Арықбалық – ар мен намыстың мекені! | Print |
11.01.2019 12:08

Қазалы  ауданының  әкімі  Мұрат  Ергешбаевтың  назарына

«Өлі разы болмай, тірі байымайды». Мұның астарында жас ұрпақты елін, жерін сүюге, өткен ата-бабамыздың есімін жадымызда сақтауға, қала берді имандылыққа шақырған ұлағатты тәрбие жатқаны анық. Бұл, әсіресе, дәл бүгінгідей саясаттың қазаны бұрқ-сарқ етіп қайнап жатқан кезеңде аса қажет екенін ешкім теріске шығара қоймас.

Елбасының «Әрбір өлкенің халқына қорған, ыстығына сая, суығына пана болған баһадүр бабалары бар. Олардың есімін ұрпақтары ұмытпауға тиісті» деген лебізі бар. Бүгінгі күн қазақ тарихында қанды әріппен жазылып, зардабы жалпақ жұртқа аса ауыр тиген қасіретті күннің бірі десем, артық айтқандық емес. Бір сәт сарғайған тарих парағына көз салайықшы.

Танымал жазушы ағамыз Молдахмет Қаназ құрастырған «Жанқожа Нұрмұхамедұлы» атты зерттеулер мен мақалалардан құралған кітаптың 59-бетінде «1857 жылы қаңтар айының 9-10-ы күндері Арықбалықта болған ұрыста батырдың қолының саны үш мыңнан астам еді. Шайқас кезінде ақ туды Жанқожа батырдың өзі көтеріп тұрды. Осы шайқаста орыстардың сапынан шығын болған кісі онша көп емес. Фитингофтың отрядында 300 казак-орыс, 320 жаяу әскер, 3 зеңбірек, 3 ракета қондырғысы бар еді» деп («Сырдария уәлайаты». Қазалы қ., 1894 ж.18 ақпан. Орыс тілінен аударған Асан Досжанов. Очерктің орысшасы 1894 жылы Қазан қаласында жарық көрген) тайға таңба басқандай анық жазылған.

Осы ғылыми-танымдық басылымдағы Молдахмет Қаназ ағамыз келтірген «Алексей Иванович жарылқаушы ма? Жазалаушы ма?» атты мақаласындағы «1857 жылдың 5 қаңтарында зеңбіректердің әр түрінен 103 снаряд, 9 қаңтарда 205 снаряд, осы аралықта көтерілісшілерге әртүрлі оқ-қарудан 3221 (!) оқ атылды. Бұл оқтардың барлығы далаға емес, қазақтарға атылған. Бейкүнә пақырлардың біразы ұрыс алаңы – Арықбалықта жан тапсырды. Көтерілісшілердің ізіне түскен А.И.Бутаковтың жазалаушы отряды 9-11 қаңтар аралығында 212 ағаш үйдің шаңырақтарын талқандап, керегелерін қиратып жылынды, солдаттарға тамақ пісіру үшін отқа жақты. Осы жолы қазақ шаруаларының 1239 малы бекініске айдап әкелінді. Оның сыртында 300 қой солдаттарға азыққа берілді, жол бастап жүрген сұлтандарға сыйға тартылды» деген мәліметті кеудесінде адамгершіліктің титімдей ұшқыны бар пенденің көзіне жас алмай оқуы мүмкін емес.

Жанқожа батыр ауылы Арықбалық ауылдық округінің орталығы саналады. Мұнан екі жылға тарта уақыт бұрын (2017 жылдың күзінде) сол тұстағы Қазалы ауданы әкімі Нажмадин Шамұратовтың қолдауымен батыр ауылында Арықбалық шайқасы құрбандарын еске алуға арналған ауқымды шара ұйымдастырылды. Аталмыш шараға округ әкімі Сапарбек Қуатов бастаған ауыл көлеміндегі мекеме басшылары, ұжымдар, аудан орталығында тұратын жекелеген азаматтар, ауыл тұрғындары, баба ұрпақтары демеушілік жасағанын атап кетпеу әділетсіздік болар еді. Өткен жылы ауылда Алик Тілеуімбетов басшылық жасайтын №94 мектеп ұжымы «Әскери қолданбалы спорт сайысы» түрінен ауқымды жарыс ұйымдастырды. Бұл жолғы шараға «Нұр Отан» партиясы Қазалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қасқырбек Мәмбетжан, аудандық денешынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Нұрлыбек Есбосын, «Отан» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жетеу Ерекеш, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ғани Темірбаев бастаған ұжымдар демеушілік танытып, «Қазалы» газетінің журналистері белсене араласқан болатын.

Ал биыл... Аудан орталығында тұрғанымен, бар зейіліміз ауылда екенін несіне жасырайын? Қаңтар айы басталысымен ауыл жақтан жақсы жаңалық күткенім рас. Ел үшін басын бәйгеге тігіп, арыстанша алысқан (көпшілігі күші тең емес шайқаста мерт болған) батыр атам бастаған боздақтардың аруағын еске алып, қандайда болмасын шара ұйымдастырылатын шығар деп елеңдегенмін. Өкінішке қарай, бұл күндер үн-түнсіз өтті. Таң атысымен батыр атам ауылындағы «Сарқұл қожа» мешітінің имамы Мұратбек Бәлкеев бауырыма қоңырау шалып, Жанқожа бабамыз бастаған Арықбалық шайқасына қатысушы ержүрек сарбаздарға, сол қандықасапта мерт болған марқұмдардың аруағына құран бағыштауын өтіндім. Мұратбек сөзге келмеді. Мұнан соң ауылдағы №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовке хабарластым. Директор інім болса өзінің сырқаттанып, дәрігерден ем қабылдап жүргенін, алдағы аптада Арықбалық шайқасы құрбандарын еске алуға арналған спорттық шара өткізу ойы барын жеткізді. Қай кезде де ауылдағы ортақ істен бойын тартпайтын Алик Тілеумбетовке ағыл-тегіл алғысымызды жаудырдық.

Мәдениет үйінің директоры Марат Жақсылықовтан жылдағы дәстүрмен жоғарыдағы оқиғаға байланысты шара өткізуді округ әкімі Сапарбек Қуатовқа білдіргенін, жоспарланған шараның ауылдағы спорт кешенінің директорының науқастанып қалуына орай кейінге қалғанын естідік.

Десе де менің көкейімде «бүгін (10.01.2019 ж) ауыл әкімі мәдениет үйінде жылдық есебін беріпті. Жиын барысында округ әкімі Сапарбек Қуатов осы күннің ауылымыз үшін қаншалықты маңызды екенін, Арықбалық шайқасына қатысқан батыр атамыз бастаған аяулы азаматтардың ерлігі, ел үшін төгілген қаны, қыршынынан қиылған боздақтардың асыл бейнесі мәңгі ұмытылмайтынын бір-екі ауыз сөзбен атап кеткенде де болар еді. Ресейде 1905 жылғы 9 қаңтардағы оқиғаны «қанды жексенбі» деп әлі күнге дейін ауыздарынан тастамайды. Әрине, қаза адам санымен өлшенбейді. Алайда Ресейдегі сол оқиғаның салдары Арықбалық шайқасында біздің елдің халқының шеккен азабы, оққа ұшқан, аязда үсіп өлген адам санымен салыстыруға келе ме? Қаңтардың қақаған аязында бар жан сақтар баспанасы киіз үйлері отқа оранған, босқынға ұшыраған қарапайым халықтың (әсіресе емшектегі нәрестелер, балалар, ауру-сырқаулар мен қарттар) қаншасы қырылғанын кім білсін? Енді сол естігеннің аза бойын қаза қылатын қанды қырғынды қазіргі ұрпақтары жыл сайын еске түсірсе, артықтық ете ме? Ол үшін кімнен, қандай нұсқау керек? Мекеме басшысы ауырып қалса, өзге адам бар емес пе? Не де болса дер уақытында үнсіздік танытқан дұрыс емес тəрізді. Кейін қандай шара өткізсе де өздері білер. Қазақ тарихында ойып орын алатын кез келген көтеріліс, қозғалыстан маңыздылығы кем түспейтін Арықбалық шайқасын аудан көлемінде еске алғанда да ұтылмас едік» деген ауыр ой қылаң берді.

Жадыма танымал заңгер, ақынжанды азамат, Жанқожа батырдың ұрпағы Есекей Құдайбергеннің «Сол боздақтар кəуірлердің азабы жанына батқасын шықты ғой. Əйтпесе кім қақаған қыста қолына таяқ алып жауға шабады. Жанқожа баба да қатерді сезді, білді, дегенмен намысқа шыдамаған бауырларын бастуға мəжбүр болды. «Сол Арықбалықта қалуым керек еді» деп өкінішпен кеткен жоқ па? Арықбалықты намыс пен ардың, құлдық санадан арылудың жолын аңсаған жандардың қаны тамған жер деп қастерлей алсақ кәнеки?!» деген лебізі оралғанда денемді белгісіз сезім кернеді.

Белгілі жазушы Молдахмет Қаназ ағамыз Арықбалық шайқасы құрбандарына арнап аудан көлемінен ескерткіш-белгі қоюды мәселе қылып көтеріп жүргені көзі қарақты оқырманға жақсы мәлім. Азаттық жолында шейіт кеткен батыр бабаларымызға қандай құрмет жасасақ та орынды. Олай болса, қарымды қаламгердің ұсынысы ел ағалары тарапынан қолдау табады деп үміттенеміз!

Қар жамылған Арықбалық алқабы талай сырды бауырына басып мүлгіп жатыр.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы