АРАЛДА «СОҢҒЫ ПАРЫЗ» РОМАНЫ ЖЕЛІСІНЕН СПЕКТАКЛЬ ТҰСАУКЕСЕРІ ӨТКІЗІЛДІ | Print |
06.12.2019 11:50

Биыл қазақ әдебиетінің абызы, шығармаларына дәуір шындығын арқау еткен қарымды қалам иесі, заманымыздың заңғар жазушысы, теңізді өлкенің төл перзенті Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісов торқалы 95 жасқа толды. «Қазақ әдебиетінің қара нары» деп бағаланған дарабоз қаламгеріміздің 95 жасқа толған мерейтойы Алматының төрінде, Абай атындағы опера және балет театрында мемлекеттік дәрежеде аталып өтті. Одан қалды, еліміздің барлық аймақтарында, туған жері Арал өңірінде жерлес жазушының шығармашылығын кеңінен насихаттау мақсатында сан алуан шаралар жалғасын тапты.

Кеше солардың бірі де бірегейі болған, аудандық мәдениет үйінде сахналанған Ә.Нұрпейісовтің «Соңғы парыз» романы желісінен «Сондай да бір түн болған» атты спектакльдің тұсаукесері өткізілді. Жерлес қаламгеріміз Ә.Нұрпейісовтің 95 жасқа толу құрметіне орай аудандық «Халық» театрының дайындаған екі бөлімді трагедиясын аудан әкімі бастаған зиялы қауым өкілдері мен көзі қарақты көрермен қауым ерекше ықыласпен тамашалады.

Жалпы, жазушы үшін адам тағдыры – шығарманың кілті іспетті. Осы орайда, «Соңғы парыз» романының кілті – Жәдігер, Бәкизат, Әзім атты үш адамның тағдыры арқылы ашылғандай.

Осы орайда, жазушының кеуіп, құр қаңқасы қалып, қу тақыр шөлге айналған Аралдың ауыр ахуалы мен жан дүниесі жалаңаштанып, ой орманы өртеніп, күйзеліске ұшыраған адам тағдырын көркем шеберлікпен суреттеп жеткізген еңбегін спектакльдің қоюшы режиссері Бахыткүл Бахрамова жоғарғы дәрежеде көрсете білді.

Шығарманы арқау ете отырып, роман кейіпкерлерін үздік сомдай білген театр әртістері де спектакль барысында Арал теңізінің тартылуымен, адамдардың мейірімінің де тартылуы, өмірлерінің мәнінің жойылуын ерекше суреттеп, жүрекке жеткізе білді. Әсерлі қойылым кезінде өмір мен өлім, мейірімділік пен зұлымдық, махаббат пен ғадауат, әділет пен қиянат жайында бір-бірін алмастырып жатқан ұғымдардың өліарасына тап келген тағдырларға куә болған көрермен қауым жанарына жас алды.

Спектакль соңында аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сөз алып, «Бүкіл қазақ халқы құрметтеп, төбесіне көтерген, ұлт әдебиетінің аңызына айналған айбоз тұлғамен жерлес атану – біздер үшін үлкен мақтаныш. Жуырда ғана ұлттық әдебиетті дамытудағы айрықша еңбегі үшін жазушы Әбдіжәміл Кәрімұлы Нұрпейісовке жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы беріліп, мақтанышымыз екі еселеніп жатқаны рас. Кеңес Одағы тұсында Аралдан 16 Социалистік Еңбек ері шыққан болса, Ә.Нұрпейісов бүгінгі бейбіт күннің, егемен елдің Еңбек Ері атағын иелініп отыр»,- дей келе, көрермен қауымға, жас ұрпаққа бабалардың аманатын жеткізуді мұрат тұтқан спектакльдің қоюшы режиссері мен рөлдерді сомдаушы өнер иелеріне алғысын білдіріп, бастамаларына сәттілік тіледі.

Туындының қоюшы режиссері, қазақ драматургиясына жаңа леп берген «ҚР Мәдениет үздігі» төсбелгісінің иегері Бахыт Айтанқызы да спектакль премерасына көптеп жиналған қауымға ризашылығын білдіріп, күллі қазақ елінің мақтанышына айналған Ә.Нұрпейісовтың шығармасын көпшілікке ұсына алғанына ерекше қуанышты екендігін жеткізді.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі