ЖАЛАҒАШТА АЛҒАШҚЫ ДӘН СЕБІЛДІ | Print |
29.04.2019 09:35

Мақпалкөл ауылдық округіндегі «Ер-Әлі» шаруа қожалығында алғашқы дән себу рәсімі өтті.

Шаруа қожалығы өткен жылы 603 гектарға күріш егіп, әр гектарынан 60 центнерден өнім алса, биылғы жылы 858 гектарға күріш егіп, әр гектардан 65-70 центнерден өнім алуды жоспарлап отыр.

Шаруашылық тек күріш егіп қана қоймай, жаздық бидай, малазықтық дақыл - жоңышқа да өндіріп келеді. Атап айтқанда, 60 гектар жаздық бидай, 80 гектар жаңа жоңышқа, 191 гектар ескі жоңышқа күтімге алынған.

- Жалағаш ауданы ауыл шаруашылығы саласы бойынша жыл сайын толайым табыстарға қол жеткізіп, өңір қазынасының ұлғаюына айтарлықтай үлес қосуда. «Ақ күріштің Қостанайы» атанған Жалағаштың диқандары былтырғы жылы үлкен сенімнен шықты. Күміс дәнін күнге сүйдіріп, ырзығын ысырапсыз жинап алған бейнеткер қауым ел ризығын молайту жолында аянып қалмады. Былтыр аудандағы шаруашылық құрылымдары 36 391 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастырды. Оның 22 382 гектары – Сырдың бағалы дақылы күріш болса, биылғы жылы 36 465 гектар жерге егiс егу межеленіп отыр, - деді аудан басшысы дән себу рәсімінде.

Айта кету керек, аудан бойынша 2019 жылдың егісі үшін 5 500 тонна күріш тұқымы дайындалды. Дайындалған күріш тұқымының 550 тоннасы - Янтарь, 4745 тоннасы - Лидер, 205 тоннасы - Фаворит сорттары.

Бұдан басқа 2019 жылдың егісіне ауыл шаруашылығы құрылымдарының өз күшімен 51 тонна жаздық бидай, 8 тонна арпа, 55 тонна мақсары, 53 тонна жоңышқа тұқымы дайындалды.

Сонымен қатар, көктем егісіне аудан бойынша 402 трактор, 91 соқа, 33 тұқым сепкіш, 100 жүк автомашинасы, 155 трактор тіркемелері қатысады.

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі