«Текті сөздің төресі - терме» | Print |
11.11.2014 12:56

Жақында Астана қаласында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру және ҚР Президенті Н.Назарбаевтың «Ұлытау төріндегі толғаныс» атты сұхбатында айтылған негізгі бағыттарды насихаттау мақсатында «Текті сөздің төресі - терме» атты республикалық байқауы өтті.

Байқауға еліміздің әр аймағынан 32 термеші қатысып, бақтарын сынады. Астана қаласындағы «Конгресс-Холл» сарайында өткен қорытынды кеште үздік деп танылған он термешінің термелері орындалып, жүлдегерлер марапатталды.

Республикалық байқауға Қызылорда облысының тілдерді дамыту басқармасының жолдамасымен Қармақшы ауданы, Көшеней жырау атындағы «Жыраулар Үйінің» директоры, жырау, Жиенбай жыр мектебінің өнерін насихаттаушы Серік Жақсығұлов пен облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы жыр секторының меңгерушісі, «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегері Майра Сәрсенбаева қатысып, республика бойынша үздік ондықтың қатарына енді.

Байқау қорытындысымен жерлестеріміз Серік Жақсығұлов жүлделі ІІ орынға ие болып, 750 мың теңге сыйақының иегері атанса, Майра Сәрсенбаева ынталандыру сыйлығына ие болды.

Байқауға қатысушылар алдын ала берілген «Ұлытауда туған ұлы ойлар», «Киелі мекен - Ұлытау», «Мемлекеттік тіл – менің тілім», «Мәңгілік ел – мәртебелі тіл», «Ұлттың қуаты - тілінде», «Тілден артық қасиет жоқ», «Сөз - халықтың қымбат қазынасы» тақырыптары бойынша өз ойларынан шыққан термелері мен белгілі ақын-жыршылардың шығармаларын орындады.

Термешілер өнеріне ҚР Мәжіліс депутаты Алдан Смайыл, өнертанушы, сыншы Әшірбек Сығай, Қазақ Ұлттық Университетінің профессоры, ҚР Мәдениет қайраткері Алмас Алматов, ф.ғ.д, профессор Серік Негимов, әнші-термеші Клара Төленбаевалар қазылық жасады.

Қызылорда облысының тілдерді дамыту

басқармасының баспасөз қызметі