ҚАЗАҚҚА ҚАЗАҚ ЖАЛЫНАТЫН ДЕҢГЕЙГЕ ЖЕТТІК | Print |
17.02.2012 10:53

Бүгінде мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру, оның қолданыс аясын кеңейту бағытында үздіксіз жұмыс жасалуда. Жұмыстың жасалғаны да жөн шығар, бірақ өз елімізде өз туған тіліміздің мәртебесін жоғарылату керек деп ұрандатып, жалпақ жұртқа жалпылама түсіндірме жұмыстарын жүргізгеннің өзі ұят сықылды. Осыдан-ақ тілдің тұғыры аса биікте емес екендігі байқалып-ақ тұр. Мұны бейсенбі күні Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасы өткізген жиында тағы аңғардық.

Басқарма басшысы Р.Рүстемовтың айтуынша, өткен жылы тілдерді оқытудың өңірлік орталығы арқылы «ҚР мемлекеттік қызметшісінің тілдік портфелі» жүйесі бойынша 120, «Мемлекеттік қызметшілерге мемлекеттік тілді жеделдете деңгейлік оқыту курсының» тереңдетілген деңгейі бойынша 96, одан бөлек 96 өзге ұлт өкілдері ана тілімізді үйрену курсынан өткен. Бұл жұмыстарға барлығы 8 млн. 600 мың теңге жұмсалған. Ал биыл 2 млн. 903 мың теңге қарастырылыпты. Айта кетерлігі, 2014 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша сынақ тапсыру барлық мемлекеттік қызметкерлерге міндеттеліп отыр. «Ұлттың ұлт болуына бірінші шарт – тіл» деген ақын М.Жұмабаевтың сөзі тура осы «жаңа қазақтарға» қарата айтылған секілді. Себебі өзіміз тіл білмей тұрып, өзгеден де талап ете алмаймыз. Ол аздай, қазаққа қазақ «қазақ тілін үйренейік» деп жалынатын деңгейге жеттік. Ұлттығымыздың осалдау тұсы да осы! Сонда біз кімбіз?

Н.ҚАЗИҚЫЗЫ