ЖОСАЛЫДА ІРІ ЖОЛ АПАТЫ БОЛДЫ | Print |
01.08.2019 15:37

Бүгін таңертең Қармақшы ауданының Жосалы кентіндегі «Оазис» кешенінің тұсында ірі жол апаты болды. Кешеннен шыққан «Мersedes» маркалы ауыр жүк көлігі «Тоyота» автокөлігіне жол бермеген. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, дейді Kyzylorda-news.kz.

Апат салдарынан 4 адам оқиға орнында көз жұмды. Ал тағы төрт азамат Қармақшы аудандық ауруханасының жан сақтау бөліміне жеткізілді.

– Қазір Қылмыстық Кодекстің 345-бабының 4-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Тергеу-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалады. «Мersedes» ауыр жүк көлігінің жүргізушісі 5-тен 10 жылға дейінгі аралықта бас бостандығынан айырылуы мүмкін, – деді облыстық полиция департаменті тергеу басқармасы бастығының міндетін атқарушы С.Өтегенов.

Оқиға орнына облыстық жедел жәрдем стансасының 3 шақыру тобы дереу барып, жұмыс істеген. Бұл күнде Қармақшы аудандық ауруханасына қажетті мамандар да жөнелтілген.

– Төрт азамат жан сақтау бөлімінде жатыр. Облыстық көпбейінді ауруханасынан реанимотолог, нейрохирург, травмотолог тәрізді мамандарды жібердік. Қажетті медициналық көмектер жасалады, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Искаков.

Айта кетейік, жол апатынан көз жұмған жүргізуші мен жансақтау бөліміндегі төрт адам Қырғызстан азаматы екені анықталды.