МЕКТЕП ОҚУШЫЛАРЫ КӘСІПКЕРЛЕРДІҢ ЖҰМЫСТАРЫМЕН ТАНЫСТЫ | Print |
05.12.2019 16:30

Қазалы аудандық кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімі Қашақбай Пірімов ауылындағы №92 мектептің оқушыларына арнап ауданымыздағы жас кәсіпкерлердің жұмысына экскурсия ұйымдастырып, шәкірттерді кәсіпкерліктің қыр-сырымен таныстырды.

Бұл шара оқушыларға болашақта таңдайтын кәсібіне бағдар беру мақсатында ұйымдастырылды.

Қ.Күлетов атындағы №92 мектеп оқушылары алдымен «Нұр Әлем» сауда орталығындағы жас кәсіпкерлер Г.Билсариеваның сән үйі және Т.Дәрібаеваның сұлулық салонының жұмыстарымен танысты. Жас кәсіпкерлердің кәсіпкерлік саласын қалай бастағандарын, жеткен жетістіктерін және қыз-келіншектерге арналған сәнді көйлектерді тігудегі қыр-сыры мен сұлулық салонда көрсетілетін қызмет түрлерін іс жүзінде көрсетті.

Сонымен қатар, жеке кәсіпкер М.Бигеристановтың темір бұйымдарын жасайтын цехы мен жеке кәсіпкер Е.Алданазаровтың өндірістік аймақта орналасқан «Тамшы Су» ауыз су өндіретін цехының жұмыстарымен танысып, оқушылар өз ойларында жүрген сұрақтарына жауап алды.

Кәсіпкерлердің жұмысымен танысқан оқушылар экскурсияны ұйымдастырушыларға ризашылықтарын жеткізді.

«Экскурсияға келгеніме қуаныштымын, бастысы – уақытым зая кеткен жоқ. Бұл кәсіпкерлерді сырттай білуші едім, бүгін олардың жұмысын өз көзіммен көрудің сәті түсті. Біздерге осындай тамаша экскурсия сыйлаған мектеп директоры Ниязова Баян апайға рақмет айтамын», – деп №92 мектептің 9-сынып оқушысы Камшат Нұралиева алғысын білдірді.

Қазалы ауданы әкімінің баспасөз қызметі