ЕРІКТІ «АДАЛ ҰРПАҚ» МЕКТЕП КЛУБТАРЫНЫҢ ІІ СЛЕТІ ӨТТІ | Print |
28.11.2018 15:08

Жалағаш ауданы Қ.Қазантаев атындағы мәдениет Үйінде Жалағаш аудандық ерікті «Адал ұрпақ» мектеп клубтарының ІІ слеті өтті.

Рухани-адамгершілік және патриоттық тәрбиелеу контекстінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру мақсатында 2016 жылдан бері Жалағаш ауданы мектептерінде «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары құрылып, кешенді жұмыстар қолға алынды.

Салтанатты жиынның алғы сөзін аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев алып, «Адал ұрпақ» ерікті клуб мүшелері арасында облыстық, аудандық деңгейде үздік жұмыстарды көрсеткен №38, №123, №201 мектеп ұжымдарына «Үздік ұйым» номинациясын табыстады.

- Болашақтың еншісін арқалайтын жастар жаһандық сын қатерлерге төтеп беруде шар болаттай шыңдалған рух пен өнегелі ілімді бойына ұштастыра білуі қажет. Ал, сол сын қатерлердің басында қоғамдағы сыбайлас жемқорлық та бар. «Адал Ұрпақ» ерікті мектеп клубтары - рухани-адамгершілік тұрғыда оқушыларды  өнегелі, жауапкершілігі жоғары, патриоттық рухы бекем болуға баулитын  бастама, - деді аудан басшысы өз сөзінде.

Слет барысында Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басқарма басшысы Еркебұлан Сарымбетов сөз алып, «Адал ұрпақ» еріктілер клубына жаңадан қабылданған оқушыларға клуб мүшесі куәлігін табыстады.

Жиында сонымен қатар, Жалағаш ауданы прокуроры Мадияр Бекпанов рухани адамгершілік, азаматтық, патриоттық тақырыбында ұйымдастырылған «Адал жол» оқушылар шығармашылығы көрмесінің үздіктерін марапаттады.

Айта кету керек, аудан мектептеріндегі 20 «Адал ұрпақ» еріктілер клубтарында белсенді де бастамашыл 238 оқушы мүше.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі