ҚЫЗЫЛОРДАДА ҚҰРЫЛЫС САЛАСЫНЫҢ 75 ЖЫЛДЫҒЫ АТАЛЫП ӨТТІ | Print |
12.08.2019 15:00

Құрылысшылар күніне арналған мерекелік іс-шарада облыс бойынша саланың үздік қызметкерлері марапатталды.

Қызылорда облысының әкімі Қуанышбек Ысқақов сала қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, аймақтың құрылыс саласындағы елеулі жетістіктерін атап өтті.

«Жыл басынан бері 4 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілді (Жастарға қызмет көрсету орталығы, Ғ.Мұратбаев атындағы стадионы қайта жаңғыртылды, Арал ауданы Шижаға, Шиелідегі Тартоғай ауылдарындағы 150 орындық клуб). Сонымен қатар, облыс аумағында 23 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде. Олардың 10-ы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Тек, соңғы алты жылда тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі 2,5 есеге артып отыр (2013 жылы 270,0 мың ш.м., 2018 жылы 700,0 мың ш.м). Осы уақыт аралығында Қызылорда қаласының өзінде жаңа 10 мөлтек аудан, 5 тұрғын үй кешені, 361 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 8 мыңға жуық (7709) адам жаңа баспанамен қамтамасыз етілді. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл облыс көлемінде барлық қаржыландыру көздерінен 1862 пәтерді құрайтын 43 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған»,-деді аймақ басшысы.

Өңірдің үздік құрылысшыларына кәсіби мерекелері қарсаңында құрмет грамоталары, алғыс хаттар мен марапаттар табысталды. Сондай-ақ, мерекелік шарада "Құрылысы қарышты Қызылорда" кітабының тұсаукесер рәсімі өтті.

Іс-шара концерттік бағдарламамен жалғасын тапты.

 

Облыс әкімінің баспасөз қызметі