АРАЛДА ЖАҢА САУДА ҮЙІ АШЫЛДЫ | Print |
12.08.2019 14:55

Теңіз төскейіндегі кәсіпкерлік саласының дамуында соны серпіліс бар. Оған жаңадан ашылып жатқан нысандар дәлел болады. Жуырда тағы бір игілікті шара жүзеге асты.

Арал қаласындағы «Саида» сауда үйінің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Мұхтар Оразбаев елімізде мемлекет тарапынан кәсіпкерлік саласын дамытуға қолайлы жағдай жасалып жатқанын, облыс көлемінде жарияланған «Жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 3 жылдығы» аясында кәсіппен айналысуға ниетті іскер жандардың қатары артқанын айта келе, жаңадан ашылған сауда үйінің тұрғындарға сапалы өнім ұсынып, тиімді қызмет көрсетуіне тілектестігін жеткізді.

Жеке кәсіпкер Нұргүл Қыздарбекованың бастамасымен салынған заманауи үлгідегі «Саида» сауда үйінде тұтынушыларға тұрмысқа қажетті заттар ұсынылады. Бұған дейін ашылған «Саида» маркеттер желісінің азық-түлік сататын бөлімшесі тұрғындарға сапалы қызмет жасап келе жатқанын, екі сауда орнында 28 адам жұмыспен қамтылып отырғанын атап кеткен жөн. Сауда орындары заманауи техникалармен, кассалық аппараттармен және тексеру құрылғыларымен толықтай жабдықталған.

Жұмабек  Табынбаев,

Арал  ауданы