«ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ және ДІНТАНУ НЕГІЗДЕРІ» БОЙЫНША ОҚЫТУ СЕМИНАРЫ ӨТТІ | Print |
25.10.2019 13:40

Қазіргі таңда аймақтағы діни ахуалды сақтау және жастарды жат діни ағымдардан қорғау бағытында «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің маңызды рөл атқаратындығы белгілі.

Осыған орайда «Руханият және дәстүр» айлығы аясында білім беру ұйымдарындағы «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәні мұғалімдерінің біліктіліктерін арттыру мақсатында Арал қаласындағы №262 мектеп-гимназиясында «Зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мемлекеттің зайырлы принциптерін түсіндірудегі рөлі» тақырыбында оқыту семинары өтті.

Аудандағы орта білім беретін мектептердің тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары мен «Зайырлылық және дінтану негіздері» пәнінің оқытушылары бас қосқан семинарға модераторлық еткен аудан әкімінің орынбасары Бектемір Жұмағұлов аталмыш шараның мән-мазмұнына тоқталып, күн тәртібіндегі мәселелермен таныстырды.

Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша, яғни зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің мемлекеттің зайырлы принциптерін түсіндірудегі рөлі турасында облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының директоры Бақытжан Камалов баяндама жасады.

Одан әрі облыстық ішкі саясат басқармасының дін мәселелерін зерттеу орталығының Арал ауданы бойынша бөлімше меңгерушісі Жәнібек Өтегенов жасөспірімдерге діни толеранттылық қағидаттарын үйретудегі зайырлылық және дінтану негіздері пәнінің рөлі мен маңызы туралы хабарлама жасап, маңызды ақпараттармен бөлісті.

Тиісінше семинарға қатысушылар да тақырып аясында өздерін толғандырған сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Бір сөзбен айтқанда, қазақ халқының өмір сүру дағдысы, тұрмысы, салт-дәстүрі жайлы білу, оны сақтап кейінгі жас ұрпаққа насихаттау баршамыздың ортақ парызымыз екендігі тереңінен қозғалды.

Расында, кез келген кезеңде адамзаттың өмірі имандылыққа, рухани құндылықтарға, ізгілік пен ізеттілікке негізделмесе, сол қоғамда қасіретті жағдайлар орын алып, адам арсыздық пен абыройсыздыққа ұшырайды. Біз мұны тарихтан жақсы білеміз.

Осы мәселелер кеңінен талданған семинар бүгінгі алмағайып заманда, сананы тұрмыс билеген дәуірде адамдар арасында бауырмалдық, мейірім, кішіпейілдік, өзара түсіністік сынды асыл қасиеттердің шынайы көрініс табуы аса қажет деген тоқтаммен түйінделді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі