Үкіметаралық комиссия отырысында Байқоңыр мәселесі талқыланды | Print |
25.11.2014 09:19

Кеше Байқоңыр қаласында "Байқоңыр" кешеніне қатысты Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясының отырысы өтті. Оған ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Ресей Үкіметі төрағасының орынбасары Дмитрий Рогозин, Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев қатысты.

Комиссия отырысында тараптар Байқоңыр қаласы мен Ақай, Төретам елді мекендерін дамыту, ондағы әлеуметтік саланы жандандыру, «Байқоңыр» кешенін бірлесіп пайдалану бойынша «Жол картасының» орындалу барысын талқылады. Айта кетейік, осы жиында «Протон-М» зымыран тасымалдағышының ұшуын азайту мәселесі сөз етілді. Бастысы, Байқоңыр қаласында Қазақстанның экологиялық кодексі қолданылатын болды. Сондай-ақ, жұлдызды қалашықтағы 6 қазақстандық мектеп өзіміздің білім беру стандартына көшеді.

– Байқоңырда тұратын 70 мыңнан астам халықтың 65 пайызы - қазақстандық азаматтар. Білім беру, денсаулық сақтау салаларында мәселелер болды. Осы жиын барысында оң шешім табуға қол жеткіздік. Енді ортақ жоба әзірлеп, желтоқсан айында өтетін екі ел президенттерінің басқосуында тиісті шешім қабылданатын болды, - деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Б.Сағынтаев.

Басқосуда «Бәйтерек» ғарыш зымыран кешенінің бірлескен жобасы талқыланып, Байқоңыр кешені бойынша Қазақстан-Ресей үкіметаралық комиссиясы туралы ережеге қол қойылды. Тараптар «Байқоңыр» космодромынан зымырандарды ұшыру барысында апаттар орын алған жағдайда өзара әрекет ету мәселелеріне, жер телімдерін қолдану және Байқоңыр қаласының статусына қатысты халықаралық келісімдерге қол қою туралы мәмілеге келді. Кездесу нәтижесінде тараптар Қазақстан мен Ресей ғарыш саласында ынтымақтастықты әрі де тереңдете түсуге ынталы екенін атап өтті.

Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі