Ауылда саябақ ашылды | Print |
11.12.2018 11:49

Қашақбай Пірімов ауылы – аудандағы іргелі елді мекендердің бірі. Аудан орталығына жақын орналасқан ауыл тұрғындарының тұрмыс-тіршілігі бөтен емес. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында елді мекен халқы үлкен қуанышқа кенелді. Бұл күні ауылдан орталық саябақ ашылып, ел игілігіне берілді.

Рәсімге қатысқан Қазалы ауданы әкімі Мұрат Ергешбаев ауыл тұрғындарын жаңа саябақтың ашылуымен құттықтап, алдағы уақытта елді мекенге көрсетілер көмектің жалғасатындығын, ауылдың дамуы елдің өркендеуі екендігін атап өтті. Шара барысында ауыл ақсақалы, Қазалы ауданының құрметті азаматы Б.Нұршабаев ел ағаларына тұрғындар атынан ризашылық білдірді. Саябақ жұмысын мердігер мекеме «ҚазалыСтройСервис» ЖШС-нің сапалы түрде атқарғанын айта кету ләзім.

Аудан әкімі бастаған ел ағалары, жиналған жұртшылық саябақтағы «Тағзым» алаңы, спорт және балалар ойын алаңдарымен танысты.Сахна орнатылып, түрлі мүсіндер (арыстан, бүркіт, барыс) қойылып, брусчатка төселген саябақ ауыл ажарын ерекше ашып тұр.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы