ӘДЕП ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛ БЕЛСЕНДІ ЖАСТАРМЕН КЕЗДЕСТІ | Print |
24.05.2019 17:00

Жастар ресурстық орталығы жанынан құрылған «Coworking» орталығында аудан әкімінің орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Жағыпар Тажмахановтың белсенді жастармен бейресми кездесуі өтті.

Кездесуге аудандық бөлім, мекемелердің жас мамандары, жас ұстаздар, Жастар ресурстық орталығының қызметкерлері, БАҚ өкілдері, түрлі салаларда жетістікке жеткен жастар қатысты.

Кездесуді Жастар ресурстық орталығының директоры Ерхан Бақбергенұлы жүргізіп отырды.

Аудан әкімінің орынбасары ауданның дамуы туралы баяндап, кездесуге қатысушылардың сұрақтарына жауап берді, ақыл-кеңестерін айтты, ал жастар өз идеяларын ортаға салды.

Кездесу соңында Жағыпар Айтбайұлы жастардың жарқын бастамаларына сәттілік тілеп, идеяларды жүзеге асыруға көмек қолын созатынын жеткізді.

Жалағаш ауданында мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Ағымдағы жылы мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыруға жергілікті бюджеттен 14 млн 77 мың теңге бөлінді. Бұл 2017 жылмен салыстырғанда 22 пайызға артып отыр.

«Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауданға жұмысқа тұруға келген жас маманға әлеуметтік қолдау шараларына сәйкес 118 жасқа тұрғын үй сатып алуға немесе салуға бюджеттік несие беру мақсатында республикалық бюджеттен қаржы қаралып отыр.

«Серпін-2050» әлеуметтік жобасы бойынша 82 жас колледждер мен жоғарғы оқу орындарында білім алуда. Ресейде білім алып жатқан жергілікті жастардың  саны - 14.

Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында ауданда 7 мәдениет үйі мен 8 ауылдық клуб, 21 кітапхана, 1 мәдениет және өнерді дамыту орталығы, барлығы 37 мәдениет және өнер мекемелері,  143 спорт нысандары жұмыс істейді.

Сондай-ақ, «Жастар жылы» аясында жергілікті бюджеттен 5 млн теңге қаржы бөлініп, жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында Жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылды.

 

Жалағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі