БЕС ЖЫЛДЫҚ БЕЛЕС БЕДЕРІ | Print |
13.08.2019 12:45

Мемлекеттік бағдарламалардың шеңберінде қызмет көрсетудің электронды форматқа көшуі бюджетті нығайтуға септігін тигізіп отыр. Бір жағынан жүйені қолданушылар саны да күн санап артуда. Солардың қатарындағы мемлекеттік кірістер органдары көрсететін 45 түрлі қызметтің 28-і салық, 17-сі кеден бағытына арналған. Жыл басынан бері мемлекеттік бюджетке салықтар мен төлемдер бойынша аймағымыз 6 млн 892 мың 654 теңге пайда түсірген. Ал бизнеске қолайлы жағдай жасау аясында салықтық тексерілімдер саны 2018 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 30 пайызға азайды. Несиелер нәтижесімен 16,3 млрд теңгенің қосымша салығы есептеліп, 3,6 млрд теңге өндірілді. Камералдық бақылау нәтижесімен 6 айға 4 млрд теңге қосымша есептелді. Бұның барлығы – мемлекеттік кірістер департаментінің еселі еңбегінің нәтижесі. Өткен аптада аталмыш департамент 5 жылдығын атап өтті.

2014 жылы ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті құрылып, 14 тамыз мемлекеттік кірістер органының құрылған күні болып белгіленді. Сол кезеңнен бері кәсіби мерекені жыл сайын атап өту дәстүрге айналды. Салық – халық қазынасы. Ата Заңымызда заңмен белгіленген салық пен алымды төлеу әркімнің борышы мен міндеті деп қастерлі сенім жүктесе, оны орындау – баршамыздың міндетіміз. Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қосымша кіріс көздерін анықтап, өндіру жұмыстарын қарқынды жүргізіп, мемлекеттік бюджетке қосымша табыс кіргізуде. Қазіргі таңда облыс бойынша бұл салада 365 маман ғана жұмыс жасап келеді.

- Мемлекеттік кірістер органдары құрылған 5 жыл ішінде ұлттық экономиканың маңызды салаларын жандандыруға септігін тигізді. Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдердің, сондай-ақ арнайы, демпингке қарсы және өтемдік баждардың толық және уақытылы түсуін қамтамасыз ету – департамент міндеті. Мемлекеттік кірістер департаменті алдағы уақытта да мемлекеттік бюджет жоспарын орындау бойынша қойылған міндеттерді шешуге мүмкіндік беретін тиімді салықтық және кедендік бақылаудың барлық шараларын қолданады. Жұмыстарыңызға сәттілік, отбасыларыңызға амандық тілеймін, - деді облыс әкімінің орынбасары Бақыт Жаханов Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті қызметкерлерін мерейлі күнімен құттықтауында.

Шара барысында аталмыш департамент пен оған қарасты ведомстволардың бірқатар мамандары облыс әкімінің Алғыс хатымен, Қаржы министрлігінің Құрмет грамотасымен, ҚР ҚМ Мемлекеттік Кірістер комитетінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, бірқатары ҚР ҚМ Мемлекеттік Кірістер комитетінің төсбелгісімен марапатталды. Салтанатты шарада аймақтық департамент қызметкерлері Дархан Мыханов пен Мақсат Мырзаев «Өз елім» әнін орындады.

Халық-хабар