САМАРА-ШЫМКЕНТ ТРАССАСЫНДА АВТОБУС АУДАРЫЛДЫ | Print |
23.11.2018 09:53

Облыстық жергілікті полиция қызметінің соңғы ақпараты бойынша автобуста 36 адам болған, оның 34-і - Өзбекстан Республикасының азаматы.

Кеше сағат 20.40 шамасында Шымкент-Самара автожолының бойында Арал қаласының маңында «Сарыағаш-Нижний Новгород» бағытында қатынайтын Ресей Федерациясынан Өзбекстан Республикасына бара жатқан автобус аударылды.

Автобус ішінде Ресейден қайтып келе жатқан 36 адам болған. Оның 34-і - Өзбекстан азаматы. Ал 2 жүргізуші - Қазақстан Республикасының азаматтары.

Зардап шеккендерге көмек көрсету және ауруханаға апару мақсатында Арал ауданының әкімдігі мен аудандық төтенше жағдайлар басқармасының қызметкерлері оқиға орнына шықты.

Оқиға орнында арнайы қызметтердің 10 бірлік техникасы жұмыс істеді.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ақмарал Әлназарованың хабарлауынша, 3 адам ауруханаға жеткізілді, олардың денсаулығына қауіп төніп тұрған жоқ. 1 жолаушы аудандық ауруханада ауыр жарақат салдарынан көз жұмды.

17 жолаушы Арал ауданы әкімдігі қызметкерлерінің көмегімен жол бойындағы қонақүйге орналастырылды. Автобус иесі кешке дейін оларды тасымалдау үшін көлікпен қамтамасыз етеді. Қалғандары өз бетінше Ресей Федерациясына қайтып жолға шыққан.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі