АГРАРЛЫ АУДАННЫҢ АЙШЫҒЫ | Print |
06.12.2019 10:00

Сырдария ауданының ауыл шаруашылығы саласын дамытуға әлеуеті зор. Жер құнарлылығы егістің қай түріне де қолайлы болса, ауданды жанай өткен дүлей мінезді дария егіншілерге сағасынан су беруге әзір. Шөбі шүйгін жайылымдық аумақтарда жануарлар емін-еркін жайылып, ен даланың игілігін көруде. Аудан экономикасының ілгерілеуіне күріш шаруашылығы септігін тигізіп отыр дегенімізбен, серпінді Сырдария барлық маңызды сала бойынша оң бағаға лайық. Жыл басынан бергі бюджет түсімі 10 млрд 670 млн теңгені құраса, 54 млрд теңгеден астам инвестиция тартылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аудан әкімі Руслан Рүстемұлы мәлімдеді.

Әлеуметтік-экономикалық даму сатысының алдыңғы баспалдағы саналатын өнеркәсіп саласы өрлеп тұр. Жаңа бастамаларды жүзеге асыруда да табан тартып отырған жоқ. Кешегі аптада өткен «XI Baikonyr invest» халықаралық форумында бірді-екілі жарқын жобаларға қол қойылды. Бұйыртса, келешегі келісті, қуаттылығы қарқынды жобалар аудан экономикасының қазанын қайнатады деп күтілуде.

- Форум аясында «Ақжарма 2» шаруа қожалығымен құны 370 млн теңгені құрайтын «Күріш ақтап, тазалайтын және кіші пастерленген сүт зауыттарын іске қосу, жылыжай мен бау-бақша сақтайтын қойма салу» жобасын жүзеге асыру үшін меморандум жасадық. Сондай-ақ, «Шаған» шаруа қожалығының «Қуаттылығы жылына 630 тонна күріш ақтау цехының құрылысын салу» жобасы индустрияландыру картасына енгізілді. 150 млн теңгені еңсеретін жоба жүзеге асса, айына 70 мың тонна күріш ақтау мүмкіндігіне ие болады. Құрылыс жұмыстары кәсіпкердің өз қаржысымен іске асырылады, - деді аудан әкімі брифинг барысында.

Аграрлы ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы жаңа белестерге көтеріліп келе жатқанына күмән жоқ. Ілгері басуға бағытталған бастамалар тұрғындардың әлеуетін көтеру мен ауданды өркендетуге бағытталуда. Мәселен, ағымдағы жылы Сырдария ауданы бойынша 21 050 гектар жерге күріш дақылы егіліп, орташа есеппен гектарынан 63,5 центнерден өнім алынды. Барлық салаларда өркендеу өсім алған ауданға қарасты барлық ауылдық елді мекендердің бюджеті келесі жылы дербес түрге енгізіледі.

- Бүгінгі таңда көшелерді жөндеуге байланысты 3 млрд 700 млн теңге көлемінде дайындалған 30 жоба бар. Жол жөндеу жұмыстары – бюджет шығыстарының ең ауқымды бөлігі. Сондықтан күрделі учаскелердің барлығын бірден қамтуға бюджеттің мүмкіндігі бола бермейді. Десек те, алдағы 2020-2022 жылдар аралығында осы жобаларды іске асыру үшін тиісті жұмыстарды атқаратын боламыз. Сондай-ақ, ауданды «көгілдір отынмен» қамту жұмыстары басталды. Жалпы құны 2 млрд 400 млн теңгені құрайтын Тереңөзек кентін газдандыру жұмыстары 2 жылға жоспарланған. Газ құбырлары желісінің құрылысын «Әлия-Сервис» серіктестігі жүргізуде. Серіктестік биыл бірқатар кент көшелері мен 9 әлеуметтік нысанды газға қосуды жоспарлап отыр. Алдағы жылы 11 әлеуметтік нысанның қазандықтарын газға лайықтандыру үшін жоба-сметалық құжаттама әзірленді. Ауданда барлығы 6 автоматтандырылған газ тарату қондырғысы орнатылады, бүгінде соның 2-еуі іске қосылды. Асқар Тоқмағанбетов, Қалжан ахун, Сәкен Сейфуллин елді мекендерін «көгілдір отынмен» қамту мақсатында жоба-сметалық құжаттарын әзірлеуге тиісті облыстық басқармаға бюджеттік өтінімдер ұсынылды, - деді аудан әкімі Р.Рүстемұлы.

Аудан орталығындағы  жаңа шағын ауданды электрмен жабдықтауға республикалық және облыстық бюджет есебінен 465 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілуде. Осы шағын ауданға ауызсу жүйелерінің және автомобиль жолының құрылысын жүргізу үшін қажетті 1 млрд 716 млн теңге қаржыға тиісті министрлікке ұсыныс берілді. Ұсыныс қолдау тапса, 692 жер учаскесі пайдалануға беріліп, кент бойынша жер кезегінде тұрған 982 адамның 692-сінің жер мәселесі шешімін таппақ. Айта кетерлігі, құны 916 млн теңге 4 тұрғын үйдің құрылысы республикалық бюджеттен қаржыландыруға ұсынылды. Осы жоба іске асырылған жағдайда тұрғын үй кезегінде тұрған 455 отбасының 78-і баспаналы болады деген жоспар бар.

Жалпы, «Сырдария ауданының 2016-2020 жылдарға арналған даму бағдарламасы» аясында кент және ауылдық округтер бойынша құны 3 млрд 282,2 млн теңгені құрайтын 141 жоба бекітілген. Ауданның әлеуметтік-экономикалық жағдайын бағалау нақты сектордың дамуымен, өнеркәсіп орындарының ашылуымен, агроөнеркәсіп кешенінің дамуымен, денсаулық сақтау, білім беру және халықты әлеуметтік қорғау салаларындағы жүйелі жұмыстың оңтайлы динамикасымен сипатталады.

Н.ҚАЗИ