Аталарын ардақтаған Аймағанбетовтер | Print |
12.08.2019 12:00

«Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды». Осынау қанатты сөз өзінің өміршеңдігін жоғалтқан емес. Бұған Түктібаев ауылының аумағындағы «Тесік» аталатын қорым басында Аймағанбет әулетінен тараған ұрпағы әкелері Ақжігіт пен Ағайдарды еске алып мал шалып, құран бағыштатуы тағы да дәлел болды.

«Өлі риза болмай, тірі байымайды». 200-ге тарта адам қатысқан шара барысында Ақжігіт пен Ағайдардың өнегелі өмірі, ғибаратты ғұмыр жайлы естеліктер айтылып, жас ұрпаққа үлгі етілді. Бір сәт, ел есінде есімдері сақталған ағайынды арыстар туралы аз-кем тоқтала кетсек.

Тыл ардагері, «Еңбек Қызыл Ту» орденінің иегері Ақжігіттің есімі замандастары мен көзін көргендерге жақсы мәлім. Жастайынан еңбек көрігінде шыңдалған Ақжігіт Ұлы Отан соғысынан кейінгі қираған өндірісті қалпына келтіруде маңдай терін төкті. Ұзақ күн уақытпен санаспай жұмыс істеді. Қарапайым дағдысы, турашыл мінезімен көпшіліктің ықыласына бөленді. Әке жолын қуған перзенттері де абыройсыз емес.

Ұлы Отан соғысының ардагері Ағайдар ержүрек жауынгер болатын. Майдан даласында пулеметші ретінде ұрысқа қатысып, талай қиын тапсырмаларды мүлтіксіз орындады. Ленинград қаласын қорғауға қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Соғыстан соң кешегі батыр жауынгер бейбіт күннің озаты атанды. Мал да бақты, күріш те екті. Абыройға бөленді. Соғыста алған наградаларын «Еңбек Қызыл Ту», «Құрмет белгісі» ордені, көптеген медалдар толықтырды. Тектілік текке кетсін бе?! Қазіргі таңда ағайынды Аймағанбетовтерден тараған әулеттің әрқайсысы өз орталарына сыйлы, халқы қастер тұтатын шаңырақ егелері.

Қасиетті Құрбан айт қарсаңында жасалған аталмыш шараның бар ғұмырын туған жері, өскен өлкесінің көркеюіне арнаған асыл азаматтардың есімі елінің есінде берік сақталатынын тағы да паш етті.

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы