Қ.ЫСҚАҚОВ: «NEET санатындағы жастарды бақылауға алу қажет» | Print |
06.11.2019 09:10

Кеше «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Қ.Ысқақовтың төрағалығымен Саяси кеңес Бюросының кеңейтілген отырысы өтті. Онда кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған қылмыстар және оның алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар мен жастар арасындағы жұмыссыздық, орта арнаулы оқу орындарында білім алу мәселелері туралы да айтылды.

2018 жылдың 21 қыркүйегінде ҚР Үкіметімен 18 бен 29 жас аралығындағы NEET санатындағы жастар мен 2018 жылғы түлектерді қоғамға әлеуметтендіру және жұмыспен қамту туралы Жол картасын бекіту қаулысы қабылданды. Осыған орай, Қызылорда облысы бойынша NEET санатындағы жастармен жұмыс жүргізудің Жол картасы бекітілді. Бекітілген Жол картаның орындалуы бойынша облыстық жастар мәселесі басқармасының басшысы Қ.Жанұзақов баяндады.

Аймақ басшысы NEET санатындағы жастармен жүргізіліп отырған шараларға көңілі толмайтындығын жеткізді. Бұл бағыттағы жұмыстар тікелей өзінің бақылауында болатынын айтып, нақты тапсырмалар жүктеді.

"Дипломы бар NEET санатындағы жастардың көпшілігі – бәсекеге қабілетсіз жергілікті колледждер мен жоғарғы оқу орындарының түлектері. Білім сапасы да бақылауда болуы керек. Сандық көрсеткіштермен қатар нақты жұмыстар жасалуы тиіс. Тиісті басқарма басшылары, қала мен аудан әкімдері баршаңыз NEET санатындағы жастармен жұмыс істеуге арналған нормативтік актілерді мұқият зерттеңіздер. Барлық аудандарда жастар ресурстық орталықтары бар. Жастар мәселелеріне 600 млн. теңгеден астам қаржы бөлінген. Мемлекет тарапынан қолдау жеткілікті, алайда нәтиже жоқ ",- деді облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов.

Сонымен қатар, кеңейтілген отырыста облыс әкімі тиісті мекемелердің ақпаратын мысалға ала отырып, жастармен жұмыс істеуде ведомствоаралық байланыстарды үйлестіруді міндеттеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі