ҚЫЗЫЛОРДА ҚАУІПТІ АЙМАҚ ПА? | Print |
05.11.2019 17:25

Айдың күннің аманында облыста 44 адам жол апатынын қаза болған. 270 адам жарақат алыпты. Жол-көлік оқиғасы былтырғы жылмен салыстырғанда 146-дан 230-ға көбейген. Бұл жөнінде өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде облыс прокурорының бірінші орынбасары Талғат Әлібаев мәлімдеді.

Ең өкініштісі, жол-көлік оқиғаларының 18-і қарсы бағытқа шығу, 33-і маневр ережесін бұзу, 28-і жылдамдықты асыру, 14-і жол қиылысынан өту, 5-еуі жаяу жүргіншілер өткелінен өту, 12-сі басып озу, 5-еуі арақашықтықты сақтамау себебінен болса, 46-сы ірі қара малының қатысумен орын алған. Аталған мәселе облыстық үйлестіру кеңесінің отырысында қаралып, уәкілетті органдарға тиісті тапсырмалар жүктелді, - деді ол.

Бұдан бөлек, құзырлы орган өкілі облыста жыл басынан бері болған қылмыс 15 пайызға азайғанын айтты. Дегенмен, алғашқы 9 айда кәмелет жасқа толмағандарға жыныстық қолсұғушылыққа қатысты 17 қылмыс жасалған. Аталған санаттағы қылмыс аймақ бойынша азайғанымен, Арал, Жалағаш аудандары мен Байқоңыр қаласында өсім алған.

Құқықбұзушылықтардың 14-і сотқа жолданса, 3-еуі бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Жергілікті соттарда жыл басынан бері 12 қылмыстық іс қаралса, оның 9-ына айыптау үкімдері, 3-еуіне ақтау үкімі шығарылған. Сондай-ақ, соттармен осы санаттағы қылмыс жасаған 3 сотталушыға қатысты химиялық кастрациялау медициналық сипаттағы мәжбүрлеп емдеу шарасын қолдану туралы үкім шықты, - дейді Талғат Айтбайұлы.

Баспасөз брифингі барысында облыс прокурорының бірінші орынбасары кәмелет жасқа толмағандардың қатысумен 78 қылмыстық құқықбұзушылық болғанын жеткізді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 17,9 пайызға аз. Ал өңірде кәмелетке толмағандарға қарсы 44 қылмыстық іс тіркелген.

Сондай-ақ, құқық қорғау органының өкілі прокуратура саласында болып жатқан оң өзгерістерге тоқталды.

Елбасымыздың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес қылмыстық іс жүйесі жаңартылып, «Е-Қылмыстық іс» жобасы іске қосылды. Бағдарлама қылмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеуден бастап, қылмыстық процестің барлық сатыларын және үкімнің орындалуына дейінгі сатыны қамтиды. Жоба аясында облыстық полиция органдарына жергілікті бюджеттен 92 млн теңге бөлініп, 116 компьютер мен құрал-жабдықтар алынды. Жыл басынан бері электронды форматта 1397 қылмыстық іс тіркеліп, жалпы тіркелген 5189 қылмыстық құқықбұзушылықтардың 27 пайызын құрады, - деді Т.Айтбайұлы.

Құқық-ақпарат