БАРЫМТАШЫ – БҰРЫНҒЫ ПОЛИЦЕЙ | Print |
16.02.2012 15:30

Соңғы уақытта ішкі істер қызметкерлерін ұялы телефонын жоғалтқандар мен өрістен малы қайтпағандар жиі мазалайтын болған. Ұрланды не, жоғалды не, бірі қалмай есепке алынуы тиіс. Қай-қайсысы бойынша да іс қозғалады. Ал бұл қылмысты ашуда қиындық келтіріп отырған көрінеді. Дегенмен, өткен жылы ұялы телефон ұрлығының әрбір төртіншісі бойынша атқарылған шаралар нәтижелі аяқталған. 970 түлік табылып, иелеріне қайтарылған. 31 қылмыстық топ құрықталған. «Балық басынан шіриді». Қызығы, барымташылардың арасында бұрынғы шенділер де жүр.

- Полицияның бұрынғы екі қызметкері Сырдария ауданы тұрғындарының оннан астам малын ұрлаған. Олардың бірі 2005 жылы, енді бірі 2009 жылы біздің қатарымыздан аластатылған. Қылмыстық іс аяқталды, алдағы күндері сотқа жолдаймыз, - деді кеше баспасөз конференциясында облыстық ішкі істер департаментінің бастығы, полиция полковнигі Әлімхан Әбжанов.

Барымтамен айналысқан тағы бір топқа бұрынғы кеден қызметкері жетекшілік етіпті. Олар Жаңақорған ауданында 20 шақты бас малға жиендік жасағаны үшін жауапқа тартылмақ.

Н.ҚАЗЫБАЙҚЫЗЫ