ҰБТ-да өзгеріс жоқ, ал бала еңбегі қаналмауы тиіс | Print |
03.06.2019 17:30

Брифинг

Биыл облыс бойынша мектеп бітіретін 5754 түлектің 4143-і ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдірді. Бұл өткен жылдан 5 пайыз жоғары болса да, көңіл толтыратын көрсеткіш емес. Мектептердегі білім сапасының деңгейін байқауға түлектердің ҰБТ-ға қатысуы кепіл болатын секілді. Алғыр, жақсы оқитын түлектің колледжді емес, жоғары оқу орынын таңдайтыны белгілі. Облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова брифингте ҰБТ-ны ұйымдастыру, «Бала еңбегін қанау» Ұлттық ақпараттық науқанының басталуы сөз болды.

Қызылорда облысы бойынша 5754 түлек мектеп бітіріп, 4143-і ҰБТ-ға қатысады. Оның 400-і – «Алтын белгіге», 285-і – үздік аттестатқа үміткер.

Облыстық білім басқармасының басшысы Майра Мелдебекованың айтуынша, биыл мектеп бітірушілердің 72 пайызы ҰБТ-да бақ сынайды. Ең бастысы, ҰБТ форматында өзгеріс болмайды. Тапсырылатын пәндердің саны – бұрынғыдай бесеу, тесттік тапсырмалардың саны – 120, максималды балл – 140. Түлектің дәстүрлі түрде 3 негізгі пәннен білімі тексеріледі. Олар – Қазақстан тарихы, математикалық сауаттылық және оқу сауаттылығы. Қалған екі пән таңдаған мамандық бойынша болады.

ҰБТ 20 маусым мен 5 шілде аралығында өткізіледі. Оған 9 тестілеу пункті дайын. Білім бәсекесі ҰБТ-ны ұйымдастыруға жергілікті бюджеттен 17,5 миллион теңге қаржы бөлінген. Қала мен аудандарда аталған бағытта тиісті жұмыстар атқарылуда.

Биыл мектеп бітірушілердің 4662-сі университеттерге (81 пайыз), 1000-ы колледждерге түседі деп жоспарлануда.

Жазғы демалыс балалар үшін әсерлі әрі пайдалы болғаны жөн. 1 маусымнан бастап сауықтыру, тынығу лагерьлері жұмысын бастады. Облыстық білім басқармасының мәліметінше, 1-10-сынып аралығындағы 147 мың бала жазғы демалыспен қамтылады. Бұл ретте өңірдегі 9 сауықтыру орталығы мен демалыс лагері  жұмыс істейді. (Оның 6-ауы жыл бойы, 3-еуі маусымдық). Жалпы білім беру  мектептері базасында күндізгі және   шатырлы лагерьлерде  барлығы 96 мың бала тынығады деп күтілуде. Ал «Рухани жаңғыру» бағдарламасы  аясында 20 мың бала  облысымыздағы киелі, тарихи, мәдени орындарға саяхат жасайды.

Жыл сайын 12 маусымда Дүниежүзілік  балалар еңбегін  пайдалануға қарсы  күрес күні аталып өтеді. Осыған орай, 1-12 маусым  аралығында  «Еңбектен бос балалық шақ» ұранымен  «Балалар еңбегін қанауға қарсы 12 күн» ұлттық ақпараттық  науқаны өткізілуде. Сондай-ақ кәмелетке толмағандарды мезгілдік жұмысқа  орналасуға арналған  жәрмеңке өткізіліп отыр. Онда жасөспірімдер мен ата-аналар  жұмыс орындарын анықтап,  жазғы маусымда уақытша жұмыс істей алады.

- Кәмелетке толмаған бала мен жұмыс берушінің келісімшарты болуы керек. Бірақ жұмыс берушілер заң талабын сақтамайды. Ал бұзылған жағдайда  жауапты органдарға  хабарласу керек. Айыппұл 30 АЕК-тен басталады. Ірі кәсіпкерлік субъекті болса, 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейді.  Алайда  бала еңбегін қанау  жөнінде арыз-шағым түскен жоқ,-дейді Қызылорда ОІІД жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Манарбек Есжанов.

Брифингте жауапты мамандар  журналистердің тарапынан қойылған сауалдарға жауап берді.  Балалардың жазғы демалысы мен бала еңбегін пайдалануға қарсы 12 күн бойынша ақпарат-деректерімен бөлісті.

Қ.САБЫРБАЙҚЫЗЫ