Көлшік үстінен жер телімі берілгені заңды ма? | Print |
26.11.2018 17:30

Қаладағы жер телімінің бағасы жал сипатпай тұр. Тіпті, жыл өткен сайын құны өсіп, қарашаның қалтасын қағып барады. Жасыратыны жоқ, тұғындардың кейбірі кезегінің келетініне күмәнмен қарайды. Оған себеп те жоқ емес. Былтыр ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тексеріс жүргізген. Нәтижесінде, жер қатынастары саласында заңбұзушылық жиі тіркелетіндігі анықталған. Бұл да бүгінгінің «безгегіне» айналған.

Облыс орталығындағы жер учаскелерінің орналасқан аумағына қарай құны да құбылып тұр. Қаланың қақ ортасынан алғыңыз келсе, «көк қағаздың» біршамасы қалтаңызда болуы тиіс. Біз көптен байқап жүр едік. Жаңадан бой көтерген «Арай-1», «Арай-2» шағын аудандарына барар жолдың оң жағында, көлшіктің үстінде шағын үйшіктер бой көтеріп жатыр. Қайбір күні «Жер сатылады» деген жарнама көзімізге оттай басылды. Содан сатып алушының кейпіне еніп, «Арай» мөлтек ауданы О.Әбдімомынов көшесінің бойындағы жер учаскесінің иесімен тілдестік.

– 10 сотықтан екі жер. Екеуінің бағасы – 10 млн теңге. Көк қағазы бар. Таза сатып аламын десеңіз, қатып қалған баға жоқ, - деді ол.

– Жердің айналасы көлшік сияқты...

– Жаңбырдың суы шығар.

– Инфрақұрылым жеткізілген бе?

– (сәл ойланып. – ред.). Газ, су, жарық, жол бәрі де келіп тұр.

– Қанша дейсіз?

– Таза аламын десеңіз, келісеміз!

– Жарайды, сау болыңыз?

Міне, көлдің үстінде тұрса да жер телімінің бағасы осы шамада.

Бізді қызықтырғаны, заңды тұрғыда көлшіктің айналасынан жер телімі беріліп, оны сатуға рұқсат бар ма? Бұл аумақ «Су қорғау аймақтары мен белдеулері туралы» ережеге қарамай ма? Тіпті, ондай жерге инфрақұрылым жүргізілмейтіні де белгілі емес пе? Білуімізше, инфрақұрылым жүргізілмейінше (сызбасы сызылып, көше-көшеге су, жарық, газ, жол салынуы қажет), меншік иелері ол жер телімін сатуға құқығы жоқ. Әлгі маңда инфрақұрылымның «иісі» де шықпайды. Жалпы, бұл жерлердің нақты иесі кім? Олар мемлекеттік актіге қалай қол жеткізді? Біз Қызылорда қаласы әкімдігі, қалалық жер қатынастары бөлімі, прокуратура мәселенің ақ-қарасын анықтап, тиісті жауап беруін күтеміз. Бұл мәселе «Халық» газетінің назарында болатынын айта кетейік.

Халық-хабар