ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ СӘЛИМА ЖҰМАБЕКОВАНЫ ҚОНЫСТОЙЫМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ | Print |
29.11.2018 09:48

11 бала тәрбиелеп өсірген Батыр ана, сондай-ақ "Құрмет" орденінің кавалері, Социалистік Еңбек Ері Сәлима Жұмабекова қоныстойын тойлады.

Естеріңізге сала кетейік, егін жинау жұмыстарының аяқталуына орай өткізілген салтанатты шарада Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев Сәлима Жұмабековаға қала орталығындағы жаңа жеке үйдің кілтін табыстаған еді.

"Жаңа баспанаңыз құтты болсын, шаңырағыңызға бақ-береке тілеймін. Менің ойымша, бұл - сіздің туған жеріңіздің игілігі жолындағы көпжылдық еңбегіңіз үшін лайықты марапат", - деді аймақ басшысы.

"Сізге және Мемлекет басшысына қамқорлығы үшін үлкен алғысымды білдіремін. Менің көпжылдық еңбегім бағаланғанына өте қуаныштымын. Барлық қазақстандықтардың отбасына амандық пен молшылық тілеймін", - деді С.Жұмабекқызы.

Сәлима Жұмабекова 1935 жылы 25 тамызда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ленин ауылында (1997 жылдан бастап – Тұрмағамбет ауылы) дүниеге келген. КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болған, сондай-ақ, өзі туған ауылда ауылдық кеңесті басқарған.

2008 жылы облысқа жасаған сапары барысында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Сыр елінің ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан зор үлесі үшін бірқатар ардагер-әйелдерге жаңа пәтердің кілтін табыстаған болатын. Олардың қатарында Сәлима Жұмабекова да болды.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі