ЖОҒАЛҒАН БАЛЫҚШЫЛАР ТАБЫЛМАЙ ТҰР | Print |
05.11.2019 13:40

Айдың күні аманда Аралда қос балықшы жоғалды. Екеуі де – «Бақыт» шаруа қожалығының жұмысшылары. Олар қарашаның 2-жұлдызында таң ата балық аулауға шыққан. Содан ұшты-күйлі жоқ. Құзырлы орган мамандары бұл оқиағаға күн райының күрт өзгеруі себеп дейді.

Олардың бірінің жасы – 26-да, екіншісі – 25-те. Балықшылар жоғалғалы жергілікті атқарушы органдары қайық, дрон аппараттарымен жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізуде. Бірақ, әлі күнге дейін екі балықшының ізі де жоқ.

- Кешегі дауылға байланысты Арал ауданында екі елді мекен жарықсыз қалды. Бұдан бөлек, Қызылорда қаласының да бірнеше мөлтек ауданында жарық бірнеше сағатқа өшіп, қайта қолданысқа берілді. Айтпағым,  оқыс оқиғаның барлығы ауа райының осындай қолайсыз тұстарында болып жатады. Тұрғындарға күні бұрын көктайғақ, жолдардың жабылуы туралы SMS-хабарлама жолданып отырады. Соған қарамастан тұрғындар алыс жолға шығады, балыққа, мал жаю секілді жұмыстарға кетіп қалады. Бұл дұрыс емес. Әсіресе қыс айларында шаруаның барлығын күн райына қарап атқарған дұрыс. Сонда өлім-жітім де аз болар еді,- дейді облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары  Ғ.Жаңабаев.

Ал «Қазгидромет» РМК Қызылорда облысы бойынша филиалының бөлім басшысы Ә.Болатбекқызы облыста алдағы онкүндікте ауа райы көрсеткішінің төмендейтінін және түнгі мезгілдерде -12 градусқа дейін суытатындығын жеткізді.

Түйін. 3 қараша күні Жалағаш ауданы Есет батыр ауылының тұрғыны Н.Ақылбаев есімді азамат мал іздеуге шығып кетіп, қайта оралмаған. Артынша ауыл адамдарының көмегімен тоғайда адасып кеткен жерінен қайта табылған.  Былтыр облыс бойынша 5 балықшы жоғалып, өлі күйінде табылған. Ал 3 күннен бері табылмай жатқан 2 балықшының жай-күйі әзірге бәрімізге беймәлім. Ауа райына кінә артпас бұрын, өзімізге керек өмірді сақтауды қашан санаға сіңірер екенбіз?!

Ә.НАЖМАДИН