ҚАЗАЛЫДА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ | Print |
09.08.2019 10:50

Кәсіби  мереке  қарсаңында

Соңғы жылдары Қазалы ауданында бірқатар құрылыс нысандары ел игілігіне берілді. Аудан орталығы Әйтеке би кентінің аумағы ұлғайып, көркі де айшықтала бастағаны көзге анық байқалады. Бұрын шетаймақ есептелетін бөліктер қазіргі таңда ел жиі қоныстанған көшелерге айналған. Әсіресе, қала мен кент аралығына салынған түрлі әлеуметтік нысандар, еңселі ғимараттар мен жекелеген тұрғын үйлер көңіліңе жылы әсер етеді.

Өткен жылы аудан бойынша 25 нысанның құрылысын салуға аудандық, облыстық, республикалық бюджеттен қаржы қаралған. Олардың қатарында Әйтеке би кентіндегі 300 орындық мектеп, салынатын тұрғын үйлерді газ, электрмен жабдықтап, жолдар салу, осы кенттегі жаңадан бой көтеретін тұрғын үйлерді ауы су, электрмен (инфрақұрылым) қамтамасыз ету, «Қарлан» учаскесіндегі тұрғын үйлерге сервистік ауызсу желісін жүргізу, Əйтеке бидің ескерткішінің тұғыры құрылысы, 56 гектар жер учаскесінде салынатын тұрғын үйлерді ауызсумен, газбен жабдықтау, Қазалы қаласында салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (электрмен қамту, газбен жабдықтау), кенттегі 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үйлердің инженерлік инфрақұрылым жұмыстары бар.

Осы ретте ел игілігіне берілген Жанқожа батыр ауылындағы спорт кешені туралы айта кетсек. Ауыл орталығындағы еңселі спорт кешені тұрғындардың көз қуанышына айналып үлгерді. Сапалы да көркем салынған нысанда баба ұрпақтары спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Спорт жарыстары жиі ұйымдастырылып тұратындықтан, кешеннен адам қарасы үзілген емес. Ауласына жасыл желек егіліп, мұқият қоршалған мұндай спорт кешені тәрізді ғимаратты кейбір аудан орталығынан кездестірмейсіз десем, артық емес.

Қолымыздағы деректе биылғы жылға 11 нысанның құрылысын жүргізуге республикалық, облыстық, аудандық бюджеттен қаралған 3698,6 млн теңгеге тиісті құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылып жатқаны жазылыпты. Бұл жұмыстардың ішінде аудандық әкімшілік ғимараты, кент пен Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді инфрақұрылыммен қамтамасыз ету (электрмен қамту, газбен жабдықтау, жолдар салу) құрылысын жалғастыру, Қазалы қаласынан салынатын тұрғын үйлерді ауызсумен жабдықтау, жолдар салу, Ғ.Мұратбаев, Көларық ауылдық округінде типтік жобадағы мал қорымдарының (биотермиялық шұңқыр) құрылысы, кенттегі 18 пәтерлік 6 жалдамалы көпқабатты тұрғын үй құрылысы бар.

«Жақсының жақсылығын айт...». Осы ретте «МФК-Туран», «Нұрай-Ақжол», «Мелиоратор», «Промстройсервис Е», «Аман Құрылыс», «Бер-Нұр-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері екі қабатты 5 тұрғын үйдің әрқайсысына 2,5-3 млн теңге қаржы жұмсап, демеушілікпен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізіп жатқанын жеткізе кетейік. Енді кәсіби мереке қарсаңында толымды істерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүрген «Нұрас и Компания» ЖШС-гі туралы аз-кем тоқталсақ. Бұрынғы Қазалы өндірістік жол пайдалану учаскесі негізінен құрылған (серіктестіктің құрылтайшысы Ермекхан Әміреев, директоры Орақ Оразалиев) бұл мекеменің басты қызметі жол жөндеу және жол құрылысы бойынша мемлекеттік тапсырыстар орындау, басқа да заңды және жеке тұлғаларға жол жөндеу техникаларын жалға беру болып табылады.

Алғаш құрылған сәттен бастап серіктестік аудан көлеміндегі республикалық, аудандық маңызы бар автомобиль жолдары, кент пен Қазалы қаласы, ауылдық округтері орталықтарының көше жолдарын мемлекет тапсырысы бойынша ағымдағы, орташа жөндеу, жаңадан жол құрылысы жұмыстарымен айналысып келеді. Біршама уақыт бұрын Қазалы қаласының автомобиль жолдарына жөндеу жүргізсе, 2009 жылы КОФ РГП «Казахавтодор» мекемесіне қосымша мердігер ретінде «Самара – Шымкент – Шиелі – Жеміс-жидек», «Шиелі – Қарғалы – Байкенже – Жаңақорған» автомобиль жолдарына орташа жөндеу жұмыстарын атқарған еді. Арада жыл өте «Қазалы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары» ММ тапсырысымен «Қазалы-Қожабақы-Бозкөл-Кәукей» аудандық маңыздағы автомобиль жолының белгіленген аралығын, «Әйтеке би-Басықара» учаскелеріне орташа жөндеу, аудандық маңыздағы автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеу, кенттегі №4 участогінің қөшелері құрылысын, өзге де бірқатар жұмыстарды жүргізген.

Серіктестіктің өндірістік базасында әкімшілік ғимараты, қоймалар, жол құрылыс техникаларын жөндеу шеберханалары, гараждары бар. Мекеме жол жөндеу техникаларын жаңарту мақсатында Қытай Халық Республикасында шығарылған қуатты (жүк көліктері, жүк тиегіш, автогрейдер) техникаларын, Германиядан жол жөндеу жұмыстары барысында асфальт қабатын жаятын асфальт төсегіш сатып алыпты. Байырғы механизаторлар, еңбек тәжірибесі мол жұмысшылардан жасақталған «Нұрас и Компания» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің алар асуы алда.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы