«Қызылорда су жүйесі» қаржылық қиындықтармен қалай күреспек? | Print |
26.12.2018 10:04

Еңбек саласындағы заңнамаларды білуге және қажет кезінде тиісті органдарға шағымдануға жұмысшылардың көпшілігі немқұрайды қарайтыны рас. Ара-тұра басшылықтың «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге баратыны да жасырын емес.

Бұрнағы жылдары жекеменшік кәсіпорынның қызметкерлерінен арагідік «жұмыстан қысқарып қалдық» деген әңгімені еститінбіз. Ал қазір ше? Бүгінде осыған ұқсас жайттар жыл өткен сайын еселеніп барады. Десе де, құзырлы орган өкілдері «мұндай мазмұндағы арыз-шағымдар түскен жоқ» деп азарда-безер.

Биылғы жылдың қазан айында облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасына «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкері А.Әбсадықовадан еңбек қатынастарына қатысты шағым түскен.

– Арызданушы А.Әбсадықова мекемеде жүргізіліп жатқан қысқарту шаралары, жалақының уақытылы төленбеуі, мерекедегі демалыс күндері жұмысқа тартылғандығы және ол үшін еңбекақы төленбегендігі туралы шағым түсірген. Осыдан кейін еңбек саласындағы бақылау басқармасы өз құзыреті шеңберінде мекемеге жоспардан тыс тексеру жұмыстарын бастады,- деді өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасы басшысының орынбасары Тұмар Шалабаева.

Жүргізілген тексеру нәтижесінде А.Әбсадықованың қыркүйек айындағы 141 мың теңгеден аса жалақысы уақытылы төленбегендігі анықталып, жұмыс берушіге нұсқама беріліп, оған ҚР Әкімшілік Кодексінің талабыны сәйкес 30 АЕК мөлшерінде айыппұл салынған. Сонымен қатар мерекедегі демалыс күндері жұмысқа тартылғандығы және ол үшін еңбекақы төленбегендігі де расталған. Жұмыс беруші мен жұмысшы арасында жазбаша келісім жасалмағандығы да дәлелденген. Еңбек Кодексінің 85-бабының 1-ші, 2-тармағында белгіленген талаптар өрескел бұзылған. Тұмар Балтабайқызының сөзінше, қазіргі таңда жүргізілген шаралардан соң А.Әбсадықованың еңбекақысы толық төленіп, нұсқама орындалған.

Осы ретте айта кетейік, мекемедегі штаттық кестені бекіту тікелей жұмыс берушінің құзыретінде. Алайда 55 жастан асқан тұлғалар мен жүкті және 3 жасқа дейінгі бала күтімінде отырған кейбір қызметкерлер қысқарту тізіміне еніп кеткен. Бұл еңбек заңнамасына қайшы әрекеттер болып саналады.

– «Қызылорда су жүйесі» МКК-да мекемедегі штаттық кестені оңтайландыру шараларына орай 47 қызметкер қысқартылған еді. Кеткен кемшіліктерді қалыпқа келтірдік. Ал, арызданушы А.Әбсадықова бүгінгі күні жұмыста жоқ. Бірақ, біз мекемедегі бірнеше қызмет түрін ұсындық. Ол бас тартты, - дейді «Қызылорда су жүйесі» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Тілеуберген Қаныбеков.

Айтпақшы, аталмыш мекемеде қаржылық қиындықтар орын алып жатқан көрінеді. Мұны Тілеуберген Сағынышұлы да жоққа шығармады.

Қозы  Көрпеш  Жасаралұлы