Тектілік дарыған тұлға | Print |
17.01.2019 17:27

Елеу Көшербаевқа - 90жыл

«Өлді деуге бола ма айтыңдаршы,

Өшпейтұғын соңында із қалдырған».

Осынау жыр жолдары қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамызға тура айтылғандай. Әркімнің ғұмырында өзінің тағылым тәрбиесі, өнегелі жолымен өшпестей із қалдырған адамдар болады. Мен үшін қоғам қайраткері марқұм Елеу Көшербаев ағамыз – дәл осындай тұлға. Өз басым еліне қадірлі, халқына қалаулы атанған Елекеңдей асыл азаматтың қарамағында қызмет жасаған кезімді өмірдің шынайы мектебінен өткен шағым деп сағына еске аламын. Орайы түскенде, қызығы мен қауырт шаруасы мол болған сол жылдардан аз ғана үзінді келтірсем.

1989 жыл болатын. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Елеу Көшербаев шұғыл кабинетіне шақырды. Мен ол тұста «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы кеңшардың партком хатшысы едім.

Елекең «Сіздің ауылда Жанқожа батырдың дүниеге келгенін білесің. Батыр бабаға аудан орталығынан ескерткіш орнату көзделуде. Осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Елге беделді азаматтармен тілдес. Кездесу уақытын белгіле. Мен де барамын. Қармақшы ауданында қызмет жасап жүргенімде Қорқыт бабаны дәріптеген едім. Енді Жанқожа батыр әрі әулие бабамызды ұлықтауымыз қажет» деп қысқа қайырды. Дереу тапсырманы орындауға кірістім. Жиынымызға Елеу ағамыз қатысты. Ауыл тұрғындары көтерілген мәселені қызу қолдады. Жанқожа батырдың ұрпағы Айдарбек Табынбаев, Әбибулла Қосболов басқа да ардагерлер құнды пікірлерін жеткізді. Осылайша бабаны ұлықтаудың алғышарты жасалды. Жарты әлемді билеген кеңес үкіметінде ұлттық батырымызды дәріптеу, мұндай қадамға бару оңай емес еді.

Арада бірнеше жыл өте ағамыздың тілегі қабыл болды. Ол кезде Елеу Көшербаев ағамыз облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы қызметінде еді. Батыр атамызға республикалық дәрежеде ас беріліп, кесене орнатылды. Кіндік қаны тамған ауыл баба есімін иеленді. Мен совхоз директоры ретінде ауыл азаматтарын бастап асқа арнайы келген Ұзақбай Қараманов, Әубәкір Тыныбаев, Сағидулла Құбашов, Иманғали Тасмағанбетов, Сейілбек Шаухаманов, Роза Бағланова, Дәуірхан Айдаров, Алтыншаш Жағанова, өзге де мәртебелі меймандарға қызмет жасадым. Елеу Көшербаев ағамыз құттықтау сөз сөйлеп, мен символикалық кілтті қабылдап алдым.

Сәл шегініс жасасам. 1988 жыл. Сол тұстағы одақтың астанасы Мәскеу қаласында өткен «Арал экологиясы мәселесі» жөніндегі Кеңеске Қазақстаннан республикалық делегация қатысты. Делегация құрамында Роза Бағланова, Мұхтар Шаханов, Елеу Көшербаев, Жәлел Қизатов, Н.Уәлиев тәрізді елге танымал тұлғалар болды. Мен ол кезде «Қазақстанның 40 жылдығы» атындағы совхозда бас зоотехник болып жұмыс істейтінмін. Осы сапарда мен де болып, тура бір апта есімі көпшілікке жақсы мәлім тұлғаларға қызмет жасағанымды өмірімнің ең бір жарқын белесінің бірі санаймын.

Елекең Қазалы ауданын басқарған тұста мал бордақылау бағытында Ақбел участогінен мал бордақылау алаңын ауданда ең алғаш біздің совхозда ұйымдастырған едік. Бұл жерде 5000 бас қой бордақыланып, қозы айырдық. Сондай-ақ, қыс мезгілінде бие саууды қолға алған болатынбыз.

Жаңалыққа жаны құштар, қашанда қоғам мүддесін бәрінен жоғары қоятын қоғам қайраткері Елеу Көшербаев ағамыздың жарқын бейнесі жылдар өткен сайын ұрпақ зердесінде жарқырай бермекші.

Берік Бисембаев,

ауыл шаруашылығы саласының ардагері,

Қазалы ауданы