БАТАМЕН ЕЛ КӨГЕРЕР... | Print |
07.11.2019 13:50

«Қарты бар елдің қазынасы бар» демекші, қазақ – ежелден ата-бабалар салған сара жолмен келе жатқан салт-дәстүрді дәріптеген, оның құндылығын асқақтатқан, ұрпағының санасына құйып, ұрпақтан-ұрпаққа аманаттап келе жатқан ұлы халық.

Міне, сондай ұлылықпен дәріптелген, бабалар салтымен бүгінгі күнге жеткен ұлтымыздың ұлы құндылықтарының бірі – бата беру дәстүрі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған халқының әлеуетін арттыру мақсатындағы сарабдал саясатының арқасында өміршең болған мемлекеттік «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында ата-баба салт-дәстүрін ұлықтап, оны өскелең ұрпақ санасына сіңіру мақсатында Үкіметке нақты тапсырмалар берген болатын.

ҚР Тұңғыш Президентінің тапсырмасы аясында елімізде істеліп жатқан ауқымды жұмыстардың нәтижесімен бүгінде қазақстандықтардың санасы оянып, ұлтымыздың өткені қайта оралуда десек артық айтқандық емес.

Осы ретте сейсенбі күні жыр дүлдүлі Шәмшат Төлепова атындағы Қармақшы аудандық мәдениет үйінде Елбасының биылғы жылды жастар жылы деп жариялауына байланысты батаны жастарға ұлттық тәрбие берудегі маңыздылығын арттыру, батагөйлерді насихаттау мақсатында «Батамен ел көгерер» атты аудандық байқау өтті. Мақсат – бата беру дәстүрінің тәлімдік, тәрбиелік маңызын және бата беру түрлері мен оны айту шеберлігі мен көркемдігін арттыру. Сонымен бірге ұлттық кодымыздың құндылығының бірі де бірегейі – үлкенді сыйлау, құрметтеу және ұрпақтан-ұрпаққа аманатталып келе жатқан салт-дәстүрді өскелең ұрпаққа аманаттау. Бата беру арқылы халықты, жас ұрпақты рухани-адамгершілікке, имандылыққа, әдептілікке тәрбиелеу.

Қасиетті Қармақшы өңіріне қарасты барлық елді мекеннен қатысқан батагөйлер байқауында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қаршыға Есдәулетов бастаған әділқазылар алқасы, құрамында еңбек ардагерлері, ақын, Жосалы кенті ардагерлер кеңесінің төрағасы Тұрман Омаров, есімі елге танымал жырау, аудандық жыраулар үйі директорының орынбасары Бидас Рүстембеков, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы аудандық филиалының төрайымы, аудандық мәслихат депутаты Күлжауһар Раева және «Қармақшы таңы» газетінің жауапты хатшысы Гүлжанат Дүзенова әділқазылық еткен байқауда 12 талапкер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының ел-жұртқа берген баталары мен бүгінгі қазақ халқы арасында кеңінен қолданылып жүрген, оның ішінде «Той батасы», «Нәресте батасы», «Беташар батасы» және басқа да баталарымен өзара сайыс өткізді.

Сонымен, танымды да тағылымы мол сайыс та өз мәресіне жетіп, оның қорытындысымен І орынды Ақай ауылынан келген батагөй қария, бұған дейін де аудандық, облыстық, тіпті республикалық батагөйлер сайысында топ жарып жүрген ақын Дәріқұл Махамбетов қанжығасына байласа, ІІ орынды Жосалы кентінің батагөйі Әбілқасым Малбағаров иеленді. Ал, жүлделі ІІІ орынды «Жүз шайырдың Отаны» атанған киелі Тұрмағамбет ауылының 90 жастағы абыз анасы Шаһар Жәлиева иеленді.

Сонымен қатар, өздерінің өнерлерімен көремендер көзайымы атанған басқа да талапкерлер алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.

Нұрбай  ЖАНӘДІЛОВ,

Қармақшы  ауданы