КЕНЕ ҚАУІПТІ, АЛ ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛЫПТЫ | Print |
21.06.2019 10:36

Сыр өңірінде кенелердің жұқпалылық деңгейі артқан. Соның салдарынан конго-қырым геморрагиялық қызбасына шалдыққан тұрғынның жағдайы қалыпты деп хабарлады облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ә.Мүтәліпқызының айтуынша, 3 науқас ауруханаға жатқызылған. Олар Шиелі ауданының Досбол би елді мекенінде тұрады. Тұрғындардың екеуін егістікте, біреуін мал жайылымында кене шаққан. Бұл үш жағдай маусымның 13-і, 16-сы және 19-ы күндері тіркелген.

- Кене шағу жағдайымен кеше бір науқас тіркелді. Бірақ жағдайы жақсы. Оған конго-қырым геморрагиялық қызбасының болжамды жағдайы деген диагноз қойылды. Бүгінгі күні бақылауға алынып, медициналық ем тағайындалып жатыр. Жалпы, өңірде кенемен күрес шаралары көктем мезгілінде белгіленген жоспарға сай атқарылған болатын, - деді Әлия Мүтәліпқызы.

Мамандар аталмыш ауданда кене шағу өткен жылмен салыстырғанда көбейгенін айтады. Былтыр 45 дерек тіркелсе, биыл оның саны 70-ке жеткен. Аталған індет мамыр, маусым және шілде айларында өршиді.

- Қазір халық бұл қауіпті дерттен хабардар. Кене шақсын-шақпасын, адамдар арнайы орындарған барып, қаралады. Жылдағы залалсыздандыру жұмысы да септігін тигізуде. Шынын айту керек, кенені түбегейлі жоя алмаймыз. Біз қолдан келгеннің бәрін жасап отырмыз,-деді Шиелі аудандық ветеринария бөлімінің басшысы Жұпарбек Әбен.

Айта кетейік, облыста конго-қырым қызбасының қоздырғыштары болып табылатын қолайсыз аймақ ретінде 123 елді мекен анықталған. Осыған орай облыстық бюджеттен 214,0 миллион теңге қаржы бөлінген. Аталған елді мекендерде 488 070 мал басына ( ірі қара 169 104, бас уақ мал 300 458, түйе 17 699, шошқа 812) және көлемі 2 042 998 шаршы метр 32 512 қора мен аумағы 680 048 шаршы метр 1192 суат пен шаңлаққа залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ қосымша Арал ауданында - 3, Қазалыда - 2,  Жалағашта - 1, Шиелі ауданында 4 елді мекенге 205 457 шаршы метр 1405 қора мен суат, шаңлақ залалсыздандыру жұмыстарымен қамтылған.

Құттыбике  Нұрғабыл