ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ: ШАҒЫН және ОРТА БИЗНЕС СУБЪЕКТІЛЕРІНІҢ 85 ПАЙЫЗЫ ЖҰМЫС ІСТЕП ТҰР | Print |
29.03.2019 12:05

2019 жылдың 1 наурызы бойынша аймақта 43 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген. Оның 85 пайызы тиісті деңгейде жұмыстарын жүргізуде.

Соңғы жылдың өзінде шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 13,8 пайызға өсті.

Айта кетейік, аймақта жаппай кәсіпкерлікті дамыту бойынша ауқымды және жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр.

Ағымдағы жылы кәсіпкерлікті шағын несиелеуге 4 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Олар жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту "Еңбек" бағдарламасын іске асыруға бағытталатын болады. Оның ішінде облыстық бюджеттен өңірлік инвестициялық орталық үшін стартап-жобаларды қаржыландыруға 500 млн теңге бөлінеді.

Сонымен қатар, "Бизнес-Кеңесші" бағдарламасы аясында 2019 жылы 737 адамды оқыту жоспарлануда. Ал "Бастау-Бизнес" бағдарламасымен 800 адам біліктілігін арттыратын болады.

"Бизнестің жол картасы-2020" бағдарламасы бойынша жыл басынан бері екінші деңгейлі банктер жалпы сомасы 658 млн теңгені құрайтын 27 жобаны мақұлдаған.

2018-2020 жылдары аймақта Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы болып жарияланып, «Жол картасы» әзірленді.

2018 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысы бизнесті жүргізуге қолайлы жағдай жасаған ең үздік облыс деп танылып, Тұңғыш Президент, Елбасы Н.Назарбаев Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаевқа "Алтын сапа" сыйлығын табыстады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап облыста Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы базасында кәсіпкерлік мақсаттар үшін жер учаскелерін беру бойынша ашық аукциондар өткізілуде. Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылы аймақ басшысының бастамасымен "бір өтінім" қағидаты бойынша 70-тен астам қызмет түрі тегін көрсетілетін "Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы" құрылды. Мысалы, жер қатынастары саласында 21 қызмет түрі көрсетілсе, оның 7-еуі мемлекеттік қызмет болып табылады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі