ҚАЗАЛЫДА КАФЕЛЬ КЛЕЙІ ШЫҒАРЫЛАДЫ | Print |
13.06.2019 12:25

Қазекеңнің «желімше жабысып» деген теңеуін естіген шығарсыз?! Мәнісі баршаға түсінікті болар. Алайда бұл жолғы айтқымыз келгені басқа нәрсе. Жақсы жаңалықты көпшілікке паш етуге тырысатын дағдымызбен көрген-білгенімізді оқырмандарға жеткізуге асықтық.

Өзге көршілермен салыстырғанда Қазалының кәсіпкерлік саласында біршама өзгешелік бары әмбеге аян. Әсіресе, сауда-саттық қарқынды дамыған. Мұны әсем де талапқа сай жабдықталған базарларынан аңғару қиынға соқпайды. Бір сүйсінерлігі, соңғы кездері алуан бағыттағы жаңаша үрдісті түрлі цехтар ашылып, тұрғындарға сапалы қызмет түрін ұсынуда.

Жуырда пайлалануға берілген жоғары сапалы кафельге арналған клей шығаратын шағын цех сөзімізге нақты дәлел болады. Қай жұмысты да бастау оңайға соқпайтыны, шаруа алға басуы үшін қаражат қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті. Бұл тұрғыда Жанқожа батыр ауылының тұрғыны Алмагүл Төлепованың айы оңынан туғандай. «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 3,5 млн теңге несие алған ол жоғарыда айтылған кәсібін батыл бастап та кетті. Көзі қарақтылардың пікірінше, жаңа өнімнің тиімділігі зор екеніне дау жоқ.

Цехқа қажетті құрал-жабдықтар, қондырғыларды Шымкент қаласынан алдырған кәсіпкер келіншек өнім сапасын басты назарға ұстаған. Осылайша арнайы аппараттың көмегімен әбден тазаланып еленген шеге құм, цемент, мрамор ұнтағы және вексула деген арнайы қоспаны қосу арқылы құрылыста кеңінен пайдаланылатын сыйымдылығы 25 келіні құрайтын «Мерей строй» деген жазуы бар қаптамаларға салынған клейді жасап шығарады.

– Бәсекелестік – нарық талабы. Тұрақты тұтынушыларымыздың санын көбейту үшін өнім сапалы, бағасы тиімді болуы шарт. Біз осы мақсатты ұстанамыз. Жергілікті жерде дайындалған өнімнің бағасы базардағыдан әлдеқайда арзан. Бүгінгі күні цехта 3 адам еңбек етеді. Баршасы сынақ бойынша қабылданған. Мамандардың білікті әрі өз ісін жетік білуі басты назарға алынған. Жұмысшылар Шымкенттен арнайы келген мамандардан дәріс алды. Алдағы уақытта өнім ауқымын, түрін ұлғайтып, облыстың өзге аудандарын да қамтысақ деген ойымыз бар, - дейді жеке кәсіпкер.

Оған қоса аталмыш цехта үйдің сыртын сылауға қажетті сәндік сылақ та (дождик) дайындалады. Өнімге сұраныс өте жоғары. «Талаптыға нұр жауар» деген. Талап оң болсын!

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы