Қазалы жаңалығы | Print |
30.07.2019 09:30

Байқауда  бағын  сынайды

Қазалылық 340 оқушы «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасының «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауына қатысып, бағын сынамақшы.

Оқушыларды іріктеу жарысы 15 қыркүйекте өткізіледі деп жоспарлануда. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған міндеттерді іске асыру мақсатында ұйымдастырылатын байқауға дайындық қызу жүргізілуде.

Оқушылардың дайындығы жоғары деңгейде. №249 мектеп-лицейдің, №226 мектеп-гимназияның, №88 мектептің оқушылары Аймейір Әбдрахым, Гүлзира Қонысбай, Ғазиза Айдарбекова, Айя Сердалы, Жазира Нұрқаш, Айерке Төремұрат (жетекшілері Гүлфайруз Әлішева, Мейрамкүл Жолекеш, Сұлтанғазы Томай) Қобыланды батыр жырын түгелдей жаттап алды.

 

«Сыр  маржанының»  серпіні

Қазалылық танымал кәсіпкер, облыстық мәслихат депутаты Мнажадин Өтеев басшылық жасайтын «Сыр маржаны» ЖШС-нің ірі қара малы Иран Ислам Республикасына экспорттала бастады.

Облыстың экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесінде 56 бас бұқашық серіктестікке қарасты мал бордақылау алаңында өлшеніп, Иран Ислам Республикасының «Inchen Broon Cooperative Inc» компаниясына жөнелтілді.

Айта кетерлігі, «Сыр маржаны» ЖШС 2015 жылы «Ірі қара мал етінің экспорттық әлеуетін арттыру» жобасы аясында Көларық ауылдық округінің Шеңгелді учаскесінде 500 басқа арналған мал бордақылау кешенін іске қосқан болатын. Қазіргі таңда алаңның қуаттылығы 3000 басқа ұлғайды. Заманауи кешенде 20-ға жуық адам жұмыс істейді.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы