КӘРІЗ СУ ЖҮЙЕЛЕРІМЕН ҚАМТУ ЖӘНЕ ТҰРМЫСТЫҚ ҚАТТЫ ҚАЛДЫҚТАРДЫ ҚАЙТА ӨҢДЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ТАЛҚЫЛАНДЫ | Print |
20.12.2018 09:20

Облыстың экологиялық мәселелері туралы мәжілісте тұрмыстық қатты қалдықтарды орналастыратын полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру және қалдықтарды тасымалдауға байланысты бекітілген тарифтер талқыланды.

«Тұрғындардың салауатты және сенімді ортада өмір сүруін қамтамасыз ету – біздің басты міндеттеріміздің бірі. Бүгінде облыс халқының 98 пайызы орталықтандырылған ауыз су жүйесін пайдаланып отыр. Облыстағы  ауылдық елдімекендердің 83,2% орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосылған. Бұл - республика бойынша алдыңғы көрсеткіштердің бірі»,-деді аймақ басшысы.

Облыстық экология департаментінің басшысы Марат Құрманбаевтың айтуынша, аймақта көптеген әлеуметтік нысандар салынып, олардың әрқайсысына лас су жинақтағыш септиктері салынған. Тұрмыстық шаруашылыққа пайдаланатын судан жылына шамамен 16,0 млн.м3 лас су шығады. Алайда осындай көлемдегі лас суды төгетін  арнайы кәріз су қабылдайтын алаңдар кейбір  аудандарда нақты шешімін таппай отыр.

Департамент басшысы елдімекендердегі кәріз жүйесінен шыққан лас суларды реттеу шараларын жүзеге асыру туралы бірқатар ұсыныстар енгізді

Облыстық энергетика және тұрғынүй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Медет Усаин мен аудан әкімдері кәріздік суларды тазарту және кәдеге жарату бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Мәжілісте тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу мәселесі де қаралды. Қызылорда облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Айдар Абдуалиевтің айтуынша,  аймақтың экологиялық амәселелерінің ішіндегі маңыздысы полигондарды экологиялық және санитарлық талаптарға сәйкестендіру болып табылады.

«Барлық аудандар мен қала әкімдіктері өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыруға 145 жер учаскесін белгілеп, тиісті құжаттарын толығымен рәсімдеді. 2013-2015 жылдары Қармақшы, Қазалы аудандарының орталықтарында полигон құрылыстары жүргізілді. 2018 жылы 1-ші кезекте облыстық бюджеттен Арал қаласына полигон салуға қаржы бөлінді. Қалған қаражат 2019 жылғы нақтыланған бюджетке ұсынылды. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында Қызылорда қаласында тұрмыстық қатты қалдықтарды сұрыптау кешені мен полигон құрылысын іске асыру жобасы басталды. Аталған жұмыстарды жалғастыру мақсатында Сексеуіл мен Тереңөзек кентіне полигон құрылыстарына бюджетке өтінім ұсынылды. Қалған Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандары полигонның жоба-сметалық құжаттарын әлі күнге дейін созуда»-деді А.Абдуалиев.

Жалпы аймақтың барлық аудандарында өңдеуге келетін қалдықтарды өңдеу бойынша тиісті жұмыстар өз деңгейінде жүргізілмеуде. Облыс бойынша 2018 жылы жинақталған 147,0 мың тонна қатты тұрмыстық қалдықтардың 4700 тоннасы өңделген. Қайта өңдеу үлесі 3,19 %-ды құрады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі