Жақсы басшы бұқараның қамын жер | Print |
17.01.2019 17:30

Қазалы аудандық білім бөлімінің басшысы Бектұр Қалидың назарына

Қалыптасқан ахуал осылай сөйлеуге әкеліп тұр. Қазіргі таңда басшылар жайлы ел арасында аса жағымды пікірлер айтыла бермейтінін несіне жасырамыз? Десе де, ұжымның жақсы атағы мен олқылығы өзгеден бұрын мекеме басшысына тиетінін мойындауға тура келеді. Жанқожа батыр ауылынан телефон соғылды. Қоңырау шалған Руслан Есназаров есімді тұрғын амандық-саулықтан соң өзінің жұмысқа орналасқанын айтып, аудан, ауыл көлеміндегі азаматтарға, «Халық» газетінің ұжымына, №94 мектеп директоры Алик Тілеумбетовке ризашылығын білдірді. Мен де қуанып қалдым.

Біршама уақыт бұрын бұл ініміз «Халық» газетінің бас редакторы Н.Нұмағанбетовтың атына жолдаған хатында аталмыш мектепте жылу қазандығының маусымдық негізде операторы болып жұмыс істегенін, биылғы маусымда орнына басқа адам алынғанын, өзінің бес баласы барын жазған болатын. Мектеп директорымен тілдесіп, барша жайтқа қанықтық. Оған қоса мектеп басшысы бұл мәселе өзінің назарында екенін, алдағы уақытта Русланның жұмысқа орналасуына көмек жасалатынын айтқан еді. Жауапты құлағымызбен естігенімізбен, «әй, қайдам?!» деген сенімсіздік те көкейде жалт ете түскен. Азамат алдамады. Уәдесінде тұрды. Бүгін Руслан жұмысқа қосылды. Бәлкім, кейбіреулер «өзі от жағушылық әрі уақытша болса, несіне жар салады. Біреуге жарнама жасауға жазып отыр ғой, мына неме?» деуі де мүмкін. Кім не десе де, өзінің еркі. Уақытша екені рас. Алайда біреуге болмашы болып көрінген бұл жұмыстың қадірі «отбасыма кіретін табыстың көзі. Осы жалақыма тым құрығанда үйімді жылытатын көмір немесе азық-түлік аламын ғой» деп қуанған Русланға, маңдайынан ащы терін тамшылатып, адал еңбекпен нанын тауып жүрген көптеген қарапайым адамдарға жақсы белгілі.

«Алла сертіне берік жанды ұнатады» деген ескіден жеткен есті сөз бар. Талабыңыз оң болсын, Алик Тілеумбетов бауырым! Осындай бұқараның қамын жейтін басшыларыңыз көбейе бергей, Бектұр Қали мырза!


Жұмабек Табынбаев,

Жанқожа батыр ауылы,

Қазалы ауданы