КӘСІПКЕРЛІКТІ ҚОЛДАУ ЖАЛҒАСЫП КЕЛЕДІ | Print |
24.07.2019 09:30

Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Қожабергеновтың қатысуымен брифинг өтті. Онда Қызылорда облысындағы кәсіпкерлік, туризм, сауда салалары бойынша алғашқы жартыжылдықта атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер турасында баяндалды.

Жалпы, өңірде жаңа тұрақты жұмыс орындарын құру, жұмыссыз және өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың санын қысқартуға ықпал жасау, өңірлік өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін күрт ұлғайту мақсатында өткен жылы «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың үш жылдығы» жарияланған болатын. Оның алдындағы жылды да кәсіпкерлік жылы еткеніміз бар-ды. Биыл аталмыш саланы қолдауға арнайы «Жол картасы» әзірленіп, әртүрлі қаржы көздерінен 34 млрд теңге тартылды. Оның 5 млрд теңгесі мемлекеттік және өңірлік бағдарламалар шеңберінде шағын несиелер және мемлекеттік гранттар беруге бағытталып отыр. Негізінен «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында шағын несиелендіру үшін 3,5 млрд теңге (оның ішінде ауылдық жерлерге – 3 210,476 млн теңге, Қызылорда қаласына – 299,49 млн теңге, несиелерді кепілдендіру үшін – 220,9 млн теңге) бөлінген.

2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен аталған бағдарлама аясында шағын несиелерді (ФФПСХ, АКК, РИЦ) 153 адам (628,9 млн теңге) алды. Сонымен қатар, «Микробизнес-Қызылорда» өңірлік бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен 850 млн теңге бөлініп, нәтижесінде ісін жаңа бастаған 205 кәсіпкердің жобасы шағын несиелендіру үшін мақұлданған.

Кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Фердоуси Әбілқасымұлының айтуынша, мұнан бөлек, «Бизнестің жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін 2019 жылға 1 млрд 50 млн теңге (оның ішінде, субсидиялауға – 900,619 млн теңге, кепілдендіруге – 119 млн теңге, гранттық қаржыландыруға – 31 млн теңге) бөлініп, шағын және орта бизнестің 216 субъектісіне қаржылай қолдау көрсетіліпті.

- Атап айтсақ, жыл басынан бері жалпы құны 2,6 млрд теңгені құрайтын 91 жоба субсидиялау үшін мақұлданса, 41 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісіне жалпы құны 432 млн теңге көлемінде кепілдік берілді.

Ағымдағы жылы мемлекеттік гранттар беру конкурсын өткізу үшін 31 млн теңге бөлініп, оның 21 млн теңгесі жас кәсіпкерлерді қаржыландыруға бағытталды. Нәтижесінде конкурсқа қатысуға 473 шағын кәсіпкерлік субъектісі өтінім білдірді. Конкурстық комиссия шешімімен 84 жоба қаржылай қолдау тапты, оның ішіндегі 44 жоба – жас кәсіпкерлердің үлесінде. Әкімшілік кедергілерді қысқарту бағытында Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығымен 4181 қызмет көрсетілген болса, оның ішінде техникалық шарттар 788 тұлғаға ұсынылды, - деді ол.

2019 жылдың 1 қаңтарында өңірімізде тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 51 078 бірлікті құрап, осы жылдың 1 шілдесінде оның саны 51 274 бірлікке жетіп отыр. Яғни, жыл басынан бері 196-ға көбейген. Ал, жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны жыл басында 42 342 бірлікті құраса, қазіргі саны 44 225-ке (1 шілде) жетіп, сәйкесінше 1446 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істеп тұрғандардың тізімін толықтырды.

Жыл басында тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің ішінде жұмыс істеп тұрғандарының үлесі 82,9 пайыз болса, бұл көрсеткіш 6 айдың қорытындысында 86,25 пайызды құрады. Яғни, 2,7 пайызға өсім бар.

Бүгінгі таңда облыс аумағында 233,7 мың шаршы метрді құрайтын 6827 сауда орны мен 37 базар тіркелген.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңына енгізілген өзгерістерге сәйкес, 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап халқының саны 100 мың адамнан асатын облыстық маңызы бар қаланың аумағында әмбебап сауда базарлары стационарлық сауда объектілері қатарына көшірілуі тиіс болатын. «Бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде» деп сендірді бізді басқарма басшысы өз баяндамасында.

Облыстағы туризм саласына тоқталсақ. 2019 жылдың қаңтар-наурыз айларының қорытындысы бойынша өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда кіру туризмінің келушілер саны 62,2%-ға және ішкі туризмнің келушілер саны 69,1%-ға көбейді, сәйкесінше 972 адам және 19 682 адамды құрады.

Облыста орташа құны 7801 теңгені болатын 1246 нөмірлік қоры бар 107 қонақүй орналасқан. Бұл ретте бір жолғы сыйымдылық – 2260 төсек-орын. Көрсетілген кезеңде 20 654 адамға қызмет көрсетіліп, орындалған жұмыстар мен қызметтердің жалпы көлемі 252,3 млн теңгені құрады.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының туристендіру картасына облыстан 3 нысан енгізілді. («Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы). Оның ішінде «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру жобасы Қазақстан Республикасының туристендіру картасының алғашқы ондық (ТОП-10) нысандар тізімінде.

Облыста «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік жолы бойындағы жол бойы қызмет көрсету нысандарын салу үшін Қызылорда облысының бөлігінде 44 нүкте белгіленген.

- Бүгінгі күнге инвестицияның жалпы сомасы 5 млрд 801 млн теңгені құрайтын 26 нысан пайдалануға беріліп, 700 тұрақты жұмыс орны құрылды. Оның ішінде 1 нысан 2019 жылы іске қосылған (Шиелі ауданындағы «С» санатындағы «Жүзкенов» ДК, жоба құны – 120 млн теңге). Сонымен қатар, басқармамен «ҚазАвтоЖол» ҰК АҚ облыстық филиалымен бірлесіп, объектілерді ұлттық стандартқа сәйкес келтіру бойынша (ағымдағы жылдың 13-16 ақпан аралығында 4 адамнан тұратын жұмыс комиссиясы құрамындағы соңғы мониторинг жүргізілді) жүйелі түрде жұмыстар жүргізілуде, - деп атап өтті басқарма басшысы Фердоуси Қожабергенов.

Брифинг соңына тақалғанда спикерге «басқармада әлі де шешілуі керек деген қандай мәселе бар?» деген сарындағы сауалымызды жолдадық. «Жалпы, шағын және орта бизнестің макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша қойылған межелерге, сондай-ақ, барлық міндеттерге қол жеткізу – біз үшін ең бірінші орында» деп бастаған ол тұрғындар тарапынан несие алуға және оның берілуіне қатысты көптеген түсінбеушіліктердің, кедергілердің кездесетінін жасырмады.

Рыскелді ЖАХМАН

 

Сәуір айында ұйымдастырылған «Қызылордада жасалған» тауарлар көрмесіне 30-дан аса кәсіпорын қатысып, онда жеңіл өнеркәсіп, азық-түлік, құрылыс материалдары және қолөнер бұйымдары ұсынылды.

* * *

Кәсіпкерлер арасында интернет-дүкендер арқылы сатуды ұйымдастырудың артықшылықтары туралы түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Мемлекеттік кірістер департаментінің ресми мәліметтеріне сәйкес, облыста 51 интернет-дүкен жұмыс істеуде, оның ішінде жыл басынан бері тіркелгені – 21.

* * *

Азық-түлік емес тауарлары бағаларының негізсіз өсуін болдырмау мақсатында, өткен жылы ең негізгі, халық тұрмысына аса қажетті азық-түлік емес тауарларының тізімі жаңадан бекітілді және бекітілген тізім бойынша басқармамен азық-түлік емес тауарларының бағаларына мониторинг жүргізілуде.

* * *

Ресми статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2019 жылғы қаңтар-маусымында бөлшек сауда көлемі 139 892,0 млн теңгені немесе 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 101,0%-ды құрады.

Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі азық-түлік тауарларының үлесі 46 290,4 млн теңге немесе 33,1%-ды құрады, азық-түлік емес тауарлар – 93 601,5 млн теңге немесе 66,9%.

Көтерме сауда 77 279,0 млн (қаңтар-маусым) теңгені (2018 жылы – 101,3%) құрады.