысын бастайды. Сондай-ақ, 4 санатты шақыруларға жедел қызмет көрсету үшін емханадан жедел медициналық көмек бөлімін ашу және филиалға компьютерлік томограф сатып алу көзделіп отыр.

Ж.Қойшыбекова