ДӘРІГЕРЛЕР ТАСТАЯҚТАН СЫНҒА ТҮСТІ | Print |
04.11.2019 17:30

Ұлттық құндылықтарымыз бен ел әлеуетін жаңғырту жолында ерен еңбегімен есте қалған аға-апаларымыздың есімін жаңғыртып, рухын ұлықтау – «рухани жаңғыруымыздың» басты бағыттарының бірі. Осы мақсатқа орай, үлкен бір ұжымды басқара жүріп, тал бойына біткен нәзіктігін сақтап, адамгершілік қағидасын биік ұстап, қай ортада жүрсе де өзінің байсалды, сабырлы қалпынан таймаған, байыпты, орынды сөзін айтудан танбаған жандардың бірі де, бірегейі деп Мақашева София Өтегенқызын мақтанышпен айтуға болады.

2 қараша күні «Альбион» кешенінде облыстық Денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық медицина қызметкерлері Ардагерлер Кеңесінің ұйымдастыруымен Республикаға еңбегі сіңген дәрігер София Өтегенқызын еске алуға арналған ардагерлер мен медицина саласының қызметкерлері арасында бильярдтан турнир өткізілді.

Бұл шара Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген дәрігер, «КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі», Қызылорда қаласының «Құрметті азаматы» София Мақашеваның «Дәрігер» деген атқа кір келтірмей, өз мамандығына адалдық танытқан жанның есімінің қайта жаңғыруы болып табылады.

Шараның ашылуында денсаулық сақтау саласының ардагері Ернияз Омарұлы, София Мақашеваның туысы, көпбейінді облыстық ауруханасының бөлім меңгерушісі Бисенбаева Рабиға Мүбаракқызы және облыстық денсаулық сақтау басқармасының персональды басқару және ұйымдастыру бөлімінің басшысы Сарбаева Зәуреш Сағатқызы додаға қатысушыларға сәттілік тіледі.

Тартысты ойын қорытындысында І орынды «Ардагерлер» тобынан Төребаев Шакизат Хамитұлы мен «Медицина саласының қызметкерлері» тобынан Қыздарбеков Ғабит Мырзатайұлы иеленсе, «Ардагерлер» тобынан Әмірғалиев Әбдіғаппар Әмірғалиұлы мен «Медицина саласының қызметкерлері» тобынан Қашақов Болат Спандиярұлы ІІ орынды қанжығаларына байлады.

Турнир жеңімпаздарын Қызылорда облысының Құрметті азаматы, денсаулық саласының ардагері Маханов Тұрғанбай Маханұлы мен облыстық медицина қызметкерлері ардагерлер Кеңесінің төрайымы Көзденова Раиса Әбдешқызы марапаттады.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен ардагерлер естелік суретке түсті.

Айта кетейік, өзінің еңбек жолында Шиелі, Сырдария аудандық денсаулық сақтау бөлімдерін басқарған София Өтегенқызы 1952 жылы Қызылорда фельдшерлік-акушерлік мектебінің директоры болып, болашақ медицина қызметкерлерін даярлау ісіне де үлес қосты.

1952 жылдан бастап облыстың денсаулық сақтау саласын үздіксіз 30 жыл басқарды. Бұл жылдары София Өтегенқызы саланы өрге сүйреп, облыс медицинасының дамуына, қалыптасуына айрықша үлес қосып, екі рет «Еңбек Қызыл Ту», «Ленин», «Октябрь революциясы» ордендерімен және бірнеше медальдарымен марапатталған.

Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі