ОҚУШЫЛАР ҮЙІНДЕ БАЛАЛАР ТЕХНОПАРКІ АШЫЛДЫ | Print |
30.11.2018 10:14

Кеше Жалағаш ауданындағы Оқушылар үйінде балалар технопаркі ашылды. «3D модельдеу», «Цифрлық білім беру бағдарламалары», «Робототехника» үйірмесінде қазіргі заман талабына сай жабдықталған құрылғылар балалар игілігіне пайдалануға берілді.

Оқушылар үйінде 14 үйірме жұмыс істейді. Оның 3-еуі техникалық бағытта жұмыс істеуде.

Оқушылар үйіндегі балалар технопаркінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов жаңа заман талабына сай жабдықталып, балалар игілігіне ашылған үйірмелердің жұмысына сәттілік тіледі.

- Балалар технопаркі – оқушыларды ғылыми-техникалық шығармашылыққа баулуға бағытталған қосымша білім берудің жаңа бір форматы. Ауданда тұңғыш ашылып отырған технопарк жалағаштық оқушылардың техникалық қабілеттерін дамытуға жаңа бір серпін береріне сенімдіміз, - деді Жағыпар Айтбайұлы.

Сондай-ақ, аудан әкімінің орынбасары Оқушылар үйіндегі бірқатар үйірме жұмыстарымен танысты.

Айта кетейік, технопарк робототехника кабинетімен, 3Д принтерлермен және тағы да басқа қажетті құрылғылармен жабдықталған. Ғимараттың жөндеу жұмыстарына және жабдықтауға аудандық бюджеттен 10 миллион теңге бөлінді.

Аудан әкімінің баспасөз қызметі