Қарашада қараша неге сусыз қалды? | Print |
19.11.2018 13:44

Өткен аптада қаладағы бірнеше мөлтек ауданда ауызсу болмай, тұрғындар абыр-сабыр күйге түскен еді. Осы түйткіл төңірегінде әлеуметтік желіде де кеңінен талқыланып, жергілікті биліктің жұмысына біраз сын да айтылды. Сенбі күні өңірлік коммуникациялар қызметінде аталған мәселеге орай баспасөз брифингі өтті.

Бас шаһардағы Жібек жолы және Ә.Мүсірәлі көшелерінің қиылысындағы д-500 мм ескі ауызсу жүйесінен ақау шыққан. Анықталған деректерге сүйенсек, құбырлар осыдан 50 жыл бұрын іске қосылған. Ал құрылыс нормалары мен ережелеріне сәйкес темір құбырлардың жер астында жату мерзімінің шыдамдылығы – 22 жыл ғана. Ақау орын алған құбырдың 20-дан астам жерінде жарықтар пайда болғанға ұқсайды.

– Ақаудың салдарынан қаладағы Сырдария және Арай-2 мөлтек аудандарында ғана ауызсу уақытша тоқтатылды. Өйткені аяқ астынан орын алған апатты қалпына келтіру үшін амалсыздан осындай қадамға бардық. Бұл құбырлар жоғары қысымды көтермейді, - деді қала әкімінің орынбасары Бектас Балғабайұлы.

Қазіргі күні қаладағы су құбырларының 60 пайыздан астамы толық жаңғыртудан өткен. Қызылжарма жерасты су кені арқылы 98 су ұңғымасы іске қосылып, жерасты суына көшірілген.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Ералыұлы «Ауызсу жүйесінің толық қарқынмен жұмыс істеуіне құбырлардың ескіріп, тозығы жетуі кедергі келтіріп отыр» деп атап өтті.

Ал ақау шыққан маңда 20-ға жуық техника, 30-дан астам адам жұмыс істеген. Негізі дәл осы аумақта биылғы жылы жаңа су құбырлары жүргізіліп, 20 қарашаға дейін ауызсу желісін жаңа жүйеге қосу жоспарланған көрінеді. Мамандардың сөзіне сенсек, құбырларды ауыстыруға қолайлы уақыт – күз мезгілі. Жаздың аптап ыстығында тіршілік нәріне сұраныстың артатыны түсінікті, ал көктемде жер босаңсуы жұмысшылар үшін қолайсыз.

Ауызсусыз қалған Сырдария және Арай-2 ықшам ауданының тұрғындарына 2 су тасу көлігі жұмылдырылған. Тіпті, әлеуметтік желілерде тұрғындардың көлікпен келген суды талап алып жатқандығы туралы суреттер тарап, біраз талқыланды да. БАҚ өкілдері жауаптылардан аталған мөлтек аудандардағы тұрғындар санын сұраған еді. Алайда олар нақты жауап бермеді. Оның орнына олар «мұндай қолайсыз жағдайлар тек біздің қаламызда ғана емес, еліміздің кез келген өңірінде орын алып жатады. Дамыған елдер мен ірі мегаполистерде де ақаулар жиі кездеседі» деп жұбатты жұртшылықты.

Халық-хабар