Арал ауданында «Заң керуені» акциясы өтті | Print |
11.09.2019 09:20

Қызылорда облысының прокуратурасымен ұйымдастырылған «Заң керуені» акциясы өз жұмысын Арал ауданында жалғастырды.

Аудан көлемінде Арал қаласы мен Сексеуіл және Жақсықылыш кенттерінен бөлек 20-дан астам елді мекен бар.

Акция аясында прокурорлар елдімекендердің шалғай орналасқанына қарамастан барлық ауылдарға барып, халықпен кездесіп, сауалдарын тыңдады.

Нәтижесінде 100-ден астам мәселе көтеріліп, тұрғындардың арыз-шағымдары қабылданды.

Халық ортасында көтерілген негізгі проблемалар – ауызсу, мал ұрлығы, жарамсыз жолдар, аудан орталығына қатынайтын қоғамдық көлік, интернет, жол белгілерін қою, дәрігерлердің жетіспеуі, жедел жәрдем көлігінің болмауы және тағы басқалар.

Мысалы,Жақсықылыш кентінде орналасқан «Аралтұз» АҚ-ның полиэтилен пакетін шығаратын цехтың құрамында химиялық қосындылары бар суы елді мекеннің жанына төгілуде.

Бұдан бөлек «Аралтұз» зауытына жүк тиеуге келген теміржол вагондарыЖақсықылышауылының ортасына тоқтап, мектепке қатынайтын оқушы балалар вагондардың астынан өтуге мәжбүр.

Сондай-ақ, күнделікті жайылымға шығатын малдарды ауылдың келесі бетіне өткізу үшін вагон құрамын толық айналып өтуге тура келуде.

Бұл жағдайға алаңдаушылық танытқан ауыл тұрғындары «теміржол өткелін салып берсе» деген өтініштерін білдірген.

Тұрғындар тарапынан қоғамдық ортаның және адамдардың қауіпсіздігіне кепілдік беретін полиция қызметкерлерінің қызметіне қатысты айтылған шағымдар көп.

Мәселен,Аманөткел ауылының учаскелік полиция инспекторының жұмысына ауыл халқының көңілі толмайды, тиісті шара көруді сұрайды.

«Заң керуені» акциясы кезінде прокуратура қызметкерлерімен анықталған барлық мәселелер бойынша тиісті шаралар қабылданады.

Облыстық прокуратурамен жалпы аудан бойынша қалыптасқан проблемалық мәселелер тізімі жасақталып, тиісті жұмыстар жүргізу үшін облыс әкімдігіне және тиісті департаменттерге хат жолданып, бақылауға алынды.

Қызылорда облысының прокуратурасы