Елдік пен бірлік жолында | Print |
25.11.2014 09:27

«Жаңа саяси жүйеде мәслихаттар қызметінің табиғаты өзгереді. Олар атқарушы билікке қосалқы болмайды, азаматтық қоғам сұраныстарын алға жетелеуді қамтамасыз ететін биліктің дербес органы болады». Елбасымыздың осынау лебізі депутаттардың қоғамдағы алар орны, үлес салмағының маңызын паш етіп тұрғандай.

Қазалы аудандық мәслихаты мен оның органдарының жұмысы ел болашағына бағытталған шын мәніндегі демократиялық сипатты иеленді. Ондағы сессияларда, тұрақты комиссиялар отырыстарында келелі мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қаралады. Халық қалаулыларына жұртшылықтың құрметпен қарайтыны да сондықтан болар. Бұған жуырда өткен аудандық мәслихаттарының форумында тағы да көзіміз жетті.

Форум Мемлекеттік гимн орындалуымен басталды. Жаныңа өршіл сезім құятын әуен көкке шарықтағанда көпшілік қосыла толқыды. Тәуелсіздік аталатын қасиетті ұғымды қастер тұтуды, бабалар аманатына адалдықты мирастағандай өзгеше сезімге бөлендік. Аудандық мәслихат хатшысы Талайлы Бөріқұлақов өзінің баяндамасында аудандық мәслихаттың құрылуы, қалыптасу кезеңіне, осы аралықтағы 5 шақырылымда атқарылған істерге, халықтың сенімі, үмітін ақтаудағы ерен еңбегіне, тәуелсіздігіміздің даму даңғылы – «Нұрлы жолда» бекем бірлігімізбен кемел келешекке батыл қадам міндеті қойылғанын мұның өз елімізде жүргізіліп жатқан индустриалды-инновациялық даму, әлеуметтік реформалар, білім мен мәдениетті қолдауға бағытталғанына, халық пен билікті бір мақсат, бір мүддеге жұмылдыратынына, жарқын болашақ, жасампаз тірлікке жол ашатын басты құжат екендігіне кеңінен тоқталды.

Келесі сәтте форум қонақтары қызықты оқиғаға куәгер болды. Мәслихат тарихынан сыр шертетін «Елдік пен бірлік жолында» атты кітаптың тұсаукесер таныстырылымы жұртшылыққа жағымды әсер қалдырды.

Құттықтау сөзінде аудан әкімі Бақыт Жаханов депутаттардың елдің мүддесіне, ынтымақ-бірлігіне қомақты үлес қосып жүргендеріне ризашылық танытты. Бір топ халық қалаулыларына марапаттар тапсырды. Облыстық мәслихат депутаты, «Рза» АҚ-ның президенті Самұрат Имандосов, еңбек ардагері қатарынан төрт шақырылымға депутат атанған Кеңесбай Әлиасқаров ақ тілегін білдірді.

Шара соңында форумға қатысушылар облыстың барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарына арнап «Қазақстан – 2050» стратегиясы мен Елбасы Жолдауында алға қойған міндеттерді жүзеге асырып, қазақ елін «Мәңгілік елге» айналдыру үшін аянбай қызмет етуге шақырған Үндеу қабылдады.

Жұмабек Табынбаев,

Қазалы ауданы