ҒЫЛЫМИ-БІЛІМ БЕРУ ОРТАЛЫҒЫ АШЫЛДЫ | Print |
08.11.2019 15:25

Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің №9 оқу ғимаратында Т.Қуанышбаев атындағы «Химия-биологиялық зерттеулер ғылыми-білім беру» орталығы ашылды. Енді мұнда бәсекеге қабілетті педагог-мамандарды даярлауға зор мүмкіндік туды. Орталықты жобалау, оқу, ғылыми зертханалар талаптарына сай жөндеу, әрлеу, еуропалық сападағы химия-биологиялық бағыттағы заманауи оқу, ғылыми құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары Т.Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру жеке қорының 130 миллион теңге көлемінде толық қаржыландыру нәтижесінде жүзеге асырылды. Салтанатты ашылу рәсіміне Қызылорда облысының әкімі Қ.Ысқақов қатысып, білім қызметкерлерінің қуанышына ортақтасты.

- Толыбек Қуанышбаев – саналы ғұмырын ғылым мен білім жолына арнаған арда азамат. Еңбек жолын Сырдария ауданындағы №36 орта мектепте химия пәнінің мұғалімі болып бастаған. 1976-1980 жылдары Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтының химия кафедрасының аға лаборанты, кейіннен оқытушы қызметіне ауысты. 1993  жылдан бастап өмірінің соңына дейін Қорқыт Ата атындығы Қызылорда мемлекеттік университеті Жаратылыстану факультеті деканы қызметін абыроймен атқарған. Бүгінде өзі тәрбиелеген шәкірттері еліміздің түкпір-түкпірінде абыроймен қызмет атқарып жүр. Ардақты азамат, білікті ғалым Толыбек Досайұлының атына арнайы ғылыми орталық ашып, жас ұрпақтың ғылымға бейімделуіне жағдай жасап отырған ғалымның бауырларына Сыр жұртшылығы атынан зор ризашылығымызды білдіреміз,- деді облыс әкімі Қ.Ысқақов.

Содан соң Т.Қуанышбаев атындағы ғылыми-білім беру жеке қорының атынан Әскербек Қуанышбаев сөз сөйлеп, үлкен істің басынан көрінген барлық ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

- Осы орталықты ашуда Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ұжымы, профессор-оқытушылар қауымы, сіздердің еңбектеріңіз өте зор. Бұл орталық сіздердің жоғары білімді, бәсекеге қабілетті шәкірттер тәрбиелеп, олар еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор септігін тигізеді деген сенім бар. Сондай-ақ, қолдау көрсеткені үшін Қызылорда облысының әкімдігіне де ерекше алғысымды білдіргім келеді,- деді ол.

Орталықтың ерекшелігі, зертханалық және тәжірибелік жұмыстарды орындау және өлшеуді жүргізу компьютерленген жүйе арқылы жасалады.  Ал оқу лабораториясы «Физикалық химия» базалық курсының 7 тарауы бойынша 10 лабораториялық жұмыстарды, «Биохимия және өсімдіктер физиологиясы» курсынан 10 лабораториялық және практикалық жұмыстарды орындауға мүмкіншілік береді. Мұнымен қоса мұнда кітапхана да бар. Толыбек Досайұлының жеке кітапханасы қорынан химиялық оқулықтар мен ғылыми әдебиеттер жинақталып, университет кітапхана қорынан химия-биология ғылымдар бағыты бойынша 561 дана оқу және ғылыми кітаптар қойылған.

«Химиялық білім беру ісі» мамандығының 1-курс магистранты Әйгерім Сыздықова болашақта халықаралық деңгейде ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу үшін бұл орталықтың маңызды  екендігін жеткізді. Қорытындысында «Химия-биологиялық зерттеулер ғылыми білім беру» орталығының ашылу салтанатының лентасы қиылып, қатысушылар орталықтың материалдық-техникалық базасы, жалпы жұмыс барысымен танысты.

Ә.НАЖМАДИНҚЫЗЫ