МҮМКІНДІГІ ШЕКТЕУЛІ АЗАМАТТАРҒА МҮМКІНДІК МОЛ | Print |
18.06.2019 14:10

Бүгінгі күні облыста 5118 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның 85 пайыздан астамы тұрақты түрде жұмыс істесе, оларда 93 мыңнан аса адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергенов айтты.

Оның айтуынша, Жаппай кәсіпкерлікті дамыту мақсатында былтыр әртүрлі қаржы көздерінен 32 млрд теңге тартылса, оның 3 млрд теңгесі стартап жобаларға бағытталған көрінеді. Биыл өңірде бизнесті өрістету үшін 34 млрд теңге қаралыпты.

– Оның ішінде, 5 млрд теңге мемлекеттік бағдарламалар аясында қаржылай емес қолдауға, қайтарымсыз гранттар беруге және шағын несиелермен қамтамасыз етуге бағытталған, - деді Фердоуси Әбілқасымұлы.

Сонымен қатар облыста 2013 жылдан бері «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асыру үшін шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 3 млн теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар беру жүргізілуде. Айта кететін жайт, кәсібін жаңа бастаған жас кәсіпкерлер мен мүмкіндігі шектеулі азаматтарға басымдық берілетін болады.

– Бағдарлама талаптарына сәйкес жобаны іске асыру үшін сұралатын грант қаржының 10 пайызы мөлшерінде өзінің үлесін қосуы немесе кәсіпкер қаржылай немесе жылжымайтын/жылжымалы мүлікпен қатысып, міндетті түрде жұмыс орнын құруы қажет, - деді басқарма басшысы.

Қайтарымсыз грантты алу үшін «Бизнестің жол картасы – 2020» немесе «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында кәсіпкерлік негізде білім алуы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, оқудан өткендігі жөнінде сертификат 2 жыл мерзімге ғана жарамды.

Қазіргі таңда мемлекеттік гранттар беру конкурсы бойынша облыста 381 кәсіпкер жалпы құны 398 млн теңге қайтарымсыз қаражатқа ие болған. Мәселен, 2013 жылы бұған 14 жоба ғана ұсынылса, 2018 жылы 222 жоба мақұлданыпты. Гранттар беру конкурсына қатысуға өтінімдер қабылдау 10 маусымнан басталып, 21 маусымға дейін жалғасады. Оны өткізу үшін республикалық бюджеттен 31 млн теңге, «Жастар жылы» аясында 21 млн теңге жас кәсіпкерлерге қаралған.

Баспасөз брифингі барысында Қызылорда кәсіпкерлер ассоциациясының президенті, конкурстық комиссия төрағасы Мырзағали Ермаханов:

– Құжаттарды қабылдау рәсімдері аяқталған соң конкурстық комиссия отырысы өтеді. Оның құрамында атқарушы билік, қоғамдық бірлестіктердің өкілдері және ғылыми-білім беру мекемелері мен БАҚ өкілдері бар. Егер оң шешім қабылданса, облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасы, «Даму» қоры және кәсіпкер арасында үшжақты келісімшарт жасалады, - деп атап өтті.

Мамандардың сөзінше, өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына және салықтық базаның ұлғаюына ықпал етпек.

Халық-хабар