Он мемқызметші қызметімен қоштасыпты | Print |
22.11.2018 17:29

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұйымдастырылатын іс-шараларға халықтың сенімі артқан. Бұл пікірді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Абзал Мұхимов БАҚ өкілдеріне берген брифингте айтты.

Абзал Сансызбайұлының сөзінше, адамдар көп шоғырланған қоғамдық орындарда 105 әлеуметтік сұхбат жүргізіліп, нәтижесінде жұртшылық тарапынан оң бағаға ие болғаны расталып отыр.

- Елбасы биылғы Жолдауында сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес жалғасатындығын жеткізді. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайтуды тапсырды. Бүгінгі таңда облыстағы мемлекеттік қызметшілердің саны – 3 721. Ағымдағы жылдың есепті кезеңінде жергілікті атқарушы органдардан – 36, орталық атқарушы органдардан 40 қызметкер мемлекеттік қызметтен кеткен. Ал теріс себептер бойынша 10 мемлекеттік қызметші жұмыстан босатылған. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық құқықбұзушылық жасағаны үшін – 7, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін – 2, басқа себептермен 1 адам, - деді Департамент басшысы.

Мемлекеттік қызмет саласын бақылау бойынша облыстағы мемлекеттік органдарда барлығы 54 тексеру жүргізіліпті. Қорытындысы бойынша 168 бұзушылық белгілі болған. Бір қуантарлығы, былтырғы кезеңмен салыстырғанда көрсеткіш 43 пайызға кеміген.

Теміржол саласындағы сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алу мақсатында жобалық топ 4 тексеру шарасын өткізген. Бақылаудың нәтижесінде теміржол саласында қызмет көрсету сапасының төмендігі және жолаушылардың билетсіз жүруі бойынша 24 заңбұзушылық анықталып отыр. Табылған кемшіліктер негізінде 8 жолсерікке әкімшілік хаттамалар толтырылып, заң алдында жауапкершілікке тартылған.

Мемлекеттік қызметшілердің жұмыс уақытын тиімді пайдалану және жұмыстан тыс жұмыстан қалу фактілерін болдырмау мақсатында 18 басқармада «Кіруді бақылау және басқару құралдары мен жүйелері» орналастырылған. Бес мемлекеттік органда автоматты компьютерлік сөндіру жүйесі орнатылған. Яғни жұмыс уақыты аяқталған кезде компьютерлер автоматты түрде өшіп қалады.

Ж.Қойшыбекова